Жаңалықтар

Хадис оқи алмағаны үшін соққыға жығылды: Шымкентте мешіт ұстазы балаларды ұрып-соққан

Хадис оқи алмағаны үшін соққыға жығылды: Шымкентте мешіт ұстазы балаларды ұрып-соққан
16.06.2023 10:42 727

Түркістан облысында мектеп жасындағы балалардың соққыға жығылғаны жайлы видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Видеода жеті және тоғыз жасар екі ұлдың денесі соққылардан көгеріп кеткенін, тіпті қанталап қалғанын көруге болады. Осыдан соң шу көтерілді.

Құрметті азаматтар, жауапты басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, соққының астында қалған балалардың ата-аналары бізге құқықтық көмек сұрап келді. Хадис оқи алмағаны және үйрене алмағаны үшін ұлдарын осылай ұрып тастаған, - деді бейнежазба авторы.

Полиция осы іске байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Бұл факт Шымкент қаласының Тұран аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК 140-бабымен, яғни «кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» ісі бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда, - деді Шымкент Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі Ағабек Қонарбайұлы да осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, дін қызметкері этикасын қатаң бұзған мешіт ұстазы жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.

Басқарма өкілінің сөзіне қарағанда, балаларға тәлім үйретуі тиіс мешіт ұстазы ашуға ерік беріп, екі оқушыны соққыға жыққан. Ал хадис жаттамағаны үшін ұрды деген ақпарат жалған екен. Ал оқиға медреседе емес, үйде болған.

Оқиға Шымкент қаласында болған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары – ағалы-інілі Сейітқожа, Есенқожа Ешмұратовтар өз ұлдары Батырхан мен Әлиханға сыныптасы – «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаровқа үй жағдайында діни сабақ беруді өтінеді. Өкінішке қарай, «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров өзге тұрмыстық мәселелер бойынша ашуланып, өз эмоциясын тізгіндей алмай, кәмелетке толмаған балаларға қол жұмсаған. «Құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін балаларды ұрды» деген пікір шындыққа жанаспайды. Осы ретте оқырмандардан мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып алдын-ала болжам айтуға асықпауды сұраймыз, - деді Ағабек Қонарбайұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дін қызметкерлеріне шара қолданып, Рүстем Асқаров Бас мүфти бұйрығымен «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы қызметінен босатылды.

Қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға