Жаңалықтар

Грант алып, бизнес бастап кетті дегенге сену қиын - сенатор

Грант алып, бизнес бастап кетті дегенге сену қиын - сенатор
Фото: t.me/senate_kz 20.06.2023 18:18 946

Әлеуметтанушылардың зерттеуінше қазақстандықтардың 40%-дан астамын жұмыссыздық пен жұмыспен қамту мәселесі толғандырады. Бұл туралы Сенат депутаты Айгүл Қапбарова айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біздегі жұмыссыздар санының әлдеқайда жоғары екенін интуитивті түрде сеземіз. Сондықтан да қыруар қаржы жұмсап отырмыз. ЖАП-тың дерегі бойынша Ұлттық қордан 2022 жылы «Түлектер үшін жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» жобаларын іске асыруға және жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтардың азаматтарына гранттар беруге 69,2 миллиард теңге бағытталды, бір қызығы мұның 6,9 млрд. теңгесі игерілмеген, - деді депутат Айгүл Қапбарова.

Игерілмеген қаражаттың 6 млрд 193 млн теңгесі грант беруге бағытталған болатын.

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясындағы Бастау бизнес жобасы бойынша былтыр 21 720  (400 АЕК мөлшерінде) адамға грант берілген. Бұл жоба бойынша оқытылғандардың орта есеппен соңғы үш жыл ішінде 24 пайызы ғана өз бизнесін ашқан. Оқудан кейін өз ісін ашқан адамдардың үлесін ұлғайту бойынша 9 облыс пен 1 республикалық маңызы бар қала нысаналы индикаторларға қол жеткізбеген, - деп түсіндірді сенатор.

Депутат грант немесе несие алғандар бір ай оқып, өз ісін ашып, дөңгелетіп кетеді деп сену тым асыра ойластырылған оптимизм екенін айтады. Сондықтан мұны жүйелі шешім деуге келмейді.

Ал «Күміс жас» жобасы бойынша төрт облыста (Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Ұлытау)  жоспардың орындалмауына қатысуға өтінімдердің болмауы себеп болған. Яғни, болашақта өңірлердің жұмыссыздар саны мен жас ерекшеліктері ескерілуі тиіс деп ойлаймыз. Мәселен, Ұлттық статитика бюросы (ҰСБ) қазіргі таңда 44-64 жас аралығындағы азаматтарды қоса есептегенде              151 мың 505 адам жұмыссыз дейді. Жобаны  қабылдағанда зейнет алды жастағы 5 мың адамды жұмыспен қамтимыз дегеніміз қайда?, - деді сенатор.

Жалпы аталған бағдарлама бюджетінің жартысына жуығы шағын несие беруге жұмсалады. Бірақ, бұл әлеуметтік жағынан осал топқа бағытталмаған.

Ал, жобаның басты мақсаты кәсіпкерлікті дамыту арқылы кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту емес пе еді? Оған қатысушылар микрокредит алу үшін кепілдік қамтамасыз етілуі керек.  Ал, ауылдағы кепілге қоятын үйлер нарықтағы бағадан тым арзан бағалануда.  Көп жағдайда азаматтарымыз бұл критерийге жауап бере алмайды. Мәселен қазіргі таңда 35 жасқа дейінгі жастарымыздың басым бөлігіөз кәсіпкерлігін бастау үшін кепілге қоятын мүлік таппай отыр және жинайтын құжаттамалары көп. Осы орайда, бұл жобаның тиімділігіне тәуелсіз талдау мен бағалау жасау қажеттігі өте өзекті, - деп түйіндеді сенатор.

Депутат Айгүл Қапбарова жаңа жұмыс орындарын ашуда және оған мемлекеттік қолдау көрсеткенде Үкімет, экономиканың өсу қарқыны мен оның сұранысына терең талдау жасап, халықтың табысын арттыру мақсатында жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек екенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға