Жаңалықтар

ГФР Бундестагының делегациясы Қазақстанға келді

ГФР Бундестагының делегациясы Қазақстанға келді
Фото: СІМ 21.02.2023 20:24 942

Қазақстанға ГФР Бундестагының «Германия – Орталық Азия» парламенттік тобы мүшелері құрамындағы ресми делегация келді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Сапар аясында топ төрағасы Ойген Шмидт және оның әріптестері Томас Барайсс, Кристиан Горке мен Кристиан Шрайдер Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің және Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Склярдың қабылдауында болды, сондай-ақ олар Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіровпен кездесті.

21 ақпанда өкілді неміс делегациясымен Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко да кездесіп, Қазақстан-Германия қарым-қатынасындағы және халықаралық күн тәртібіндегі басым мәселелер бойынша пікір алмасты. 

Осы жылы 19 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы тұрғысында неміс депутаттары «Әділетті Қазақстан» құру аясында елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік өзгерістердің ауқымды бағдарламасы туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады.

Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы тығыз саяси диалогты қолдап, оның ішінде ГФР Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің ү.ж. ҚР-ға жоспарланған сапарын қолдады және Қазақстан-Германия қарым-қатынасының негізгі драйвері сауда-инвестициялық байланыс болып табылатынын атап өтті. 2022 жылы екіжақты сауда айналымы 2,8 млрд АҚШ долларды құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен шамамен 25%-ға жоғары. Қазақстанға ГФР-дың Орталық Азия өңірімен экономикалық қызметінің 80%-дан астамы тиесілі.

Министрдің орынбасары инвестициялар, ауыр машина өндірісі, ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы және т.б. салалардағы дәстүрлі қарым-қатынаспен қатар өткен жылы жарияланған Астанада Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашу туралы неміс бастамасы Қазақстан мен Германияның жаһандық жылынумен және энергетикалық қауіпсіздікпен күреске үлес қосуға деген өзара ұмтылысының көрінісі болып табылады.

Делегация Қазақстандағы сапарын Алматыда жалғастырып, қала әкімі Ерболат Досаевпен кездеседі, сондай-ақ Қазақстан-Неміс университетіне және Республикалық неміс драма театрына барады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға