Жаңалықтар

"Ғылым ойын емес". Жигули Дайрабаев Ұлттық ғылыми кеңес құрамындағыларға шүйлікті

"Ғылым ойын емес". Жигули Дайрабаев Ұлттық ғылыми кеңес құрамындағыларға шүйлікті
Фото: t.me/mazhilis_kz 24.05.2023 11:32 1311

Ұлттық ғылыми кеңес құрамында отырғандардың ғылымнан хабары аз. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жигули Дайрабаевтың айтуынша, экономикамыздың қай саласы болмасын да, оның дамуы ғылыми негіздермен ұштасуы керек. Былтыр Президент дербес ғылым министрлігін құрды. Оның мақсаты - ғылымға байланысты барлық мәселелер бір жерден шешіліп, бір жерден методикалық әдістеме арқылы қаржыландыру. Алайда іс жүзінде олай болмай тұр.

Бір жыл аралығында аграрлық ғылым жаңа министрлікке неге өтпеді? Жетім қозының кейпін киген аграрлық ғылымның бірнеше зерттеу институттары бүгінгі күнде базалық қаржыландырудан шектетілді. Заңда жоқ нәрсе қаулыда тұр, бұны қалай түсінуге болады?, - дейді мәжілісмен.

 «Ғылым туралы» Заңнын 27-ші бабына сәйкес аграрлық ғылыми зерттеу институттары мемлекеттік тапсырыстарды алу үшін конкурсқа қатысуы керек екенін атап өтті.

Кәдімгі тендер ойнатқандай. Дәл қазір азық-түлік қауіпсіздігін күшейтетін заманда, ғылыми мекемелер бір-бірімен жарысатыны қалай? Ғылым ойын емес!, - деп нақтылады депутат.

Оның айтуынша, көп ретте сол конкурста мақаласын шетелдік басылымда шығарып қойған пысықтар ұтады. Ал талай жыл зерттеу жасап, оны толық кітап қып шығарған тәжрибелі ғалымдардың еңбегі зая кетеді. Осылай саны бар, сапасы жоқ тақырыптарға қаражат бөлінеді.

Сосын, Ұлттық ғылыми кеңес құрамында соңғы жылдары ғылымнан хабары аз, салаға қатысы жоқ  азаматтар отыр. Нәтижесінде мемлекетке маңызды, халыққа пайдасы тиетін ғылыми тақырыптар шетте қалып жатады. Бұл шындық! Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерінің сапасын жақсартып, санын ықшамдау  керек, - дейді Жигули Дайрабаев.

Бұдан басқа ғылыми зерттеу институттарын университеттерге беру мәселесі қатты толғандыратынына тоқталды.

Өз тарапымыздан біз бір емес екі тұжырымдаманы зерделедік. Оның бірі ғылымды, екіншісі агроөнекәсіпті кешенді дамыту. Бұл екеуінде де ғылыми зерттеу институттарын университеттерге беру туралы айтылмаған. Жалпы жоғары оқу орнының мақсаты маман дайындап шығару емес пе? Әлде зерттеу статусын алған Университет, бакалавр,  магистр, доктор атақтарымен қоса, ғылыми атақты да, тіпті ғылыми қызметке де, сол Университет ректоры орналастырмақшы ма?, - деп сұрады депутат.

Бұлай болса бәрін жауып тастап,тек университетті қалдыру керек екенін айтты. Әлемдік тәжірибеде әр мекеме тек өз жұмысымен айналысады. Осыны ұмытпау керек екенін атап өтті.

Білім берудің үздік жылдарында ғалым дәрежесіне үміткерлер, өз диссертацияларын институттардын қабырғасында, яғни университеттерден тыс жерде қорғайтын. Осы механизм аталған тұжырымдамаларда неге жоқ? Жалпы, ғылыми мекемелерді әрі-бері қозғап, көрпені жан-жаққа тартуды доғарған жөн. Реформа деп жүргенде ғалымдардың саны 3000-нан 2000-ға кеміді, орта жасы 60-тан асты. Жас ғалымдар жоқтын қасы, бар болса да дайындықтары көңіл көншітпейді.

Мәжілісмен атаған ең басты мәселе – ғылыми институттарды молынан қаржыландыру. Механизация, экономика, қой шаруашылығы институттары ақша іздеп тентіреп жүр.

Жоғарыдағы мәселелерді кім және қай кезде шешеді? Сауалға белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз, - деп қорытындылады Жигули Дайрабаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға