Жаңалықтар

H тобы. Оңтүстік Корея

Оңтүстік Корея үшін Бразилиядағы әлем біріншілігі – осымен тоғызыншы мундиаль.
10.06.2014 03:42 4563

Оңтүстік Корея үшін Бразилиядағы әлем біріншілігі – осымен тоғызыншы мундиаль. «Тэджу» деген лақап атаумен танымал болған құрама төртжылдықтың додасына алғаш рет 1954 жылы қатысқан екен. Швейцария жерінде ФРГ, Түркия, Венгриямен бір топқа түседі. Алғашқы екеуі – сол турнирдің болашақ финалистері. Ол кезде жарыс ережесі бойынша әр команда топта тек екі ойын өткізуі тиіс болатын. Чемпионат дебютанты мажарлар және түріктермен кездесіп, өз қақпасына екі ойында 16 доп жіберіп алады. Осылайша үйлеріне ерте оралуға мәжбүр болады.

H тобы. Оңтүстік Корея

Оңтүстік Корея

Бас бапкер: Хон Мён Бо 

Команда капитаны: Квак Тхэ Хви

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Хон Мён Бо  (136)

Ең көп гол соққан ойыншы:  Чха Бом Гын (26)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 57

«Азия жолбарыстары» чемпионатқа екінші мәрте арада 32 жыл өткенде бір-ақ қатысты. Оған дейін жолдамаға қол жеткізе алмай жүрді. Мексика жерінде олар болашақ чемпион Аргентина, төрт жыл бұрын жеңімпаз атанған Италия және Болгариямен бір топта ойнады. Ким Джон шәкірттері болгарлармен тең түсіп, қалған екеуінен жеңілді. Бірақ екеуіне де оңайшылықпен беріле салған жоқ. Футбол мамандары кәрістердің ойынын жоғары бағалады. Міне, содан бері «тэджу» футболшылары әлем біріншілігінен тыс қалған емес.

2002 жылы Оңтүстік Корея Жапониямен бірлесіп, әлем біріншілігін өткізді. Бұл – сарықұрлықта өткен алғашқы мундиаль. Азия футболына үлкен серпіліс берген додада «жолбарыстар» алғаш рет жартылай финалға дейін жетіп, төртінші орын алды. Бірінші рет құраманы шетелдік маман Гус Хиддинк жаттықтырды. Команданың үздіктері Ан Джун Хван, Чха Ду Ри, Сеул Ки Хен, тәжірибелі капитан Хон Мюн Бо, 20 жастағы Пак Чжи Сун бастаған жігіттер әдемі ойын көрсетті. Топтық кезеңде АҚШ, Португалия, Польшаны артқа тастады. Плей-оффта Италияны 2:1 есебімен жеңді. «Алтын голды» қосымша уақытта Ан Джун соқты. Ширек финалда пенальтиден Испаниядан басым түсті. Жартылай финалда жергілікті жанкүйерлердің көрген түстей болған ертегілері аяқталды. Алаң иелері Германияға 0:1 есебімен жол берді. Ал үшінші орын үшін таласта Түркияға щамалары жетпеді. 

Бұдан соң 2006 жылы топтан шыға алмаса, 2010 жылы плей-оффқа дейін жетті.

         Әлем біріншілігінің жолдамасы

Азия құрлығында іріктеу сындары Еуропадағыдан өзгеше. Мұнда фавориттер үшінші раундтан қосылады. Бұл кезеңде «жолбарыстар» Ливан, Кувейт, БАӘ құрамаларын оңай айналып өтті. Ал соңғы раундта Иран екеуі Бразилияға жолдама алды.   

Бас бапкер

Бас бапкер Хон Мён Бо – оңтүстік Кореяның ғана емес, Азия футболының беделді тұлғасы. Ол әлі күнге дейін ұлттық құрамада ең көп ойын өткізген футболшы (136). Қорғаныстың тірегі болған. Төрт бірдей әлем біріншілігіне қатысқан. Соңғы рет 2002 жылы Хиддинк командасында капитан болды. Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылардың арасында үздік үштіктен көрінді. 2005 жылдан бері бапкерлік қызметте. Алғашқы жылдары жастар құрамасында аға жаттықтырушы, ұлттық құрамада ассистент болды. Былтардан бері ұлттық құраманың тізгінін өзі ұстады.

         Қазіргі құрам

Қақпашылар Чжон Сон Рен («Сувон Блюуингз»), Ким Сын Гю («Ульсан Хендэ»), Ли Бом Ен («Пусан Ай Парк»); қорғаушыларХон Чжон Хо («Аугсбург»), Хван Сок Хо («Санфречче Хиросима»), Ким Чхан Су («Касива Рейсол»), Пак Чжу Хо («Майнц»), Ким Ен Гвон («Гуанчжоу Эвергранд»), Квак Тхэ Хви («Аль-Хиляль» ), Ли Ен («Ульсан Хендэ»), Юн Сок Ен («Куинз Парк Рейнджерс»); жартылай қорғаушыларХа Дэ Сун («Бэйцзин Гоань»), Хан Кук Ен («Касива Рейсол»), Ким Бо Кюн («Кардифф Сити»), Ли Чхун Ен («Болтон»), Пак Джон Ву («Гуанчжоу Эвергранд»), Сон Хын Мин («Байер»), Чи Дон Вон («Аугсбург»), Ки Сон Ен («Сандерленд»); шабуылшылар – Ким Син Ук («Ульсан Хендэ»), Ку Чжа Чхоль («Майнц»), Ли Гын Хо («Санджу Санму»), Пак Чху Ен («Уотфорд»).

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

17 маусым. Куяба. Ресей – Оңтүстік Корея 

22 маусым. Порту-Алегри. Оңтүстік Корея  –Алжир

26 маусым. Сан-Паулу. Оңтүстік Корея Бельгия

Бек Төлеуов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға