Grand Slam: дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев күміс жүлдегер атанды
Қазақ балуаны Ғұсман Қырғызбаев Астанада дзюдодан өтіп жатқан Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Отандасысыз татамиге 66 келіге дейінгі салмақта шыққан. Ғұсман финалға дейін сәтті өнер көрсетті. Жолында кездескен қарсыласының бәрін сенімді түрде жеңді. Алдымен әлем чемпионы жапон Яго Абуладзені жеңіп, кезінде кеткен есесін қайтарды. Сонан соң Нармандах Баянмунхты (БАӘ) сенімді түрде ұтты.
Финалда испаниялық Давид Гарсиа Торнемен шеберлік байқасты. Испаниялық дзюдошы да осыған дейін әлемдік Гран-при додаларында жүлде алып жүрген спортшы. Жекпе-жек соңына қарай Давид Гарсиа Торне вазари әдісімен жеңісті жұлып алды.
Ғұсман спорттық жолында бұған дейін 2019 жылы Әбу-Дабиде өткен Grand Slam жарысында жеңімпаз атанған еді. Осылайша Астанада жарыстың алғашқы күні Қазақстан алтын және күміс медальға ие болды.
Мұның алдында қазақстандық Мағжан Шамшадин 60 келіге дейін салмақта Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік турнирінің чемпионы атанды.
Бұл спортшымыздың Grand Slam жарыстарындағы алғашқы алтын жүлдесі. Финалда ол Франция өкілі Седрик Револмен кездесіп, жеңіске жетті.