Жаңалықтар

Халқымыздың мақтанышы

Генерал-лейтенант Ертаев Бақытжан Ертайұлы
Халқымыздың мақтанышы
04.05.2017 16:13 5402

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері 25 жылдығын атап өтеді. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері 25 жылда талай белестерді бағындырды. El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады. Қарулы Күштеріміз бен айбынды әскерлеріміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюна үлес қосқан генералдар туралы естелік мақалалар ұсынамыз. Мақалалардың авторы белгілі әскери журналист Сәндібай Күмісбеков.

Генерал-лейтенант Ертаев Бақытжан Ертайұлы

1952-ші жылы 25-ші шілдеде Жамбыл облысында дүниеге келген. Халық Қаһарманы. 1973-ші жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1985-ші жылы Фрунзе атындағы әскери академияны, 1996-шы жылы РФ ҚК Бас штабы әскери академиясын бітірген. Орта Азия, Түркістан әскери округтерінде, Германиядағы Кеңес әскерлері тобында түрлі командалық қызметтерді абыроймен атқарған. Ауғаныстан жерінде интернационалдық борышын өтеген. Тәуелсіздік алған жылдары Мемлекеттік Қорғаныс комитетінде қызмет етті. Кейіннен құрама, армиялық корпус тізгінін ұстады. Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, Шығыс әскери округі әскерлерінің қолбасшысы, ҚР ҚК Әскери академия бастығы міндеттерін атқарды. «Даңқ», «Красная звезда» ордендері, бірқатар медальдармен марапатталған. Үш баланың әкесі.

Генерал-лейтинант Бақытжан Ертаевты шын мәнінде халқымыздың мақтанышы деуге болады. Ол кісінің жүріп өткен өмір жолы кімге де болса үлгі боларлық. Ауған жерінде интернационалдық борышын адал атқарған офицер, төл әскеріміздің іргетасын қаласқан тарихи тұлға. Халық Қаһарманы атанған батыр генерал жайында жазылған мақала-очерктер, түсірілген деректі фильмдер осы сөзіміздің айғағы.

Досым, әрі әріптесім майор Марат Жүнісбек тіпті тартымды кітап та жазды. Десе де, көпшілік біле бермейтін бір жайтпен бөліскім келеді.

Тоқсаныншы жылдардың ортасы. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың жұртшылыққа таныла бастаған бірер ғана қазақ генералдарының арасында дивизия командирі генерал Ертаев та болған. Танысым Шығыс Қазақстан облысы, Жаңғызтөбе станциясының тумасы, Асқар Бейсембаев теледидардан генералды көріп қалып, мынадай әңгіме айтып берді.

«Совет Армиясы сапындағы мерзімді қызметімді Германияда өткердім. Одақтың шаңырағы шайқалып тұрған тұсы, тәртіп мәселесі сын көтермейді. Жас сарбаздар үшін жарғы талаптарына қайшы әрекет жасап, жас өмірін қор етіп алу қауіпі жоғары болды. Солардың қатарында мен де болдым. Сол тұста біздің бақытымызға қарай, көрші полктің командирі осы кісі болды. Тәртіп бұзып, «қара тізімге» іліккен барлық қазақ баласын панасына алған осы офицер еді. Әрине, біздің намысты қолдан бермейтін, ержүрек елдің ұрпағы екеніміз, адал қызмет етіп, абырой шыңына шыға алатын қасиетіміздің бар екенін қайталаудан жалықпайтын. Қазақ емес, барша Орта Азия республикаларынан шақырылған қаракөздерге қамқор бола білді. Ертаевтың офицерлер арасындағы абыройы өте жоғары болды. Ол кісінің беделінің жоғары болғаны соншалық, тіпті, саптың артқы жағында тұрып, темекі де тарта беретін» - деген еді.

Бір сәтін салғанда Бақытжан Ертайұлы осы әңгімені айтып беріп, мәселенің анық-қанығын өз ауызынан естігім келеді. Генерал сол бір жылдарды сағынышпен еске алғандай үнсіздіктен кейін «сен не, мені сапта тұрып темекі тартып, тәртіп бұзды дегің келе ме, ондай болған емес» деді. Шамалы уақыттан кейін «кім білсін, небір жағдайлар болды ғой, бәрі бірдей есте қалсын ба?» деп жымыйды. Генералдың тікмінезділігін жақсы білемін. Сондықтан, Жаңғызтөбелік азаматтың Совет Армиясына қатысты  айтқан әңгімесіне толығымен сенемін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға