Google Loon ауа шары Жерді 22 күн ішінде толық айналып шықты
2013 жылы Google компаниясы Google Loon жобасын бастады. Жобаның мақсаты – интернетке қолжетімсіз аудандарды интернет желісіне қосу. Күн батареясымен жасақталған ауа шарлары стратосферада 20 км биіктікте ұшып жүруі тиіс. Бұндай биіктікте желдер тұрақты соғып тұрады. Сондықтан шарлар бір түзудің бойымен тұрақты түрде ұшып жүреді. Шарлар санының көптігі белгілі бір аумақты интернетпен толық қамти алады.
Жоба аясындағы тәжірибелер жалғасуда. Осының нәтижесінде Ibis-167 шары Жерді 22 ақ күнде айналып өте алды.
Google шарлары бір ортақ коммуникациялық жүйе құра отырып, табиғи жағдайлары қиын аумақтарда үзіліссіз интернетті ұсына алады. Әрбір шар құрлықтың 40 км диаметр аумақты қамтиды.
Әрбір құрылғы «конверттен» (ішіне гелий толтырылған 15 метрлік полиэтелен қаптамасы), күн батарейкалары мен 10 кг салмағы бар қажетті құралдардан жасақталған. Тасымалданатын қорапша ішінде аккумуляторлар, электроника мен радиоқабылдағыштар жинақталған. Бұлар қасындағы басқа шарлар мен Жердегі абоненттермен байланыс үшін қажетті. Күннен алынған энергия түндегі жұмысты қамтамасыз ету үшін жинақталады. Күн шуақты кезде құралдар 100 Вт қуатқа дейін бере алады.
Әзірге Google тәжірибелерді 40-шы ендік бойында жүргізуде. Жүздеген шарлар Жаңа Зеландия, Аустралия, Чили мен Аргентия тұрғындарына қызмет көрсетуде. Тәжірибе қорытындылары сәтті болған жағдайда, оларды кең ауқымды пайдалану жоспарда.
Айтпақшы, жоғарыда аталған Ibis-167 шары Жерді екінші рет айналып шықты. Жалпы алғанда, Google Loon жобасының шарлары 500 000 км аралықты ұшып еңсерді.