Жаңалықтар

Гидродинамика

ГИДРОДИНАМИКА (гидро... және динамика) — гидроаэромеханиканың сығылмайтын сұйықтықтың қозғалысын және оның өзімен шекаралас орналасқан қатты денемен әсерлесуін зерттейтін бөлімі.
28.08.2014 09:46 16452

про

ГИДРОДИНАМИКА (гидро... және динамика) — гидроаэромеханиканың сығылмайтын сұйықтықтың қозғалысын және оның өзімен шекаралас орналасқан қатты денемен әсерлесуін зерттейтін бөлімі. Г. — сұйықтық пен газ механикасының ертеден келе жатқан әрі жақсы дамыған саласы. Г. көмегімен сұйықтықтың жалпы қасиеттеріне механиканың негізгі заңдары мен тәсілдерін қолдана отырып, сұйықтық алып жатқан тұтас ортаның кез келген нүктесінің жылдамдығы, қысымы тәрізді өлшемдер анықталады. Г-ның негізгі тәсілдері дыбыс жылдамдығынан (шамамен 330 м/с1200 км/сағ) жылдамдығы төмен газ қасиеттерін зерттеу үшін де пайдаланылады. Г. теориялық Г. және эксперименттік Г. болып екіге бөлінеді. Теориялық Г-да сұйықтықтың жеке бөлшектері сұйық орналасқан тұтас ортаның материалдық нүктелері ретінде қарастырылады немесе сұйықтық алып жатқан кеңістіктегі жылдамдықтар өрісі зерттеледі.

Г. тұрғысынан алғанда сұйықтықтың ең басты қасиеті — аққыштық пен тұтастық. Сұйықтықтың газ тәріздес ортадан негізгі айырмашылығы — оның сығылмайтындығы. Мұндай сұйықтықтар үшін үзіліссіздік теңдеуі мен Навье-Стокс теңдеуі қолданылады.

Тұтқыр сұйықтық қозғалысы қарастырылғанда, ағыс сипаттамасы болып табылатын өлшемсіз шама — Рейнольдс саны қолданылады.

Эксперименттік Г. тәсілдерінің қатарына сұйықтық қозғалысы мен оған шекаралас орналасқан қатты дене маңындағы ағысты кішірейтілген масштабта қайта жасап алуға негізделген модельдеу тәсілдері жатады. Г-ның көптеген есептерін шешуге ұқсастық теориясы мен ұқсастық өлшеміне негізделген Г-лық тәжірибелер де қолданылады.

Г. әдістері гидравлика, гидрол. және гидротех. есептерін шығаруды, гидротурбинаны, сорғыларды, құбырларды, т.б. есептеуді табысты шешуге мүмкіндік береді. Әр түрлі жағдайдағы (тұтқыр күштер, магниттік Г-лық күштер, т.б.) ламинарлық ағыс Г-сы (матем. модельдеу әдісімен) ҚазҰУ-де, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым мин-нің Теориялық және қолданбалы математика ин-тында, Қазақ энергет. ғыл.-зерт. ин-тында, ал турбуленттік ағыс Г-сы жоғарыда аталған ин-ттарда, сондай-ақ Алматы энергет. ин-тында, Қазақ архитектура-құрылыс академиясында (Б.Қ. Әлиаров, Б.П. Устименко, В.П. Кашкаров, Қ.Е. Жауғаштин, Ш.А. Ершин, З.Б. Сақыпов, т.б.) зерттелді. Арналық ағындар мен гидротех. құрылыстар Г-сына байланысты зерттеулер Қазақ энергет. ғыл.-зерт. ин-тында, Тараз су ш. ғыл.-зерт. ин-тында, ҚазҰУ-де, т.б. (Р.Ж. Жолаев, Ә.Ы. Арықова, Т.Х. Ахмедов, А.Ә. Тұрсынов, т.б.) жүргізілді.

 Әдеб.: Биркгоф Г., Гидродинамика, пер. с англ., М., 1963; Лойцянский Л.Г., Механика жидкости и газа, 5 изд., М., 1978.

 

                                                                                                                                   Б. Жүсіпов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға