Жаңалықтар

Ғылымды дамыту үшін ғалымдардың жағдайын жасау керек

Ғылымды дамыту үшін ғалымдардың жағдайын жасау керек
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 02.05.2023 13:16 1690

Қаратай Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының Химиялық және биохимиялық инженерия кафедрасының оқытушысы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Аяз Маратұлы Белқожаевпен ел ғылымның бүгінгі беталысы жайындағы шағын сұхбатымызды ұсынамыз.

Аяз Маратұлы, таяуда ғана Ақордада Мемлекет басшысының қатысуымен ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысы өтті. Оған өзіңіз де қатыстыңыз. Сонда Президент: «Ғылыми кадрларды даярлаудың мәні зор. Бүгінде университеттердегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі қозғаушы күші – докторанттар. Әйтсе де олардың саны біздің жоғары оқу орындарында білім алушылардың 1 пайызына да жетпейді» - деген мәлімет келтірді.

Иә, дұрыс айтасыз, не сұрағыңыз келгенін түсіндім. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға ерекше маңыз бөліп отыр. Өкілетті органдарға докторантураға қабылданатындардың санын 5000-ға дейін артыру үшін тиісті мекемелерге тапсырма берді. Оны сол жиында естідік.

Қазіргі таңда докторантураға түсу үшін талапкерлерден ағылшын деңгейін растайтын IELTS сертификаттары талап етіледі. Әрине ағылшын тілі ғылымның тілі болып отыр десек те қателеспейміз. Сондықтан ғылымда шет тілінің орны бөлек. Дегенмен, бұл сертификатты тапсыру бағасы жыл сайын өсуде, қазіргі күннің өзінде елімізде шамамен жүз мың теңгеге жуық (дайындық курстарын қоспағанда). Ал өз кезегінде бұл сертификатты тапсыру енді ғана бакалавр немесе магистратура дәрежесін аяқтаған студенттерге ауырлық тиюі мүмкін. Осы орайда Satbayev University-де докторантураға түскісі келетіндерге «Pre-Doctoral» дайындық курсы қолға алынғанын реті келгенде айта кетейін. Бұл курс докторантураға түскісі келетін жас ғалымдарға кешендік тестен және бейімдік пәндерден емтихан тапсыруға дайындық курсы. Бұған ілінгендер білім грантына түскен жағдайда тегін мүмкіндіктер де қарастырылған.

Ғылым үшін ең басты қарастыратын мәселе ғалымдарды ешбір алаңсыз ғылыммен айналысатындай әлеуметтік жағдайларына аса көңіл бөліну керек.

Бүгінгі білім беру бағдарламасы қандай талаптарға сай болуы керек?

Елімізде ғылымға деген көзқарас айтарлықтай жақсы бағытқа қарай өзгеруде. Дегенмен, кейбір өзекті деп қарастыратын мәселелер де жоқ емес, өзгеріссіз, артта қалу үрдісі бар мәселелерді үнемі талқылап шынайылығын көрсеткен сайын оның шешімін табамыз деген ойдамын. Бүгінгі таңда еліміз ғылымның дамуына әсіресе жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға барынша күшін салуда. Осы бағытта алға қарай жылжый беретін болсақ болашақта үлкен нәтижелерге жетеріміз анық.

Білім беру бағдарламасы заманауи талаптарға сай, ашық, сапалы білімді кадрлармен қамтамасыз етілген және студенттің жан-жақты дамуына жасалған жағдайларға сай болуы керек.

Сіздің көзқарасыңызша бүгінгі таңда еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Қазіргі таңда технологияның қарқынды дамуына байланысты әр түрлі мамандықтар заман талабына сай сұранысқа ие болып отыр. Мысалы IT-мамандықтар, инженерлік, транспорттық технологиялар сияқты т.б. мамандықтар көш бастап тұр. Сонымен қатар алдағы он жыл ішінде нано және биотехнология сияқты мамандықтарға да аса көңіл бөлінетін болады. Елімізде жаңа мамандықтарды алдын ала зерттеу құралы ретінде құрылған «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы құрылды. Бұл атластан жойылу қаупі бар мамандықтармен қоса нарықтағы және болашақтағы біз естімеген кейбір мамандықтардың тізімін және оның жұмыс барысымен толықтай танысуымызға болады. Сондықтан да осы еңбек нарығында сұранысқа ие болатын мамандықтарға алдын ала дұрыс болжау жасалып, ЖОО-да аса көңіл бөлу қажет.

Кадрларды, атап айтқанда, әртүрлі салалардың мамандарын даярлау кезінде ғылымның өндіріспен тығыз байланысы өте маңызды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

Ғылым саласы мен өндірісті ұштастыру мақсатында бүкіл әлем мемлекеттері бар күш-жігерін салуда. Өйткені ғылыммен өндірістің бірлестігі елдің экономикасын көтеретін бірден бір үлкен құрал. Елімізде ғылыми коммерциализацияға, жобалардың өндіріспен тығыз байланыстылығына, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу деген сияқты бағыттарды алдыңғы орынға қойып отыр. Ғылымды еліміздің, жалпы адамзат баласының қажеттілігіне сай байланыстыру қажет. Сонда ғана ғылыми тұрғыдағы біліміміз арқылы жаңа табыстар мен белестерге, үлкен нәтижелерге жетеміз.

Бүгінде жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік не берді. Сіздің ойыңызша, қазіргі заманғы маман қандай құзіреттерге ие болуы керек?

ЖОО-да білім алатын студенттер мен оқытушылардың өз бетімен білім беру бағдарламаларын таңдау еркіндігіне ие болды. Олардың шығармашылық тұрғыда жан-жақты дамуына және оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістерін игеруіне жағдай жасалды.

Қазіргі заманға сай маман ең алдымен өз ісін жақсы көре білу, үнемі жан жақты даму үстінде болу, сыни түрде ойлай білу сияқты негізгі қасиеттер бойынан табыла білу керек.

Сіз ұстаз ретінде қандай кәсіпорындармен немесе жұмыс берушілермен бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізесіз?

Қазіргі таңда Сәтбаев Университетінің оқытушысы ретінде айтарым университет оқытушылары мен студенттеріміз оқу, ғылыми және өндірістік тәжірибелерін мамандықтарына байланысты отандық және алыс жақын шет елдердегі зауыт, фабрика, ғылыми мекемелерде алмасуда. Мұндай бірлестіктер студенттер мен оқытушылардың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндіктер береді деген ойдамын.

Ғылым саласына келетін жастар саны азайып кетті дегенге келісесіз бе, жастарды ғылымға тарту үшін не істеуіміз керек?

Ғылым саласына келетін жастар саны айтарлықтай көп емес. Жастардың ғылымға деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан мектеп жасынан жастарымызды ғылыми шығармашылықпен байланыстыра отырып, сыни көзқараста ойланатын, тәуекелшіл болуды талап ететін, тәжірибелік оқыту тәсілдерін меңгеретін арнайы пән сағаттары арналса деген ойдамын.

Мектеп қабырғасынан ғылымға деген қызығушылықпен университетке келген жастарымыздың ғылымға деген көзқарасын одан әрі дамыту үшін жоғары оқу орындарында студенттің оқу жүйесіне барлық жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар ғылымға деген нақты жолға бастар табалдырық ретінде магистратура мен докторантуралық оқу бағдарламаларын айтуымызға болады.

Кадрларды даярлау кезінде жоғары оқу орындарының материалдық техникалық жабдықталуына ерекше назар аударылуға тиіс. ЖОО-дағы оқу жабдығы уақыт талаптарына қаншалықты сәйкес келеді?

Бүгінгі таңда ғылым мен технологияның қарқынды дамуына байланысты оқу орындарында пайдаланатын, мысалы, зертханалық құрал жабдықтары күн санап өзгеруде. Сондықтан да оқыту барысында негізгі базалық технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, өзгеріс бағыты жақын деген материалдық техникалық жабдықтарды студенттер оқу тәжірибесі немесе өндірістік тәжірибеде арнайы келісім-шарт жасалған ғылыми мекемелерден тәжірибе алмасу кезінде танысып, үйренсе жеткілікті дер едім. Өйткені мұндай мекемелер гранттық жобалар есебінен зерттеу бағыттары бойынша материалдық әдістері де 3-4 жылда өзгеріп отырады.

Тұшымды сұхбатыңызға көп рахмет!  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға