Жаңалықтар

Германияның «Lufthansa» әуекомпаниясы Алматыда өз өкілдігін ашады

Германияның «Lufthansa» әуекомпаниясы Алматыда өз өкілдігін ашады
Фото: lufthansa.com 14.09.2023 17:48 723

Ұшу географиясын кеңейту және рейстер санын ұлғайту жөніндегі жұмыс шеңберінде ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев «Lufthansa Group» Орталық Азия бойынша бас менеджері Бернхард Водль мырзамен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында тараптар одан әрі ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде Қазақстан әуежайларында «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалану мүмкіндігін, жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді және Қазақстан мен Германия арасындағы 2023-2024 жж. күзгі-қысқы кезеңде «Lufthansa» әуекомпаниясының ұшуларын орындауды талқылады.

«Lufthansa Group» өкілі Қазақстан мен Германия арасындағы «Lufthansa» әуекомпаниясының ұшуларын орындауға көрсеткен қолдауы үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Водл мырза ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап компанияның бүкіл Орталық Азия бойынша қызметіне жауап беретін Алматы қаласында«Lufthansa Group» өкілдігінің ашылуы туралы хабардар етті. Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға