H тобы. Бельгия
Бельгия осы уақытқа дейін әлем біріншілігіне 11 мәрте қатысқан екен. Тіпті, 1930 жылғы Уругвайдағы чемпионатқа да жолдары түсіпті.
Бельгия құрамасы
Бас бапкер: Марк Вильмотс
Команда капитаны: Венсан Компани
Ең көп ойын өткізген ойыншы: Ян Кулеманс (96)
Ең көп гол соққан ойыншы: Поль ван Химст, Берна́р Ворхоф (30)
ФИФА рейтингісіндегі орны: 11
«Қызыл сойқандар» ол кезде екі матчта қатарынан ұтылып, өз тобында соңғы орында қалады. Ал 1934, 1938 жылдары турнир олимпидалық жүйемен өткендіктен, жарысты бірінші раундтан аяқтады. Одан соң 1954, 1970 жылдары тағы қатысып, топтық кезеңнен әрі аса алмаған болатын. Бельгияны бұдан кейін әлем чемпионатынан 1982 жылы ғана көрдік. Испаниядағы біріншілікке олар Еуропаның күміс жүлдегері ретінде келді. Жанкүйерлер Ги Тисаның шәкірттерінен үлкен үміт күтті. Бірақ бұл құрама да сенім үдесінен шыға алмады. Жарыс екі топтық кезеңнен тұратын. Бельгия біріншісінен сәтті өткенімен, екінші кезеңдегі екі ойында да ұтылып қалды. «Қызылдардың» жұлдызы 1986 жылы Мексикадағы футбол тойында жанды. Жеребе бойынша әуелі «В» тобына түсті. Мұнда алаң иесі Мексика, Парагвай, Ирак құрамалары бар болатын. Бірінші ойынды жарыс қожайыны Мексикамен өткізіп, 1:2 есебімен ұтылып қалды. Екінші матчта әлем чемпионатына алғаш рет жолдары түскен Иракты ұтты. Соңғы кездесуде Парагваймен ұпай бөлісті. Осылайша бір жеңіс, бір тең ойын, бір жеңіліспен әупірімдеп жүріп, топтан үшінші орынмен шықты. Ол кезде бір жақсысы, үшінші орын алған командаға да мүмкіндік берілетін. Ал плей-оффта жанкүйерлер нағыз сенсацияға куә болды. Біз сөз етіп отырған құрама топтық кезеңде әдемі ойындарымен көрерменнің айызын қандырып келген Кеңес Одағының футболшыларынан 4:3 есебімен басым түсті. Бұл ойынға дау айтушылар көп болды. Себебі, кездесуде швед төрешісі Фредрикссон Кулеманс пен Шифоның оффсайдтан соққан голын есептеп, жанкүйерлердің ашу-ызасын тудырды. Футбол ғұламасы Валерий Лобановскийдің шәкірттері арасынан Игорь Беланов хет-трик жасады.
Ширек финалда төрт жыл бұрын әлем чемпионатын өткізген Испания құрамасымен кездесті. Бұл ойын 120 минутқа созылып, қос қарсылас сонда да бір-бірін ала алмады. Жеңімпаз футбол лотереясында анықталды. Ги Тиса сенім артқан бес футболшы да мүлт кетпей, Бельгия жартылай финалға жолдама алды. «Қызыл сойқандарға» үздік төрт команданың қатарына енудің өзі үлкен жетістік болатын. Сондықтан жартылай финалда Аргентинадан жеңілгенде ешкім оларды кінәлаған жоқ. Бұл матчтың тағдырын Диего Марадона шешті. Оның қос добы Оңтүстік Америка өкілдерінің финалға шығуына жеткілікті болды.
Бельгия бұдан кейін төртжылдықтың басты додасына 1990, 1994, 1998, 2002 жылдары қатысты. Соның үшеуінде ширек финалға дейін жетті.
Әлем біріншілігінің жолдамасы
Марк Вильмотстің командасы іріктеу кезеңдерінде Хорватия, Сербия, Шотландия, Уэльс, Македония секілді құрамалармен бір топқа түсті. Бұлардың ешқайсысы оңай шағыла қоятын «жаңғақтардың» қатарынан емес еді. «Қызыл сойқандар» 10 матчтың сегізінде жеңіске жетіп, екі ойында қарсыластарымен ұпай бөлісті. Осылайша екінші орындағы Хорватиядан 9 ұпайға ұзап шығып, 12 жылдан соң әлем біріншілігінің финалына жолдама алды.
Бапкер
Құраманы 2012 жылдан бері Марк Вильмотс жаттықтырып келеді. Марк футболшы ретінде Бельгия құрамасымен 4 әлем біріншілігіне қатысқан. 2002 жылғы чемпионатта бас команданың көшбасшысы болды. «Стандард», «Бордо», «Шальке 04» командаларында өнер көрсетті. Бапкер ретінде құраманың тізгінін ұстамас бұрын Дик Адвокат, Жорж Лекенстің көмекшісі болған. Ал бас бапкер ретінде әлем біріншілігінің іріктеу кезеңдерінде жұлдыздардан тамаша команда жасақтап шықты.
Қазіргі құрам
Бельгияның дәл қазіргі құрамынан үміт күтетіндер өте көп. Футболшылардың барлығы Еуропаның ең беделді клубтарының топжарған ойыншылары. Команданың бірнеше футболшысы ағылшын біріншілігінде ойнап ысылған. Әсіресе, «Челсидің» жартылай қорғаушысы Эден Азарға жүктелген үміт үлкен. Ендеше, Марк Вильмотстің Бразилияда сенім артатын 23 футболшысымен таныс болыңыздар: Қақпашылар – Тибо Куртуа («Атлетико»), Симон Миньоле («Ливерпуль»), Сэмми Боссут («Зюлте-Варегем»); қорғаушылар – Тоби Алдервейрельд («Атлетико»), Даниэль ван Бюйтен («Бавария»), Венсан Компани («Манчестер Сити»), Ян Вертонген («Тоттенхэм»), Томас Вермален («Арсенал»), Николас Ломбертс («Зенит»), Лоран Симан («Стандард»), Антони Ванден Борре («Андерлехт»); жартылай қорғаушылар – Аксель Витсель («Зенит»), Маруан Феллайни («Манчестер Юнайтед»), Стивен Дефур («Порту»), Мусса Дембеле, Насер Шадли (екеуі де – «Тоттенхэм»), Кевин де Брюйне («Вольфсбург»), Дивок Ориги («Лилль»); шабуылшылар – Ромелу Лукаку, Кевин Миральяс (екеуі де – «Эвертон»), Эден Азар («Челси»), Дрис Мертенс («Наполи»), Аднан Янузай («Манчестер Юнайтед»,).
Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:
17 маусым. Белу-Оризонти. Бельгия – Алжир
22 маусым. Рио-де Жанейро. Бельгия – Ресей
26 маусым. Сан-Паулу. Оңтүстік Корея – Бельгия
Бек Төлеуов