Жаңалықтар

ГИДРОЛОГИЯ

(гидро... және грек. logos — ілім) — табиғи суларды, оларда өтіп жатқан процестерді, олардың атмосферамен, литосферамен және биосферамен байланысын зерттейтін ғылым.
28.08.2014 09:52 19185

йцу

ГИДРОЛОГИЯ (гидро... және грек. logos — ілім) — табиғи суларды, оларда өтіп жатқан процестерді, олардың атмосферамен, литосферамен және биосферамен байланысын зерттейтін ғылым. Г-ның зерттеу нысандарына мұхиттар, теңіздер, өзендер мен көлдер, бөгендер, батпақтар, мұздықтар, топырақ және жер асты суларының физ.-хим. қасиеттері жатады. Жалпы Г. мұхиттар Г-сына (мұхиттану) және құрлық Г-сына жіктеледі. Құрлық Г-сы зерттеу нысандары бойынша: өзендер Г-сы; көлдер мен бөгендер Г-сы (лимнология);  батпақтар Г-сы (гельматология); жер асты суларының Г-сы (гидрогеология);  мұздықтар Г-сы (гляциология) болып, ал зерттеу бағыты мен әдіс-тәсілдеріне қарай жалпы Г., гидрография, гидрометрия, инж. Г. және Г-лық болжам салаларына жіктеледі. Мұхиттану немесе мұхиттар Г-сы — дүниежүз. мұхитта өтіп жатқан физ., хим., геол. және биол. процестерді зерттейді. Мұхиттану мұхит физикасына (физ. мұхиттану, теңіз физикасы), мұхит биологиясы мен геологиясына, мұхит гидрографиясына, т.б. бөлінеді. Республика аумағындағы 85 мың өзен мен маусымдық жылғалар, 48 мыңнан астам көлдер, үлкенді-кішілі жүздеген бөгендер мен тоғандар, т.б. су объектілерінің Г-лық жағдайы олардың геогр. орнына, жер бедеріне және климатқа тығыз байланысты қалыптасқан. Қазақстан жерінің жазық бөлігінде жиналған қар жамылғысындағы су ресурстары, қардың еру режимі, қар түсу мен қар еру кездеріндегі метеорол. жағдайлар мен топырақтың гидрофиз. ахуалы, т.б. факторлар мен деректер әр жыл сайын шығатын гидрологиялық жылнамаларда жарияланып отырады. “Қазгидромет” мекемесі, Қазақ энергет. ғыл.-зерт. ин-ты, ҚР Білім және ғылым мин-нің Геогр. ин-ты, Гидрогеол. және гидрофиз. ин-ты, ҚазМУ, т.б. ғыл. және өндірістік мекемелердің тікелей қатысуымен Г-ның әр түрлі салалары бойынша кешенді Г-лық зерттеулер, сондай-ақ су объектілерінің режиміне тұрақты және экспедициялық бақылаулар жүргізіліп келеді. Қазақстан өзендерін энергетикада пайдалану мәселелері (Ш.Шөкин), ашық арналардың инж. гидрологиясы және су объектілерінің экол. мәселелері (А.Тұрсынов, Ж.Достайұлы, И.М. Мальковский), Нұра, Сарысу, Торғай, Ырғыз және Кеңгір өз. алабтарындағы су қорларын анықтау және оны тиімді пайдалану жолдары (Р.И. Гальперин, М.Молдахметов), өзендер атырауының динамикасы (С.Әбдірәсілов), өзен арналарының пайда болуы және олардың эрозиясы (М.Жандаев), Балқаш к. деңгейінің өзгеруіне климаттық факторлар мен оған құятын өзендер суын реттеудің әсері (Тұрсынов, С.Дәулетқалиев, И.И. Скоцеляс, Д.Жүсіпбеков), Жетісу алабындағы өзендердің статист. өлшемдерін анықтау (В.М. Болдырев, Л.П. Мазур), Ақдала күріш алқабын суландыру тәсілдері (М.Сәрсенбаев, А.Г. Чигринец), т.б. мәселелер зерттелді.

 

Әдеб.: Пальгов Н.Н., Реки Казахстана, А.-А., 1965; Калинин Г.П., Проблемы глобальной гидрологии, Л., 1968; Плащев А.В., Чекмарев В.А., Гидрография СССР, Л., 1978; Достайұлы Ж., Жалпы гидрология, А., 1996.         

 

                                                                                                                           Ж. Достайұлы

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға