Жаңалықтар

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі
Фото: Коллаж El.kz 27.02.2024 17:35 29275

Білім саласындағы сапаны бағалау мақсатында жүргізілген зерттеу нәтижесі Қазақ ұлттық хореография академиясының түлектерін 100 пайыз жұмыспен қамтитынын көрсетті. Бұл әрине еліміз үшін өте қуанарлық жағдай. Осы ретте біз студенттеріне толыққанды мүмкіндік жасап отырған аталмыш оқу орнымен танысу үшін арнайы Қазақ ұлттық хореография академиясына барып қайттық. Қазіргі таңда оның ректоры қызметін атқарып отырған кәсіби музыкант, музыкалық-педагог әрі елімізге белгілі әнші, Қазақ КСР халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы Бибігүл Нүсіпжановамен EL.kz ақпарат агенттігінінің тілшісі сұхбаттасты.

Кәсіби музыкант өнер жолына қалай келді?

Бибігүл Нүсіпжанова өнерлі отбасынан шыққан соң да болар шығармашылыққа кішкентай кезінен жақын болған. Ол сол кезден-ақ қазақтың біртуар өнерлі азаматтарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Фото: Арман Мухатов

Бала кезімде біздің үйімізге аса көрнекті қазақ сазгері, домбырашы Нұрғиса Тілендиев, композитор, Қазақстанның халық әртісі Әсет Бейсеуов, композитор, сазгер Мыңжасар Маңғытаев, әнші Зейнеп Қойшыбаева, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мансұр Сағатов, әнші, Қазақстанның халық әртісі Бақыт Әшімова, қазақстандық опералық және концерттік-камералық әнші Венера Қармысова сынды танымал тұлғалар келіп тұратын. Оларға да жиі қонаққа баратынбыз. Өнерде жүрген әкемнің әріптестеріне қарап мен бой түзейтін едім. Содан да болар мені «өскенде кім боламын?» деген сұрақ мазалаған емес, себебі өзімнің қай ағынға қарай жүзетінімді іштей сезетінмін, – деп әңгімесін бастады Бибігүл Нұрғалиқызы.

Кәсіби музыкант 7 жасқа келген соң Алматы қаласындағы «Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатына» түскен.

Біздің отбасымыздың барлық мүшесі мектепте қазақ тілінде білім алды. Мен музыкалық мектепте «Фортепиано» сыныбында оқыдым. Онда сабақ берген барша ұстаздарыма ризамын, – деп атап өтті музыкалық-педагог.

Бибігүл Нүсіпжанова 11-сыныпты аяқтағаннан кейін  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «Фортепиано» мамандығы бойынша оқып шыққан.

Бибігүл Нүсіпжанованың еңбек жолы

Бибігүл Нұрғалиқызы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 4-курс оқып жүрген кезінен-ақ жұмысқа орналасқан. Әуел баста ол дипломды әзірге қолына алмағаннан кейін еңбек жолын Алматыдағы №1 Әміре Қашаубаев атындағы балалар музыкалық мектебінің концертмейстері ретінде бастаған.

Студент кезімді концертмейстер болып жарты ставкада жұмыс істедім. Мен үшін ол үлкен тәжірибе болды, – деді музыкалық-педагог.

Уақыт өте келе Бибігүл Нүсіпжанова аталған мектепте мұғалім, ұйымдастырушы ұстаз болып қызмет еткен. Сондай-ақ ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «музыкалық білім әдістемесі, музыкалық аспаптар, музыкалық білім және музыкалық теориясы әдістемесі» кафедрасының оқытушысы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «эстрадалық өнер бөлімі» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы және ректоры сияқты көптеген лауазымды қызметтерді атқарған.  

Бибігүл Нүсіпжанова 2018 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан Қазақ ұлттық хореография академиясына арнайы шақыртумен ауысып келген. Мұнда кәсіби музыкант бірінші проректор болып қызмет еткен. Сөйтіп, 2022 жылдан бастап Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры қызметіне тағайындалған.

Бибігүл Нұрғалиқызының сөзінше, кез келген адам барынша жан-жақты болып, жаңашылдықтан қорықпауы тиіс.

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Фото: Арман Мухатов

Адам өмір бойы білім алуы, еңбектенуі керек. Қазіргі заман ағымына ілесуі қажет. Әсіресе білім саласында жүрген ұстаздар қауымының шәкірттеріне берер білімі, өз айтар ойы болуы тиіс, – деп атап өтті ол.

Академияға түскісі келетін оқушылар үш кезеңнен өтеді

Қазақ ұлттық хореография академиясы 1-сынып оқушыларынан бастап бакалавриат, магистратура, PhD докторантура білім алушыларына дейін сабақ өткізеді. Бұл оқу орнында «Балет әртісі»,  «Би ансамблінің әртісі»,  «Режиссура», «Хореография», «Өнертану» және «Арт-менеджмент» мамандықтары бойынша кадрлар даярланады.

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Фото: Арман Мухатов

Кейіпкеріміз Бибігүл Нұрғалиқызы академияда оқығысы келетін балалар бірінші сыныптан бастап іріктелетінін айтты.

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Фото: Арман Мухатов

Бастысы оқуға түскісі келетін 1-4 сынып оқушылары Астана қаласынан болуы тиіс. Себебі кішкентай балалар өздері жалғыз интернатта жата алмайды ғой. Мәселен, академияға шамамен 300 бала келді десек, оның ішінен тек 30-ы ғана таңдалады. Себебі академияда оқығысы келетін оқушылар үш кезеңнен өтуі қажет.  Бірінші кезеңде іріктеуден өтеді, одан кейін барып қана екінші кезең емтиханға жіберіледі. Ал емтиханды сәтті тапсырғандары үшінші кезең конкурсқа қатыса алады, –  дейді ректор.

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Фото: Арман Мухатов

Кәсіби музыканттың айтуынша, академияның оқушылары аптасына 6 күн бойы түске дейін мектептегідей міндетті пәндерді оқыса, түстен кейін арнайы пәндерді оқиды.

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Фото: Арман Мухатов

5-сыныпқа келген оқушылар 7 жыл 10 ай оқып, колледждің дипломын ала алады. Сондықтан олар 5-сыныптан бастап үлкен спектакльдерде кәсіби әртістермен өнер көрсетеді, – деді Бибігүл Нүсіпжанова.

Академиядағы оқудың құны қанша теңгені құрайды?

Жоғарыда атап өткен үш кезеңнен өткен балалар Қазақ ұлттық хореография академиясында тегін оқи алады.

Академияда конкурстан өткен балалардың барлығы тегін білім алады. Бірінші кезең іріктеуден өтпеген балалар емтиханға жіберілмейтіндіктен, олар ақылы түрде де білім ала алмайды. Ал екінші кезең емтихан кезінде жақсы білім дағдыларын көрсеткен, бірақ жинаған балы кішкене төмен балалар болса, оларды ақылы оқуға алуға болады. Өмір болғаннан кейін неше түрлі жағдай болады ғой. Грантқа түскен оқушылар денсаулығына немесе отбасылық жағдайына байланысты оқудан шығып кетуі мүмкін. Мұндай жағдай орын алған кезде біз ақылы бөлімнен баланы босаған грантқа ауыстырамыз, – деді Бибігүл Нұрғалиқызы.

Оқу орнында балаларға тиісті жағдай жасалған ба?

Бибігүл Нұрғалиқызы академияда білім алғысы келетін оқушыларға да, студенттерге де толыққанды жағдай жасалғанын айтады.

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Фото: Арман Мухатов

Басқа қаладан келетін балаларға арналған «Алтын ұя» деген интернатымыз бар. Аты затына сай деп ойлаймын, себебі тәрбиешілеріміз, арнайы медицина орталығы күні-түні жұмыс істейді. Біздің оқу орнымыз көбіне балетке бағытталғандықтан, балалар көп қозғалғаннан бір жерін жарақаттап немесе зақымдап алуы мүмкін. Мұның барлығын өзіміздің дәрігерлеріміз қарап, қадағалап отырады, – дейді музыкалық-педагог.

Қазақ ұлттық хореография академиясы ректорының сөзінше, балалар арнайы диетолог маман бір аптаға тағайындаған мәзір бойынша тамақтанады.

Оқушылар күніне 5 уақыт тамақ ішеді. Бір күндік астың өзіндік калориясы есептелінген. Біз оларға барынша құнарлы, дәрумендерге бай тамақты беруге тырысамыз. Әрине бала болғаннан кейін кейде зиянды нәрселерді жегісі келеді. Бірақ оның да бір шегі болуы керек. Ең бастысы сол жеген тағамын еңбекпен, термен шығаруы қажет, – деді Бибігүл Нұрғалиқызы.

Бибігүл Нүсіпжанова балаларға қойылатын ең басты талаптардың бірі тәртіп екенін атап өтті.

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Фото: Арман Мухатов

Балалар тәртіпті, жинақы болуы керек. Онсыз болмайды ғой. Сондықтан олар күнделікті жаттығып, өзіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлуі тиіс, – деді ол.

Балалар шетелге барып білім ала алады

Қазақ ұлттық хореография академиясы бүгінде бірнеше шетелдік оқу орнымен өзара серіктестік орнатқан.

Біздің академиямызда Эстония, Әзірбайжан, Жапония, Индонезия, Мексика, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей елінің азаматтары білім алуда. Шәкірттеріміз де шетелге шығып тұрады. Былтыр балаларымыз АҚШ еліне жазғы мектепке шақырылған еді. Барлығы тегін болды, тіпті шәкірттерге шәкіртақы төленді. Енді биыл да сол жақтан бізге ұсыныс түсіп жатыр. Оған тағы балаларымызды жіберетін боламыз, – деді Бибігүл Нұрғалиқызы.

Бибігүл Нүсіпжанова жақында үлкен гастрольдік сапармен Пекинге барып келгендерін айтады. Енді балет әртістері мамыр айында Бішкекке баруды жоспарлап отыр.

Елімізде хореографияға деген сұраныс жоғары

Кәсіби музыкант бүгінде елімізде хореография саласына деген сұраныстың, қызығушылықтың артып келе жатқандығын айтады.

Бүгінде балет әртісіне арналған жұмыс орны көп. Қазір Астананың өзінде түрлі мектеп, би үйірмелері ашылып жатыр. Ол жерге нағыз дипломы бар мамандар қажет болады. Өйткені хореография – жауапкершігі мол әрі жарақат алу қаупі бар сала, – дейді Бибігүл Нұрғалиқызы.

Қазіргі таңда Қазақ ұлттық хореография академиясы түлектерін 100 пайыз жұмыспен қамтып отыр. Бибігүл Нүсіпжанова мұның себебі де, құпиясы да аталған оқу орнындағы ұстаздардың білімі мен біліктілігінде дейді.

Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың қызы басқаратын академияның ерекше жетістігі

Фото: Арман Мухатов

Академияның ең басты байлығы – біздің ұстаздарымыз. Ең-ең деген мықты оқытушыларымыз бүкіл Қазақстаннан жиналған. Олардың басым көпшілігі Москва, Петербург, Алматы қаласының беделгі оқу орындарын тәмамдаған. Мұндай тәжірибелі мамандар бар біліктілігін балаларға береді. Сөйтіп, шәкірттеріміз неше түрлі конкурстардың лауреаты атанады. Сондықтанда біздің деңгейіміз өте жоғары деп санауға хақымыз бар деп ойлаймын, – деді кәсіби музыкант.

«Балет әртістерінің зейнет жасын төмендету керек»

Бибігүл Нүсіпжанова балет әртістерінің зейнет жасын төмендету қажет деп есептейді.

Кеңес одағы кезінде балет әртістері 25 жыл жұмыс істеп, кейін зейнетақысын алатын. Сөйтіп, балетмейстерге, ұстаздыққа ауысып кететін. Ал қазір зейнет жасы әйелдерге – 61, ерлерге – 63 болып бекітілді. Балет әртістеріне мұндай жаста зейнетке шығу ұят деп ойлаймын. Өйткені бұл сахна болғандықтан, эстетика болуы керек, – дейді кәсіби музыкант.

Сондай-ақ Бибігүл Нұрғалиқызы зейнет жасынының тым жоғары болуына байланысты жасы үлкен балет әртістері жастарға орын босата алмай жатады деп отыр. Бұған себеп болатын тағы да олардың зейнет жасына жетпегендігі.

Зейнет жасына қатысты мәселе тек балетте емес, циркте де бар. Бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деп ойлаймын. Қазіргі таңда балет өнері ұлтымыздың мақтанышына айналып келеді. Шетелдегі қазақстандық балет әртістеріне деген сұраныс та артып келеді. Олар бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде, – деп сөзін қорытындылады музыкалық-педагог.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға