Жаңалықтар

Герцшпрунг-Рессел Диаграммасы

ұлдыздардың спектрлік кластары (немесе бетінің темп-расы) мен абсолют жұлдыздық шамасының (немесе жарқырау логарифмінің) арасындағы байланысты көрсететін диаграмма.
28.08.2014 08:54 11955

uhg

ГЕРЦШПРУНГ — РЕССЕЛЛ ДИАГРАММАСЫ — жұлдыздардың спектрлік кластары (немесе бетінің темп-расы) мен абсолют жұлдыздық шамасының (немесе жарқырау логарифмінің) арасындағы байланысты көрсететін диаграмма. Г. — Р. д. бойынша жұлдыздардың табиғаты және дамуы жөнінде қорытынды жасауға болады. Г. — Р. д. осы тәуелділікті тұңғыш байқаған дат астрономы Э.Герцшпрунг (1873 — 1967) пен оны мұқият зерттеген америкалық астроном Г.Ресселлдің (1877 — 1957) есімдерімен аталған. Г. — Р. д. — жұлдыздардың күйін көрсететін ерекше диаграмма. Бұл диаграммада физ. сипаттамалары ұқсас болып келген жұлдыздар жеке топ құрайды. Мұндай топ жұлдыздардың бастапқы күйі мен олардың бұдан былайғы эвол. сатысын сипаттайды. Белгілі жұлдыздардың көпшілігі бас тізбекте орналасады (1- және 2-суреттерді қ.). Г. — Р. д. диагоналының бойында жарқырауы Күннен 1000 есе артық ыстық көгілдір жұлдыздардан (мыс., Спика; спектрлік класы В) бастап, ақ (Сүмбіле; спектрлік класы А), ақ сарғыш (Процион; спектрлік класы ұ), сары (Күн; спектрлік класы G), қызғылт сары (Киттегі ; спектрлік класы К) жұлдыздар, одан әрі жарқырауы Күннен 1000 есе бәсең қызыл ергежейлі жұлдыздар (Крюгер 60 жұлдызы; спектрлік класы М) орналасқан. Мөлшері үлкен алып жұлдыздар — сары (Капелла), қызғылт сары (Арктур), қызыл жұлдыздар (Альдебаран) — бас тізбектің оң жағына жайғасқан. Жарқырауы өте үлкен (Күннен 104 — 105 есе артық) асқын алып жұлдыздар, барлық спектрлік кластағы жұлдыздардың аз ғана тобы Г. — Р. д-ның жоғарғы жағын алып жатады (мыс., Ригель; спектрлік класы В және Бетельгейзе; спектрлік класы М). Жарқырауы бірдей, бірақ мөлшері бас тізбектегіден үлкен жұлдыздар субалып жұлдыздар деп аталады. Субергежейлілер — Галактиканың сфералық құраушысындағы жұлдыздарға қарағанда металы аз, бірақ бас тізбекте жататын ергежейлі жұлдыздар. Ал ергежейлі жұлдыздар — бас тізбектен 10 жұлдыздық шамадай төмен жататын өте тығыз кішкентай жұлдыздар. Әр топтағы жұлдыздар үшін масса, жарқырау және радиус арасындағы тәуелділік әр түрлі болып келеді. Екі Г. — Р. д-ның (1- және 2-сурет) бір-бірінен өзгеше болуы Галактиканың жазық және сфералық құраушыларының жасы мен бастапқы хим. құрамының арасында айырмашылық болатындығымен түсіндіріледі.

 

 

                                                                                                                                 В. Әжбенов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға