Жаңалықтар

Ғылымға жастарды тарту тоқтамау керек — Кәрімбек Құрманәлиев

Ғылымға жастарды тарту тоқтамау керек — Кәрімбек Құрманәлиев
Фото: primeminister.kz 21.02.2023 09:00 10361

El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымларының докторы, профессор – Кәрімбек Құрманәлиевтен бүгінгі білім-ғылым жайындағы пайым-пікірін сұрап көрді.

– Былтырғы маусым айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінді. Әрине, аса көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де білім саласының өкілі ретінде осы шешімнен кейін еліміздегі оқу мен ғылымның дамуында өзгеріс байқала ма?

Президенттің Білім және ғылым министрлігін екіге бөліп, мектепке дейінгі тәрбие, орта білім мен кәсіптік-техникалық білім беру бойынша арнайы Оқу-ағарту министрлігін құрғаны көптің көңілінен шықты деп толық сеніммен айта аламыз. Өйткені, еңбектеген баладан, еңкейген қарттарға дейінгі қатысты  мәселелерді жалғыз Білім және ғылым министрлігіне жүктеп қою - мемлекеттік басқарудың оңтайлы жолы болды деп айту қисынсыз болар еді.

Әрине, қайта құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, Ғылым және жоғары білім министрлігі елімізде ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасын жүзеге асыруға белсенді түрде кірісіп кетті. Университеттік ғылымның мән-жайы қарастырылған келелі Кеңес ұйымдастырылып, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының бірлесіп ғылыми-педагог кадрлар тетіктері тиянақталды. Сондай-ақ өңірлік универсеттерде аймақ үшін мамандар дайындаудың жаңа тұжырымдамасы айқындалып, әлемге аты белгілі университеттердің филиалын ашу қолға алынды. Атап айтсақ, М.Қозыбаев атындағы Сотүстік Қазақстан университеті мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ауыл шаруашылығы мен жаңа технология салалары бойынша әлемдік университетің бөлімшілері ашылғанынан жұртшылық хабардар. Яғни, Президенттің елімізде әйгілі шетелдік университеттердің 5 филиалын ашу тапсырмасы орындалуда.

Оқу-ағарту министрлігі де Мемлекет басшысының тапсырмасының үдесінен шығу үшін сапалы білімді қамтамасыз ету жолында «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруда. Балбақша бағытындағы көзделген мақсаттар да ретімен шешілуде.

– Қазақстанда 22 мыңнан астам ғалым бар екен. Сіздің ойыңызша, бұл аз ба, көп пе?

Бұл сұраққа жауап бермей тұрып, 1991 жылы еліміздегі ғалымдар саны 40 000 болғаны жайлы мәліметті қаперіңізге салғым келеді. Арғы жағын айтпай-ақ қояйын. Қазіргі таңда, өзіңіз атап өткендей 22 000-нан астам ғана. Әрине, мәселе санда  емес, сапада ғой. Осындай сандық көрсеткішпен де ғылымды дамытып жатырмыз. Ендігі мәселе - 90-жылдары қаржылық қиындықпен ғылымнан жырақтап кеткендердің орнын толтырып, ғылымға тартымдылықты арттыру күн тәртібінде тұр. Әсіресе, ғылымға жастарды тарту маңызды. Қазір Сіз айтқан 22 000 ғалымның 35% ғана жастар. Жоғарыда айтылған Тұжырымдамаға сәйкес, 2026 жылы ғылымдағы жастар үлесін 50%-дан асыру жоспарланып, оны іске асыру тетіктері айқындалған. Біз осыған зор үміт артып отырмыз.

Бізде ғылым қаншалықты дамыған? Қазіргі кезеңде қазақ ғалымдарының жаһандық деңгейде ашқан қандай жаңалықтарын атай аласыз?

– Қазақстандық ғылымды әлемдік кеңістікке кіріктіру жолында біраз жобалар жүзеге асырылуда. Ол жөнінде «Ғылым қоры» әзірлеген  каталогтан толыққанды ақпарат алуға болатындығын айтқым келеді. Ал жаhандық жаңалықтар ретінде, кешегі әлемді шарпыған Covid-19 кезінде біздің Қазақстан дүниежүзіндегі ауыр дертке қарсы вакцина ойлап тапқан 6 мемлекет қатарында болғанын айтсам да жеткілікті болар деп ойлаймын. Бұл біздің ғалымдардың ғылым әлеуетінің басты көрсеткіші деп бағалаймын.

– Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған жиында «Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді» деді. Осы мәселе төңірегіңдегі сіздің пікіріңіз қандай?

– Мемлекет басшысының Ұлттық ғылым академисының (ҰҒА) мерейтойына қатысып, Үкіметке ҰҒА-ға мемлекеттік мәртебе беру және оны республикалық бюджеттен қаржыландыру туралы тапсырмасын ғылыми жұртшылық жылы қабылдады. Сондай-ақ, ғылымды дамыту бойынша өзекті мәселелерге мән берді. Ғылымның тартымдылығын арттыру, жастар үлесін еселеумен қатар, ғылым академиясына ғылымға берілген, саналы ғұмырын ғылымға арнағандар ғана қабылдану керектігін қадап айтты. Ол үшін академия мүшесі болғысы келгендерге жаңа талаптар мен критериилер қабылданатын болады.

Білуімше, бүгінде сіз екі ғылыми журнал шығарасыз... Ғылыми материалдардың тапшылығы сезілмей ме? Журнал шығаруда қандай қиындықтар кезігеді?

– Иә, мен Ұлттық ғылым академиясы мен Жоғары оқу орнының ғылыми журналдарының басшысы ретінде «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жиналысында осы мәселені көтердім. Ғылыми журналдарда материалдардың берілуі, өзектілігін айқындау, ғылыми стильде хабар тарату бойынша кәсіби журналистерді тарту маңыздылығын және шешу тетіктерін ұсындым. Материалдар аз емес, бірақ кәсіби деңгейде жариялауда көмек керек екенін жасыра алмаймын.

– Біз сізді мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан азамат ретінде жақсы білеміз. Сондықтан қазақ тілінің қазіргі ахуалын қалай бағалайтыныңыз қызық.

– Азын-аулақ еңбегімізге берген бағаңызға рахмет! Қазақ тілін тұғырына қондырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қолдану аясын кеңейтуде істелген істен, атқарар шаруалар ауқымды дер едім. Мысалы, қоянды қалай болса солай ұстасаң, өзіңді жаралайды. Құлағынан ұстасаң, тырп етпейді. Сол сияқты, қоянды құлағынан ұстағандай әдісті алға тарта отырып, мемлекеттік тіл - билік тілі болғанда ғана қазақ тілінің көсегесі көгереді деп қысқа қайырғым келеді. Қызығушылық танытқандарды республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларымнан оқи алатынын еске салғым келеді.

– Жауабыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға