Жаңалықтар

Халал-индустрия: Тоқаев пен Малайзия премьер-министрі қандай мәселелерді талқылады

Халал-индустрия: Тоқаев пен Малайзия премьер-министрі қандай мәселелерді талқылады
Фото: Ақорда 16.05.2024 19:50 1109

Президент Малайзия премьер-министрі Ануар Ибрагиммен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Малайзия делегациясымен кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайтуға баса мән беріліп, екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселе қарастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев меймандарға ілтипат білдіре отырып, премьер-министр Ануар Ибрагимнің ресми сапарының шын мәнінде тарихи мәні бар екенін, өйткені бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

Өз тарапымыздан Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде аса маңызды рөл атқаратын Малайзиямен анағұрлым тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық жасауға дайын екенімізді жеткізгім келеді. Жаңа ғана біз көптеген мәселе бойынша ашық әрі достық рәуіште пікір алмастық. Ынтымақтастығымыздың келешегі зор екеніне сенімдімін. Сіздің бизнес-форумға қатысу ниетіңізді құптаймын. Іскерлік топтар арасындағы байланыстар – өзара қарым-қатынасты дамытудың маңызды факторы. Біз малайзиялық компаниялардың қатысы бар жаңа табысты жобалардың жүзеге асырылуын қолдаймыз. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі қажетті көмек көрсетуге дайын. Бұдан бөлек, екі елдің азаматтары мен бизнесмендері 30 күндік визасыз режимнің және қолайлы тікелей әуе қатынасының игілігін көріп отыр. Сонымен қатар 500-ден аса қазақстандық студент Малайзия университеттерінде білім алады. Олар екі ел арасындағы «алтын көпір» қызметін атқаратыны сөзсіз, – деді президент.

Өз кезегінде Ануар Ибрагим Малайзияның Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.

Біз дамып келе жатқан экономикалық қатынастардан барынша пайда таба аламыз. Нақты ұсыныстарымыз бар. Министрлеріңізбен импорт және экспорт мәселелері жөнінде екіжақты кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Малайзияның тауарлар нарығы орасан зор. Қазіргі кезде біздің еліміз компьютер чиптерін өндіретін өңірлік хабқа айналды. Оған АҚШ, Еуропа елдері, оның ішінде Германия, сондай-ақ Қытай ауқымды инвестиция құйып отыр. Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, сіздің елде табысты жүзеге асырылған өзгерістерден үлгі алғымыз келеді. Әлбетте, халал-индустрия секілді салалар да назардан тыс қалмауы керек. Сонымен қатар біз ислам-банкингінің перспективасын қарастырамыз, – деді Малайзия премьер-министрі.

Кездесу барысында көлік-транзит, энергетика, қаржы және мәдени-гуманитарлық салалардағы жан-жақты серіктестіктің мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар тараптар БҰҰ, ИЫҰ және АӨСШК секілді халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға