Грузия премьер-министрі Қазақстанның теміржол саласындағы «ақылды» жүйемен танысты
Грузияның премьер-министрі Қазақстанға ресми сапары барысында теміржол тасымалы саласындағы цифрлық шешімдермен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ кеңсесінде болды, онда грузиялық делегацияға Қазақстанда теміржол саласында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер ұсынылды.
ҚТЖ кеңсесін аралау барысында Грузия премьер-министрі «Бірыңғай цифрлық терезе» қосымшасының және теміржол көлігіндегі «ақылды» жүйенің жұмысымен танысты. Бұл инновациялық шешімдер рәсімдерді жеңілдетуге, жүк тасымалдау уақытын қысқартуға және теміржол логистикасы саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Грузин темір жолы» АҚ арасында екі елдің транзиттік ағындары мен экономикасын жандандыруға ықпал ететін серіктестік орнаған. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағытының мультимодальды қызметін дамыту мақсатында құрылған Middle Corridor Multimodal Ltd. бірлескен кәсіпорны аясында ынтымақтастық орнатылды.
Тараптар порттар мен терминалдардың әлеуетін аша отырып, қолда бар көлік-логистикалық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы жүк тасымалы көлемін арттыру жұмысын жандандыру ниетін растады.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстаннан Грузияға экспорт 34%-ға, Қазақстан арқылы транзит 2023 жылмен салыстырғанда 40%-ға өсті. 2024 жылы екі ел арасындағы тасымалдау көлемі 4,7 млн тоннаны құрады. Жалпы, соңғы 4 жылда Қазақстан – Грузия бағыты бойынша жүк тасымалы 9 есеге, ТХКБ бойынша – 6 есеге өсті.