Жаңалықтар

Голливудта скандал өршіп тұр

Голливуд жаңалықтары не дейді?
Голливудта скандал өршіп тұр
10.11.2017 13:51 2760

«Бұның бәрі «мыстан аулау» эффектісіне алып келіп жүрмесін де» (с) Вуди Аллен

Голливудтан күн сайын жетіп жатқан оқиғалар хроникасынан Харви Вайнштейн туралы кем дегенде бір жаңалық еститін жағдайға жеттік. Күн сайын біреуі одан зорлық көргенін мәлімдеп жатыр, әйтеуір.

 

Харви Вайнштейн / фото: Alexander Koerner/Getty Images Europe (2016)

Басы дауға қалған продюсерден теріс айналған әріптестер мен ұйымдар кино индустриясына біраз тоқырау алып келетін түрі бар. Мынадан-ақ болжай беріңіз: Вайнштейн әлдекімдерді жыныстық қатынасқа тартты деп сыбыс тарағаны сол-ақ, өзі құрған «The Weinstein Company» студиясы оны қатарынан шығарып тастады. Теріс айналғандардың ішінде өз бауыры Боб та бар.

Продюсердің басына келген жамандық осымен бітті десеңіз – қателесесіз. Көп кешікпей әйелі Джорджина Чепмен ажырасатынын мәлімдеді. Жәбір көрген әйелдердің айыптаулары негізінде Нью-Йорктың және Лондонның полициясы іс қозғады. «Оскар» сыйлығын беретін Америка киноөнерінің академиясы, сондай-ақ АҚШ Продюсерлер гильдиясы Вайнштейнді құрамынан шығарып тастады. Бұл тек соңғы бір айға жетпейтін уақыттың ішіне болған оқиғалар. Даудың әзірге аяқталар түрі жоқ.

Басылымдар мен жекелеген журналистер одан жәбір көргенін жариялаған қыз-келіншектер арасында Анджелина Джоли, Гвинет Пэлтроу, Азия Ардженто, Мира Сорвино, Розанна Аркетт, Кара Делевинь, Леа Сейду, Лина Хиди, Пас де ла Уэрта, басқа да танымал актрисалар, модельдер, продюсердің қарамағында жұмыс істеген қызметкерлер де бар екенін жарыса жазып жатыр. Олардың ішінде жыныстық зорлыққа ұшырағандар да, оның зорламақ әрекетінен аман құтылып кеткендер де кездеседі.

Вайнштейннің дауы тізбек реакциясын тудырды. «Масқара тақтасында» оның есімі енді жалғыз емес. Бүгінгі таңда жыныстық қатынасқа тартқысы келген немесе жаман ойына күшпен қол жеткізген кинотұлғалардың есімі үнемі жаңарып жатыр. Қазір актер, екі рет «Оскар» алған Кевин Спейсидің, екі «Оскары» бар тағы бір актер Дастин Хоффманның, режиссер, продюсер Бретт Рэтнер мен режиссер Джеймс Тобактың есімдері Вайнштейнмен қатар айтылып жүр.

Хоффманды айыптағандар арасында актрисалар жоқ. Анна Грэм Хантер есімді блогер мен Венди Рисс есімді сценарийші ғана актердің қырындағанын мәлімдеді. Ал режиссер, сценарийші Джеймс Тобактың ұят қылығына бірнеше әйел шағымданыпты. Бір қызығы кинематографшының бәріне қолданылатын бір ғана амалы бар екен: жас актрисаларды әңгімеге тартып, кіші Роберт Даунимен дос екенін, Голливудта танысы көп екенін айтып мақтанатын көрінеді.

Бретт Рэтнер / фото: Axelle/Bauer-Griffin

"Қарбалас сәт" ("Rush Hour") трилогиясын, "Отбасы адамы" ("The Family Man"), "Қызыл айдаһар" ("Red Dragon"), "Х-адамдар: Соңғы шайқас" ("X-Men: The Last Stand") секілді хит-фильмдерді түсірген режиссер Бретт Рэтнерді айыптағандар аз емес. Одан жәбір көргендердің көбі – актрисалар.

Аталған тұлғалардың әрекеттері қарсы жыныстың өкілдеріне бағытталды. Осындай жаңалықтардан кейін олардың өнердегі еңбектерін жақсы көретін біраз көрермен шок алған шығар. Бірақ нағыз шок Спейсидің төңірегінде болды. Энтони Рэпп есімді актер 14 жасында Кевин Спейсидің секс-құрбанына айналуға шақ қалғанын жариялағанда Голливудта онсыз да өршіп тұрған секс-скандал дала өртіндей лаулай жөнелді. Артынша іле-шала актердің өзі каминг-аут жасап, өзінің гей екенін мойындады. Бұл толеранттылыққа көңіл бөлетін қауымның алдында өзін ақтап алу үшін жасалған әрекет деп бағаланды. Спейсиді айыптау Энтони Рэппен бітпеді. Онымен бірге «Картадан тұрғызылған үй» ("House of Cards") сериалында жұмыс істеген бірнеше адам актердің жыныстық қатынасқа тартпақ болған ниеті туралы аноним түрде хабарлапты. Мәлімдеме жасаған жәбір көрушілер бұнымен аяқталмайды.

 Кевин Спейси / фото: Dimitrios Kambouris/Getty Images North America (2016)

Әркімнің жыныстық қалауы мен ұят тірліктерін тізіп отырғым келмейді. Бәрібір кімнің не істегенін бір материалға сыйғыза алмаспыз. Мақсатымыз да басқа. Осы дау-дамайдың қандай кері салдары бар, соған тоқталайық.

Вайнштейн дауынан кейін «The Weinstein Company» өндірген, 22 желтоқсанға жоспарланған «Токтар соғысы» фильмінің прокаты кестеден алынып тасталды. Фильмнің табысына Вайнштейн дауы кері әсер етеді деп қорыққан компания басшылығы осындай шешім қабылдады деген ақпар бар. Картина өнертапқыштар Томас Эдисон мен Джордж Вестингауз арасындағы текетіресті баяндайды. Енді оның қашан шығатыны әзірге белгісіз. Харви Вайнштейн өзі құрған компаниядан қуылды, бұрын өзі мүше болған өзге ұйымдар одан теріс айналды, бұрын алған атақ-марапаттарынан айырылды. Қысқасы оның кинодағы карьерасы аяқталды деп айта беруге болатын шығар, енді оған Голливудтың есігі жабық.

Бретт Рэтнер «Playboy» журналының негізін қалаған Хью Хефнер туралы өмірбаян фильм түсіруі тиіс еді. Скандалдан кейін ол режиссерлік міндетінен айырылып қалды. Оның үстіне Warner Bros. студиясымен жасаған ұзақ мерзімді келісімі де бұзылды. Киностудия Рэтнердің көмегімен бірнеше жоба ойластырған болатын. Бұның бәрі енді болмайды немесе басқа продюсердің көмегімен іске асады.

Кевин Спейсидің жағдайы тіпті мүшкіл. Ол басты рөлде ойнайтын «Картадан тұрғызылған үй» сериалының алтыншы маусымының түсірілімі тоқтап қалды. Түсірілім қайтадан қолға алынғанның өзінде оның кейіпкерін жобадан алып тастайды деген хабар бар. Ридли Скотт түсірген «Әлемнің бүкіл ақшасы» («All the Money in the World») кинокартинасынан Кевин Спейсидің рөлі қырқып алып тастайтын болды. Оның орнына Кристофер Пламмер келмекші, сөйтіп оның кейіпкері қатысқан көріністер қайтадан түсіріледі.

Жалпы алғанда аталған тұлғалардың және басқа да жұлдыздардың жеке басындағы дау-дамай олардың қатысуымен жасалған жобаның болашағына тікелей әсер етіп отыр. Бұдан кинокомпаниялар қаржылай шығын көреді, көрермендерге де кері әсерін тигізеді. Түптеп келгенде бүкіл кино индустриясына дағдарыс алып келуі мүмкін. Жоғарыда дәйексөз ретінде қолданылған Вуди Алленнің айтқанымен келіспеске амал жоқ: «Харви Вайнштейн, әрине, «ауру адам». Алайда оған қарсы басталған кампания «мыстан аулау» жағдайына әрине алып келмеуі керек. Яғни жұмысында ұнатып қалған әйелге жай ғана көз қысқан еркек, заңсыз әрекет етпедім бе деп уайымдап, дереу адвокатымен хабарласып кеңес алатын жағдайға алып келмеуі керек. Бұндай кампаниялар драмалы оқиғалар емес, пайда алып келсе екен дейсің». Мэтрдің айтқаны осындай мағынаға саяды.

Вуди Аленнің бұлай қауіптенуі де бекер емес. Өйткені зорлануға қатысты мәлімдемелер мен айыптаулардың азаяр түрі көрінбейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға