Жаңалықтар

Гонконг Қазақстанның Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияға шығатын қақпасы болуға дайын

Гонконг Қазақстанның Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияға шығатын қақпасы болуға дайын
Фото: invest.gov.kz 28.09.2023 14:21 2999

Әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі Гонконгта Индустрия федерациясының негізінде Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінің бизнес қауымдастығы үшін Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kzақпараттық агенттігі.

Брифингтің мақсаты – тараптар арасындағы екіжақты инвестициялық байланыстарды кеңейту.

Іс-шарада «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали Қазақстанның инвестициялық ахуалы, елдің бизнес мүмкіндіктері туралы баяндама жасады, сонымен қатар гонконгтық компанияларды Қазақстанда инвестициялық жобаларды белсенді жүзеге асыруға шақырды.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Федерация төрағасының орынбасары Рики Чан Гонконг компанияларының елдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін тереңірек зерделеу үшін Қазақстанға келуге ниетті екенін мәлімдеді. Кейін «Бір белдеу, бір жол» саммиті аясында KAZAKH INVEST пен Гонконг өнеркәсіптері федерациясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ саммит аясында өңірдің «Invest Hong Kong» инвестицияларды ынталандыру агенттігінің басшылығымен кездесу өткізіліп, тараптар екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту, инвестиция тарту саласында тәжірибе және білім алмасу туралы келісті.

Сонымен қатар, Гонконгқа сапары аясында ұлттық компанияның басқарма төрағасының орынбасары аудандық сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры Патрик Юнгпен кездесу өткізді.

Патрик Юнг Гонконг компанияларының Қазақстанда экономиканың басым секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылықтары туралы айтты. Сонымен қатар, ол Гонконг қор биржасында листинг рәсімінен өтуге ниет білдірген қазақстандық компанияларға қолдау көрсетуге уәде берді. Келіссөздер соңында тараптар арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Гонконгтың Бас сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Өнеркәсіптің әртүрлі салаларын ұсынатын 30-дан астам гонконгтық компаниялармен жүргізілген келіссөздер нәтижелері бойынша жергілікті инвесторлардың Қазақстанмен ынтымақтастыққа жоғары қызығушылықтары атап өтілді. Атап айтқанда, іскер топ жетекшілері қазақстандық бизнестің Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияға «шлюзі» болуға дайын екендіктерін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға