Жаңалықтар

Гомишан

Гомишан
27.08.2014 03:23 2499

Иран қазақтары мұндағы өмірінің бастапқы жылдарын иранның шекара аймағында орналасқан Түрікмен сахарасында өткізді. Олармен тіліміз, дініміз бір қауымбыз деген ой болды. Түрікмен сахарасы иранның солтүстігі мен солтүстік шығысында Каспий теңізінің шығыс жағалауынан иранның шығысына қарай созылған кең дала. Түрікмен сахарасының негізгі халқын түрікмендер құрайды, ең үлкен қаласы Гүмбез Кавуыс одан кейінгілері Бəндəр Түрікмен, Ақ қала, Күміс төбе (Гомишан) деп аталады. Қазақтар иран жеріне қадам басқанда шекараға ең жақын шағын қала Гомишан болды. Қазақтардың алғашқы тұрағы да Гомишан төңірегі болды. Түрікмендермен тату өмір кешті деу қиын. Олардың қазақтарға кемсітіп қараулары басымдау болды. Бірақ оған көнетін қазақ болмады. Өйткені рулық жүйедегі қазақтарды басқаратын басшы батырлары анау-мынауға көндігетін жандар емес-ті. Түрікмендердің бір жақсы артықшылығы, істің нəтижесіне сенеді. Сол үшін қазақтардың өжет мінезіне, берік ұстанымына көзі жеткен олар қазақтарды сыйлай бастады. Оған бірнеше оқиға себеп болды. Бірі- түрікменнің бір серісі қазақтың хас сұлу қызына ғашық болып, оны айттырмай, ешкімнің келісімінсіз алып қашады. Мұсылмандық жəне ұлт-тық дəстүр бойынша, ол қыз жасы келген, ақылы түзу болып, өзі тұрмысқа шығуға келісім берсе, алып қашқан кісі, екі куəгердің қатысуымен, неке қиюға құқығыбар. Түркімендер шариғатты қатты құрмет тұтады. Олардың салтында, алып қашқан қызды келісім бергенше қамауда ұстап отырады, сол арада сөзшең əйелдерді жеңгетай етіп, дəнекерлікке жіберетіндері тағы бар. Əйтəуір некесін қиғанша оны зорламайды. Түрікмендерде қыз алып қашу дəстүрі де жоқ. Олардың қазақ қызын алып қашуын қазақты менсінбеуі əрі көзге ілмеуі деп қабылдаған қазақтар ол кездері ауыл болып бір жерге шоғырлана алмай шашыраңқы жүрген болса да суық хабарды естіп, суыт əрекетке көшті. Нар жігіттерін атқа қондырды. Қазақ аруы да түрікмен салы қаншама сəн-салтанатты өмірге уəде беріп жатса да намы- сын қорғап, жоқтаушысы бар екендігіне сеніп, ауыз ашпай, дəм де татпай уақытын күтумен болыпты. Қазақтар ойда жоқ жерден пайда болғанда түрікмен серісі ызалы болса да елдік дəстүрге көнуге мəжбүр болады, қазақтардың жұпыны халіне қарап, екі жақтан палуандар жекпе-жекке шықсын, қыз тағдыры үшін күрессін деген ұсыныс айтылады. Іле- шала жұртшылық жиналып, екі жақтың майдангерлері айнала жиналып, күрес алаңын құрады. Күрес əп-сəтте ешкімге ойлануға мұрша бермеген қазақ палуанының таза жеңісімен аяқталады. Сондағы күрестің басталар кезінде бойы екі метрден кем түспейтін түрікмен палуаны, ірі денесі, айбарлы қабақтары мен күректей қолдарына сеніп, ортаға шыққанда азғантай қазақтың құтын қашырған еді. Өйткені ортаға шыққан қазақ жігіті оның алдында шақалақтай болып көрінді. Түрікмен серісінің көңілі көтеріңкі, төрелікке сайланған ақсақал күресті бастатты. Қазақ жігіті қарсыластың іргесінде көйлеңкілеп тұрған күйінде, оң қолымен түрікмен палуанының сол қолын алақанның жоғарғы буынына шеңгелдеп, денесін сол жаққа біраз ойыстырып, лезде төмен қарай тартып қалды да, сол аяғымен оның оң аяғының өкшесіне тірек болып тұрған соңғы сызығын жерден ажыратып, жоғары көтерген кезде түрікмен палуаны өз салмағымен қара тау жерге құлағандай, аяғы көктен келе құлады. Ес жия алмай жерге қадалды. Қазақтың іштен орап қарсыласты өз күшімен жеңу əдісі екен. Көргендер сенерін де, сенбесін де білмей аң-таң. Қазақ жігітінің таза жеңісіне ешкімнің де шүбəсі жоқ. Сонымен бұл күрес аңызға айналды, өйткені, бəрі қас қағым сəтте болды.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға