Жаңалықтар

«Халық біреуінен құтыла алмай жүргенде...»: мәжілісмен үркерліктердің жанайқайын жеткізді

«Халық біреуінен құтыла алмай жүргенде...»: мәжілісмен үркерліктердің жанайқайын жеткізді
Фото: Dauletten/Instagram 18.10.2023 13:19 1365

Мәжіліс депутаты Астана маңындағы елді мекен тұрғындарының жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дәулет Мұқаевтың сөзіне қарағанда, Астананың елорда атанғанына 25 жыл толса да, қала маңындағы мәселелер шаш етектен. Әсіресе кәріз тазарту станциясының зардабымен күресіп келе жатқан Үркер тұрғындарының ашуы қара қазандай. Себебі біреуінен құтыла алмай жүрген халық 2016 жылы қабылданған шешім бойынша тағы екі кәріз тазарту станциясы салынатынын естіген.

Халық санының өсуіне байланысты жалғыз кәріз тазарту станциясының қауқары жетпейтіні түсінікті. Ел оның салынуына емес, тұрғын үй алқаптары маңына жақын салынуына қарсы. Құжаттамаға сүйенсек, нысан Қорғалжын трассасының бойында, «Карамель» ТҰК қарама-қарсы жерге салынады. Тұрғындардан небәрі ұзақтығы 2 791 метрді немесе 3 км қашықтықты ғана құрайды, - деген халықтың ренішін жеткізді депутат.

Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, КОС2 қала халқы демалатын жасыл желектен бес қадамдық жерде, халқымыздың тарихи-мәдени мұрасы болып саналатын Бозоқ қаласының аспан асты музейіне жақын орналаспақ. Ал бұл өз кезегінде елорда халқының мәдени-тынығуына да кедергісін келтіреді деп отыр. Сол үшін де ондай нысандар алшақтау жерге салынса деген ұсынысын жеткізді.

Мұндай маңызды нысандар қала маңынан тыс аумаққа, кемі 50 км алшақтыққа салынса дейді. Бұл нысандарды салуда жергілікті халықтың пікірі мен рұқсаттары негізге алынбаған, қоғамдық тыңдау ұйымдастырылмаған. Бүгінде петиция жариялап, басым көпшілігі өзінің қарсы екендігін де көрсетіп отыр. БАҚ құралдарына да ақпараттар жариялап, тұрғындар талап-тілектерін бірнеше рет жеткізген. Одан да еш нәтиже болмаған, - деді Мұқаев.

Осы орайда ол мәселені шешуге қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді:

  1. «Астана СУ Арнасы» жұмыс істейтін объектіге қоғамның қатысуымен апта ішінде тәуліктің әртүрлі уақытында (түнде де) ауа сынамасын алу үшін экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу қажет. Нәтижелерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және қажетті шараларды қабылдау керек;
  2. Кәріз тазалау станциясы аймағында тұратын астаналықтардың қауіпсіз және жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету; атмосфераға SAP ENS EC зиянды заттардың шығарындылары мен төгінділерінің электрондық дисплейі бар шығарындылар көзінде автоматтандырылған бақылау жүйелерін орнату; Алдағы уақытта барлық Кәріз тазалау станциясы сүзгілерін жаңа сүзгілерге ауыстыру;
  3. Астана қаласының Бас жоспарынан Астана қаласынан тыс Ақмола облысына дейін, қала шекарасынан 50 шақырымнан астам қашықтықтағы Кәріз тазалау станциясы құрылысы алынып тасталсын;
  4. 2023-2024 жылдары Үркер, Комсомольский, Жағалау шағын аудандарын, Тұран даңғылы бойында, Қорғалжын тас жолы, Айтматов көшесі, Қараөткел бойында орналасқан тұрғын үй кешендерін қалың көгалдандыру жұмыстарын қолға алу.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға