Жаңалықтар

Горган

Горган
27.08.2014 03:16 2783

Қазақтар тұратын Горган қаласының тұрғындары парсылар болды. Олардың бет-келбеті, тілі, той-думаны, салт-дəстүрі біздерден мүлдем өзгеше еді. Менің ауылдас қазақтардан бір артықшылығым болды. Ол көз ашқалы жергілікті парсылармен бірге тұрғанымыз еді. Отбасылық байланыста етене-жақын барыс-келісіміз бар еді. Өйткені, 1950 жылдары үкіметтің жарлығы бойынша сол кездегі Мазандаран облысы, Горган қаласы төңірегіндегі ауылдарда иесіз жатқан шырайлы жерлерді кімде-кім қаптаған тікенек бұталардан тазарта алса, сол жерлердің заңды иегесі бола алады деген қарары болған. Аталған қаулыға орай атам Рақбай Горган шаһарының солтүстік шығысында, он төрт шақырым қашықтықта орналасқан Сұлтанабад пен соған жақын тұратын Əтрəкшал ауылдарының төңірегінен он шақты гектар егістік жерлерді тікенек бұталардан тазартып, өз меншігіне айналдырып алды. Атаның ерен еңбегі оның ұрпақтарына яғни біздерге ата жұртымызға көшіп келгенше миуасын беріп тұрды. Əтрəкшал ауылындағы өмірімізден қалған бір елес бүгінде менің көз алдымнан еш кетпейді. Қара торы, арық, күлімсіреген, нұрлы, мейірлі жүзді, үлкен кісінің құшағында домбыра əлде домбыраға ұқсайтын ұзынша таяқты сабалап, əн салып отырамын. Алдыңғы жағымызда жұмыс істеп жатқан адамдар, үлкен шұңқырдың табанына сабан төсеп тастап, үстін астықпен толтырып, соңынан тағы да сабан толтырып, топырақпен көміп жатқан көрініс көз алдыма жиі келеді. Есейген жылдары анам Əтрəкшал ауылының естеліктерін көп айтатын, сондағы мен құшағында домбыра ұстап отыратын кісі Батыр аға екен, ол мені жақсы көріп, біздің үйге келген сайын мені алдына отырғызып, домбыра ұстатып, əн айтқызатынын жиі естідім. Менің сондағы айтатын өлеңім «мен де кеттім шөпшекке, қыздар да кетті шөпшекке» деген жеңіл-желпі əн екен.

Атамыздың жанында жүріп, көзін көрген, кейін қалаға көшіп келгенімізде бізбен көрші тұрған Қайырбай ағамыз маған атам туралы көп қызық жайттарды айтып берген.

Қайрекеңнің сондай əңгімелерінің бірі – «Сұлтанабад ау- ылында тікенек бұталардың тамыры тереңге тартқан, бойлары кейде бір метрден асатын өсімдіктерді атамыз əуелі бұтаның түбін арқанмен мықтап байлап, сосын арқанды екі жақтан иығына оратып тартқанда бұтаның тамыры қап-қара топырақпен араласа қопарылып шығатын. Мен ол кезде жаспын, атадай палуан болсам деген арманым да жоқ емес. Сондықтан,өзімді сынайын деп атаның ісін ақырын қайталағым келетін, қолға арқанды алғанымда, қанша күшенсем де əлім келер емес-ті. Сосын мен неге басқа ағайындар бұл іске жоламайды деген сұрағыма жау- ап тапқандай болатынмын»,– дейтін де өте əдемі жымиып күлетін. Артық мақтанбай шындықты айту Қайрекеңе тəн қасиет еді. Себебі, Қайрекең иманды, ұяты бар жан болатын. Ол мақтанға да, мақтауға да лайық адам болды. Өмірден қанша тауқымет көрсе де кез келген жерде ашылып сөйлей бермейтін. Менің бағым онымен аға деп те, көршім деп те жақын, сұхбаттас тіпті сырлас болғаным. 1970 жылдары біз үшін үлкен ағалардың əңгімесін тыңдау өте қызық болатын. Содан болар, кешкі тамағымызды ішкеннен кейін үйіне барып, əңгімесін тыңдап, бір рахаттанып қалатынмын. Ал, біздің үйге шалдар жинала қалса, Қайрекең бөлменің бір бұрышына жайғасып өзінен үлкен кісілердің əңгімелерін үнсіз отырып тыңдайтынына талай куə болдым. Сол жылдары адамдар не деген жылы жүзді, не деген мейірімді еді, көз алдымнан күні бүгінге дейін кетер емес. Кейде сол сəттерді еске алып, соны аңсап жасырын жылап қоятын сəттерім де болып тұрады расында. Қайырбай аға армандағандай иран қазақтарының арасынан ресми түрде ауыр атлетика саласында облыстық, республикалық жарыстарға қатысып бірнеше дүркін жүлделі орын иеленді. Қала үшін, қазақ үшін мақтанышымыз болды. Оның бапкері жергілікті баршаға танымал Мəлік деген үлкен жүректі жан. Ол да бұл пəни дүниеден өтіпті. Алла жанын жаннатта қылғай. Ол ұдайы Қайрекеңе қолдау көрсетіп жүрді. Қайрекең де өле-өлгенше Мəлікті қатты сыйлап, жақсы көріп кетті. Мəлікті барлық

қазақ жастары сүйіп өсті. Өйткені қаланың спортына жан салып қызмет жасап жүрген бапкерлер қазақ балаларының дарыны мен таза жанын сүйетін. Қазақтарға нағыз қол ұшын беріп, жетелеп жүріп ел қатарына қосылуларына Мəлікпен қатар Сейдейін аға, Азəри ағалар да айрықша үлес қосты. Олар қаланың танымал ірі бапкерлері ретінде қазақ балаларының тұлғалануына көп еңбек сіңірді. Қайрекең олардың алдында зор беделге ие болды. Мəлік, Сейдейін мен Азəри бапкер ретінде шығыстың ежелгі палу- аны, ер мінезді ірі тұлғаларын елестететін-ді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға