Жаңалықтар

Германиядағы Мұстафа Шоқайдың зираты бұзыла ма?

Германиядағы Мұстафа Шоқайдың зираты бұзыла ма?
Фото: Wikipedia 13.06.2023 17:25 814

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров әлеуметтік желіде таралып жатқан Германиядағы Мұстафа Шоқайдың зираты туралы ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың зиратын бұзып, басқа жерге көшірейін деп жатыр деген ақпарат тарап жатыр. Бұл мәлімет расталған жоқ», - деді Айбек Смадияров.

Германиядағы ҚР елшілік қызметкері ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін тексерген.

Біздің елшіліктің қызметкері сонда барып, зираттың қызметкерлерімен сөйлесті. Ол зиратты фото, видеоға түсіріп, жағдайды өз көзімен көрді. Мұстафа Шоқайдың зираты орнында. Ол ешқайда көшірілмейді. Егер де бір жағдай болса, Германия тарапы бізге ескертеді. Сондықтан мұндай өтірік ақпаратты таратуды тоқтату керек», - деп сөзін түйіндеді ол.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде “Мұстафа Шоқайдың зиратын Германия Үкіметі бұзайын деп жатыр”, “Қазақстанға алып кетіңдер деп жатыр” деген ақпарат таралған еді.

Тез арада сүйегін Түркістанға жеткізіп, жерлеу керек. Мұстафаның бар арман-дерті Түркістан мемлекетін құру еді. Сондықтан Түркістанда жатқаны жөн. Үн қосайық, ағайын, – делінген желідегі жазбада.

Бұған дейін ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелді Мұстафа Шоқайдың сүйегін Қазақстанға әкелу мәселесін көтеріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазған болатын.

Мұстафа Шоқай тағдырдың жазуымен Берлинде өмірден озып, мәйіті сондағы Сүлейман зиратына қойылды. Сүйікті де қадірлі өмірлік серігі Мария Шоқайдың сүйегі Парижде байыз тапты.Халық «өткенге салауат» дейді. Аллаға шүкір, заман өзгерді. Жоғалтқанымызды түгендейтін кезеңге де жеттік. Алаш буынының аса көрнекті өкілі, ұлы күрескер тұлға – Мұстафа Шоқайдың және оның зайыбы Мария Шоқайдың сүйегін өз Отанына әкеліп, арулап қайта жерлейтін мезгіл келді, - деп жазған болатын Мәмбет Қойгелді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға