Жаңалықтар

«Хабар» телеарнасы «Перекресток-Тоғысқан тағдырлар» драмеди-сериалын қайта ұсынады

«Хабар» телеарнасы «Перекресток-Тоғысқан тағдырлар» драмеди-сериалын қайта ұсынады
Фото: Хабар 10.02.2025 10:09 217

«Хабар» телеарнасы «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына орай 10 ақпаннан бастап көрермен назарына «Перекресток-Тоғысқан тағдырлар» драмеди-сериалын цифрлық форматта қайта ұсынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңартылған нұсқада әрбір кадр айқындалып, дыбыс сапасы күшейтілді. Бұл көрерменге сериалды қайта көріп, кейбір жаңарған эпизодтар арқылы өткенді еске түсіруге мүмкіндік береді.

«Перекресток-Тоғысқан тағдырлар» - алғашқы отандық сериал, тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде қолға алынған еді. 1996-2000 жылдар аралығында әр сериясы 25 минуттан 465 бөлім шыққан. Бұл жоба қазақстандық сериал индустриясының алғашқы қарлығашы деуге болады. Сериал Мәскеуде өткен ТМД елдерінің алғашқы телевизиялық форумында үздік телесериал деп танылған. Ресми деректерге сүйенсек, сериалды Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қытайдадан жалпы 60 миллион адам көрген.

Бұл сериал «Хабардың» тарихы ғана емес, Қазақстанның мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналды. «Перекрестоктың-Тоғысқан тағдырлардың» экрандарға қайта оралуы — телевизияның дамуына үлкен үлес қосты. Өзінің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, кейінгі буын үшін де өзектілігін арттыруда, — деп атап өтті «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Жалпы, 30 жылдық мерейтойға орай телеарна көрермендерін «Хабар ретро» марафоны күтуде. «Алтын қордан» үздік бағдарламалар іріктеліп көрсетіледі. Бұл ерекше архив көрермендерге сүйікті сериалдарын, эксклюзивті авторлық бағдарламаларды, концерттерді, сондай-ақ белгілі саясаткерлермен, жүргізушілермен, әртістермен және бүгінгі күннің қаһармандарымен кездесулерді көруге мүмкіндік береді.

1995 жылы құрылған «Хабар» Агенттігі көптеген әлеуметтік және мәдени жобалардың бастамашысы әрі қатысушысы болып, елдің дамуына елеулі үлес қосты. Агенттіктің ойын-сауық бағдарламалары және білім беру бағдарламалары алғашқы күндерден бастап үлкен танымалдылыққа ие болды. Мысалы, мыңдаған оқушы «XXI ғасыр көшбасшысы» жобасына қатысты. Жоба елдің ең үздік жоғары оқу орындарына және әлемдік деңгейдегі оқу орындарына есік ашты. Аталған жобаға қатысқан бірқатар азамат қазір елдің дамуына үлес қосып жатыр деуге болады. Ал «Азамат» және «Болашақ қаласы» алғашқы телевизиялық клубтары жүздеген өзіне сенімді студенттердің жолын ашты. Бұл жобалар эфирде алғаш рет көрсетілген сәттен бастап әлемдегі үздік 10 білім беру бағдарламасының қатарына енді. 1997 жылы «Хабар» Агенттігі ғарышпен байланыс ұйымдастырып, қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев «Хабар» арнасының студиясымен тікелей байланысқа шықты. Танымал әнші Нұрлан Өнербаевпен бірге қазақ тілінде екі ән орындады. Бірінші рет ғарыш кеңістігінде «Көзімнің қарасы» әні шырқалды. Телесеанс тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге таралып планетамыздың тұрғындары «қазақ рухын» сезінді.

«Хабардың» тарихы туралы айтқанда, «алғаш рет» деген сөзді жиі естуге болады. Қазақстан телевизиясының тарихында алғаш рет «Хабар» арнасында Парламент депутаттығына кандидаттар арасындағы саяси дебаттар тікелей эфирде көрсетілді. Алғаш рет тек «Хабарда» қоғам үшін маңызды заң жобалары талқыланды және қазақ сахнасының үздік орындаушыларының орындауында опера немесе балет спектакльдерінің толық нұсқасын көруге болады. 30 жыл ішінде әрбір көрерменнің талғамына сай көптеген дүниелер жасалды, — дейді «Хабар» телеарнасының директоры Жайнагүл Төлеміс.

Бүгінге дейін «Хабар» объективтілік пен кәсіби шеберліктің ұстаханасына айналды. Еліміздегі және әлемдегі маңызды саяси һәм қоғамдық оқиғаларды тұрақты түрде хабарлап келеді. 30 жыл ішінде «Хабар» Агенттігі жалпы саны 3438 серия болатын 150-ден астам сериал түсірді. Тарихи даталар мен ел дамуында өшпестей із қалдырған тұлғаларға арнап мыңнан астам деректі фильм жасады. Осы уақыт аралығында 200 мыңнан астам жаңалықтар шығарылымы эфирге шығып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жүздеген азаматтың күрделі мәселелерінің шешілуіне мұрындық болдық. Арнада қызмет атқарған әр журналисттің материалы қазіргі Қазақстан тарихының бір-бір парағы десек те болғандай.

«Хабар» Агенттігі 30 жылдық мерейтойға орай кеңейтілген бағдарлама әзірледі. Жыл бойы бірқатар іс-шаралар жоспарланған, оның ішінде: отандық жоғары оуқы орындарындағы журналистика факультеттерінде тәжірибелі мамандардың дәрістері, жаппай корпоративті «Khabar Marathon» марафоны, бильярд, волейбол және футболдан спорттық турнирлер, сондай-ақ «30 жылдық Хабар» ұранымен қайырымдылық акциясы өткізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға