Жаңалықтар

Халифаттың күйреуі

1258 жылы Хулагу хан бастаған көшпелілердің әскері Бағдаттың іргесіне келеді
Халифаттың күйреуі
Фото: history-forum.ru 12.11.2022 02:10 3053

Түркі тайпаларының ежелгі Месопотамияның Тигр және Евфрат өзендерінен ат суаруы, яғни Ирак жерінде пайда болуы Шыңғыс ханның ұлы Мөңке ханның, осы заманның тілімен айтсақ, мұсылман елдерін жаулап алуға бағытталған әскери кампаниясына тікелей байланысты еді. Шыңғыс ханның кезінде Хорезм мемлекеті талқандалған соң, көшпелілердің шапқыншылығы біршама кезеңге тоқтап қалғандығы тарихтан белгілі. Кейін Бату хан заманында ол қайтадан жаңа күшпен жалғастырылып, көшпелілердің әскерлері батыс бағытында Адриатика теңізіне дейін, ал оңтүстік бағытта Парсы шығанағы мен Жерорта теңізіне дейін жеткендігі белгілі. Осы жорықтардың бір бағытын 1252 жылы ұлы хан болып сайланған Мөңке інісі Хулагуге тапсырады. Шыңғыс ханның ұлы Төленің ұлдары Мөңке, Құбылай және Хулагу біртуған ағайындар. Осы әскери тапсырмаға сәйкес Хулагудың алдына нақты тапсырмалар қойылады.

Хулагу хан Төле ханның бел баласы дедік. Шыңғыс хан өзінің ұлдарын сынап отырып айтқан сөздерінде олар туралы: «Кім бүлік іздесе Жошыға барсын, заңдар мен әдепті, билікті білгісі келсе Шағатайға барсын, ерлік пен мырзалық, байлыққа жақын болса Үгедейге барсын, батырлық, атақ, жауды жеңуді, жаңа жерлерді жаулап алғысы келсе Төлеге барсын» деген.

Мұсылман тарихшыларының жазбалары арқылы біздің заманымызға жеткен материалдарда, жаулап алушы Төленің ұлы Мөңке хан Хулагуге төмендегідей тапсырма береді: «Сен енді үлкен әскердің, саны жоқ күштің басындасың. Тұраннан Иранға жеңімпаз болып шық. Атыңды жарқыраған күндей шығар. Шыңғыс ханның дәстүрлері мен заңдарын ірі мәселелерде, майда істерде де сақта. Жейхуннан Мысыр елдеріне дейін созылған кеңістікте бұйрығыңа бағынғандарға, тыйымдарыңнан аулақ тұрғандарға ілтипатыңмен, оң қабағыңмен қарап, оларға мұқият түрде ерекше қамқорлық жаса. Ал, бағынбағандарды әйелдерімен, ұлдарымен, туыстарымен және оған қатысы барлармен қоса қорлыққа батыр. Хорасандағы Кухестаннан баста. Қамалдар мен бекіністерді қират: Курдкуһ және Ламбесар бекіністерінің аяқтарын аспаннан келтір. Дүниеде олардан бір де қамал, одан бір кесек топырақ та қалдырма.

Осы тапсырманы аяқтаған соң, Иракқа бет ал. Жолыңда лурлар мен жол тонаушы күрдтердің көзін жой. Егер Бағдат халифасы мойынсұнғысы келгенін білдірсе оған мүлде тиіспе. Егер көкірек көтеріп, бағынбауға бет алса, басқа өлімге қиылғандарға қосып жібер. Барлық істерде кең ақыл, терең сананы басшылыққа ал. Барлық жағдайларда сергек, ақылды бол. Бодан халықтарға салынған алым-салықтарды жеңілдет, көңілдерін аула.

Ал қиратылған уәлаяттарды бірден қайта қалпына келтіруің керек. Шынында, сен Ұлы Тәңірінің күшімен сансыз мал жайлайтын жайлауыңа айналатын жаулардың жерін басып алатындығыңа сен. Барлық істер мен мәселелерде Тоқыз қатынмен кеңесіп отыр».

Тапсырмада көрсетілген міндеттердің басым бөлігі орындалған соң, 1258 жылы Хулагу хан бастаған көшпелілердің әскері Бағдаттың іргесіне келеді. Бағдат шаһары – «Мың бір түн» қиссаларының небір шытырман оқиғалары өтетін аңызға айналған қала. Ирак тарихы қатпар-қатпар көне де сан-қилы ғұмыры бар ел. Адамзат мәдениеті бастау алатын соноу Шумер, Вавилон, Аккад өркениеттерінен бергі заман ішінде көне Месопотамия жерінде талай мемлекеттер дүниеге келіп, гүлденіп, тарихта өзіндік ізін қалдырып, бірін бірі ауыстырған. Ирак деген сөз араб тілінде жағалау деген мағынаны білдіреді. Яғни, Бағдат шаһарын екіге бөліп жарып өтетін осы суы мол Тигр өзені мен Евфрат өзенінің жағалауларын меңзеп тұр. Ортағасырлық мұсылман тарихнамасында Араб Ирағы, Парсы Ирағы деген атаулар қолданылған. Евфрат өзені екі этникалық топтың арасындағы табиғи шекара болған. Ал одан ертеректе қазіргі Ирак жерін, Евфрат және Тигр өзендерінің аңғарын Месопотамия деп атаған.

Бұл кез уақытында дүрілдеп тұрған Халифаттың соңғы күндері болатын. Ақырғы мұсылман халифасы әл-Мустасим Билля не шешуші шайқасқа бармай, не күшті қарсылас алдында тізе бүкпей дел-сал  күй кешеді. Жауға қарсы қасқайып қарсы шығуға батылы жетпесе, жау алдына бас сауға сұрап баруға намысы жібермейді. Халифаның намысы билігі жүздеген жылдарға созылған Халифаттың намысы еді.

Хулагумен Бағдат халифасының арасында келесі хат алмасу орын алады. Хулагу хан араб тіліне жетік ғұламалардың қаламымен келесі мазмұндағы хаттарды жазады:

«Сенің үй-ішің қанша ақсүйек, даңқты саналғанымен айдың нұры жарқыраған күннің нұрын көмескі ететіндей дәрежеге жете алады. Шыңғыс хан заманынан оның әскері әлемде не істегені туралы хабар сенің құлағыңа, жеке адамдар мен халық арасындағы  әңгіме арқылы жеткен шығар. Хорезмшах, селжұқтар, Дилим патшалары және Атабек пен басқа да ұлылық пен құдірет иелерінің отбасылары қандай қасіретке ұшырағанын білесің. Соған қарамастан осы жерде еркіндікке қол жеткізген сол тайпалардың ешқайсысына Бағдат қақпасын жапқан жоқсың. Қалайша, біздің құдірет пен билікке қарамастан, біздің алдымызда есікті жабасың? Бұдан бұрын насихат бергенбіз. Қазір де саған айтамыз: Бәле, кәр, керіс, қаһардан қаш. Біздің жолымызда тұрма, өзіңді бекер шаршатасың. Бірақ, соған қарамастан, өткен зат өтті, сондықтан сен қамалдарыңды қират, орларды көм, мемлекетті ұлыңа тапсыр да, біздің алдымыздан шық. Ал егер олай істегің келмесе, біздің хатымызды саған жеткізу үшін уәзіріңді, Сүлейменшахты және Дауадарды бізге жолда. Бұдан кем де, артық та болмасын. Егер айтқанға көнсең – саған қауіп жоқ, уәлаятың, әскерің, халқың өзіңе қалады. Егер айтқанға көнбесең, қасарысу, талас жолын таңдасаң, әскеріңді дайындап, тұрысатын жеріңді айт. Біз сенімен соғысуға дайынбыз. Біл, егер мен саған қаһарымды төксем, әскерімді Бағдатқа бастап барсам, сен аспанға ұшсаң да, жердің ішіне кірсең де менен құтылмайсың! Егер өзіңнің ақсүйек жанұяңның басшысы ретінде қалғың келсе, сен менің насихатымды тыңда, теріс жағдайда Тәңірінің тілегі қалай екенін көреміз».

Алайда жабайы тайпалардың қаһарынан қорқатын Бағдат халифасы емес, халифа әл-Мустасим Билля Хулагуге төмендегідей жауап береді:

«Әлі тәжірибесі жоқ, аз өмір сүргісі келетін, күндердің ықпалы мен жағдайлардың септігі көзін тұмандатып, өзін бүкіл әлем иесі деп адасқан жас адамға. Машриқтен Мағрибке дейінгі жерлердегі Алланың барлық құлдары – байлары мен кедейлері, қариялары мен жастары маған бағынатынын естен шығардың ба? Мен оларға жиналуға бұйрық беріп, Иранды басып алып, Тұранға бет алып, әр адамды өз орнына қоя аламын. Әлемнің барлық халықтары сендерге қарсы тұрады. Бірақ, мен бәле қуғым, адамдарға азап сатып алғым келмейді. Мақтаныш не мұқату үшін әскер жиюға ұмтылмаймын. Мен секілді сүйіспеншілік тұқымын сепкің келсе, менің халқымның орларына не қамалдарына кірмеуің керек еді. Достық жолын сал, Қорасанға қайт. Олай істемесең шайқас сені жояды».

Бағдат халифасы Хулагу ханның ашуға толы жауап хатынан соң көшпелілердің тегеурініне шыдай алмайды. Хулагудың төмендегі хатынан соң шайқас басталып кетеді:

«Мәңгі Тәңірі Шыңғысханды көтеріп, бізге Шығыстан батысқа дейін дүние жүзін берді. Бізге мойынсұнғандардың жүректері мен тілдері орнында. Байлығы, балалары жандарында. Бізге қарсы келгендер мен бөле тартқандар ондай заттан ада, жұрдай.

Сені билік құмарлық, дүние, пәни мемлекетке деген құмарлық пен қызғаныш билеп алған, сондықтан саған жақсылық тілейтіндердің дұрыс насихаты әсер етпейді. Сенің құлақтарыңда тығын бар, тілеуі дұрыстарды естімейсің. Әкелерің мен бабаларыңның жолынан адастың, сондықтан сен соғысқа, шайқасқа дайын болуың керек. Мен Бағдатқа құмырсқа, шегіртке секілді қаптаған әскермен келе жатырмын. Аспандағы жұлдыздар басқаша қозғалса, онда ол Ұлы Тәңірінің қалауы».

Шығыстан келген көшпелілер мен зауалы тақаған Халифаттың әскері және әскербасылары негізі түркілерден тұратын еді. Түркілердің ықпалындағы халифаның әскері де, көшпелілер әскері де Бағдат шайқасының алдында түркілерден құралған еді. Хулагу ханның және Халифаттың әскерлері негізінен  солардан тұрғанын көреміз. Мысалы, Бағдат халифасының әскерінің бас қолбасшысы Айбек Дауадар болса, оған қарсы келген күштерді басқарған жалайыр Елеке ноян және найман Кетбұқа ноян болатын. Ал алғаш қылыш түйістіруге қарсы келе жатқан екі топты Халифат жағын Қарасұңқар деген қыпшақ, ал Хулагу ханның әскерінІҢ авангардын Сұлтан Шоқ деген түркі бастап келеді. Сұлтан Шоқ қарсыласының кім екендігін білгендіктен, оған келесі мазмұндағы хатты жолдайды: «Екеуміздің нәсіліміз бір. Мен көп ойланып барып, Хулагу хан қол астына кірдім, оған мойынсұндым. Ол қазір маған жақсы қарайды. Сен де өзіңді құтқарып, оған қосыл. Бала-шағаңа рақымшылық жасап, оған бағын. Осы ұлттан үйіңді, балаларың мен мүлкіңді және жаныңды сақтап қалу үшін» - дейді онда. Оған көне қоятын Қарасұңқар ма? Ол: «Кім олар? Одан да мықтыларды көргенбіз», - деп жауап береді.

Бірақ Хулагу әскері іргесі сөгіле бастаған Халифаттың құрақ жасақтарының тоз-тозын шығарады. 1258 жылдың 29 қаңтарында көшпелілердің әскері Бағдат шаһарын құрсауға алып, 10 ақпанда дуалын құлатып басып кіреді.

Бағдат апаты араб тарихында ерекше із қалдырған шайқас саналады. Осы заманға дейін кез-келген орта мектепті бітірген араб жабайы тайпалар гүлденген мәдениетті жойды, мешіт, кітапханаларды өртеді, Тигр өзені төгілген адам қанынан қызарып ақты, қымбат қолжазбалардың сиясынан қарайып ақты деп те айтады.

Тіпті Бағдат шайқасында 1 млн адамға дейін опат болды деп көрсетеді. Салыстыру үшін, 1945 жылы Берлинді алу операциясы кезінде екі миллион тұрғыны бар қаланың 125 мың бейбіт тұрғыны қаза тапқан.

Сол заманның көптеген тарихшылары Бағдат шаһарында түрлі аудандар болған, оларда кәсіптеріне қарай түрлі әлеуметтік топтар, ұлттар тұрған және қаланы күшпен басып алған кезде әскерге дінбасылар мен ғалымдар тұратын ауданды тонауға рұқсат берілмегендігін айтады.Соған қарағанда басы-көзсіз жаппай қырып-жою - геноцид болмаған.   

Осы жойқын жорықтың нәтижесінде кейін қазақ халқының құрамына кірген түркі тайпалары ежелгі Месопотамияның Тигр және Евфрат өзендерінен атттарын суарып, Ирак жерінде пайда болды. Араб және парсы тілдеріндегі тарихи құжаттарда қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат және қоралас тайпалары туралы мәліметтер молынан кездеседі. Қыпшақ пен жалайыр бектері дербес мемлекеттер құра алса, Кетбұқа бастаған найман тайпасы оларға беймәлім жерде қаза табады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға