Жаңалықтар

Германияда медициналық емдеу кабинетін ашқан Айнұр Өтегенмен сұхбат

Германияда медициналық емдеу кабинетін ашқан Айнұр Өтегенмен сұхбат
Фото: instagram/ainurotegen.kz 17.04.2024 18:00 4772

Бүгінгі кейіпкеріміз Айнұр Өтеген Германияда медицина саласында жұмыс істеп жүр. Ол Германияда медицина колледжін сәтті тәмамдаған соң, дертке шалдыққан қарт науқастарға күтім жасайды. Неміс ұлтының өкілдері арасында 8 жыл бойы жиған тәжірибесіне сүйеніп, арнайы медициналық көмек көрсететін жеке кабинетін де ашып үлгерген. Шетте жұмыс істеп жүрген отандастарымыздың әрбірі туған елінің дамуына өзіндік үлесін қосқысы келеді. Айнұр да білігі мен білімін шыңдаған соң Қазақстанда германиялық үлгідегі аурухана ашуды армандайды.

El.kz: Айнұр, ең алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қай жақтың тумасысыз, қай университетте білім алдыңыз?

Айнұр Өтеген: Атырау облысы, Қызылқоға ауданы Қоныстану дүниеге келдім. Германияда колледже мейірбике, соның ішінде қарттарға кәсіби күтім жасау деп аталады. Бұл мамандық Қазақстанда жоқ, бұл мамандықты таңдауыма өзіндік себептер болды.

El.kz: Германияға көшуді қанша уақыт жоспарладыңыз? Ең бірінші, неден бастадыңыз?

Айнұр Өтеген: Бұл негізі ұзақ процес болды. Себебі, мен бірінші Қазақстанда, Алматыдағы медициналық колледжде оқыдым. Сол кездің өзінде менде медициналық колледжді бітірген соң, Асфендияров атындағы медицина академиясына түсе аламын ба, әлде түсе алмаймын ба деген күмән болды. Түсе алмаған жағдайда менде екінші «Б жоспары» болды. Колледжде 1 курстың ортасынан бастап іздестіріп жүрдім. Грантқа түсе алмаған жағдайда не істеймін деп уайымдадым. Сол сәтте менен кейін екі бауырым да оқып жатыр еді. Ата-анама салмақ салғым келмеді. Ата-анамның ақылы оқытуға еш мүмкіндігі келмейтінін түсіндім. Ол кезде Асфендияров университетіндегі оқу ақысы жылына шамамен 1 миллион 200 мың теңге еді. Осылайша шетелде қандай мүмкіндіктер бар екенін іздеп, қарастыра бастадым. Америка, Германия, тағы басқа елдерді зерттедім. Германияда неміс тілін білген жағдайда оқу тегін болатын. Осы мүмкіндік мотивация сыйлады. Күн сайын Германиядағы оқу туралы іздей бердім. Сөйтіп колледждегі 3 жылдық оқуым аяқталған соң, 2012 жылы университетке тапсыру үшін кешенді тестілеуден өту керек еді. Сол тесттен тиісті балды жинай алмай, Асфендияров академиясына түсе алмадым. Германияға кету жолдарын қарастырып, виза алу керегін түсіндім. Ал виза алу үшін шет тілдерін оқу керек болды. Осылайша, шет тілдері мамандығына Оралдағы университетке түстім. Ол жақтағы оқу ақысы төмен болғандықтан екінші рет оқуға түстім. 3 жыл оқып, тіл үйреніп, ағылшын деңгейімді жақсарттым. Неміс тілінде еркін сөйлей алмасам да, түсінетін деңгейге жеттім. 3-курста Германияға виза алдым. Былайша айтқанда, Германияға кетуді 5-6 жыл бойы жоспарлаған едім. Ең алғаш шетелге кету туралы ойдың туындауына грант ала алмай, колледждің білімімен қалып қою қорқынышы себеп болған еді. Германияға келген соң тағы колледжге оқуға түстім. Бірақ, бұл жақтағы білім менің жақсы білім алуыма, жұмыс табуыма, медицинаға түсуіме жол ашты. Бізде көбінесе Германияға келген соң бірден медицина университетіне түскісі келеді. Оған түсу оңай емес екенін айтқым келеді. Тіпті, немістердің өзі 5-6 жыл бойы кезекте тұрады. Медина университетіне түсу үшін алдымен колледжге түседі, бітірген соң 3 жыл тәжірибе жинайды. Содан кейін ғана университетке оқуға тапсырады. Бұл жақта ҰБТ-да жинаған балға ғана қарамайды. Қаншалықты зерексің, ақылдысың, IQ деңгейі қандай, күйзеліске қалай шыдайсың, ойыңды қалай жеткізесің, кез келген критикалық жағдайдан қалай шығасың деген сияқты арнайы тест тапсырғызады.

El.kz: Германияға барған соң орналасу, адаптация процесі, жалпы сол жақтағы өміріңіз қалай басталғанын толығырақ айтып берсеңіз...

Айнұр Өтеген: Негізі Германияға көшуім өте ұзаққа созылды. Күн сайын 2-3 сағатымды ізденуге жұмсадым. Көптеген адамдардан кеңес алдым. Қалай бару керек, бағдарламалардың бәрін тексеріп, қайсысы сай келетінін қарастырып, қалтам көтеретіндей тиімдісін табуға тырыстым. Себебі, ол кезде мен өзім студентпін, көп ақшам болмады. Кассир болып тапқан ақшама төлқұжат алдым, одан кейін Алматыға виза үшін барғанда да достарым көмектесті. Ол кезде барынша ата-анама салмақ салмай, кетудің жолын іздедім. Бірінші Штутгарт қаласының жанындағы кішкентай ауылға келдім. Әрине, келген кезде өте қиын болды. Бәрі қымбат, әсіресе, жол жүру ақысы қымбат еді. Штутгартан 25 шақырым жерде тұрдым, барып-келуіме 10 мыңдай (20 еуро) кететін. Ал менің ол кезде тапқан табысым 300 еуро ғана еді. Сондықтан алғашқы уақыттарда қиын болды. Адаптация кезінде орыс тілінде сөйлейтін, Қазақстанда тұрған немістер көп көмегін тигізді. Олар «Айнұр, сен қазір Германияда жалғызсың. Біз саған көмектесуге міндеттіміз» деп, менің автобуста тегін жүруіме ықпал етті. Олар автобус билеттерін өз қалталарынан төлеп, 5-6 реттік жолдың ақысын төлеп беретін. Ол билеттің ақысы 65 мыңға дейін шығады. Басында орналасып кетуіме көп көмектесті. Олар «Кезінде біз барған кезде қазақтар өте жылы қарсы алды, қолындағы нанын бөліп, үйіне паналатты. Қазақтар қамқор халық» деп айтатын. «Сенің ата-бабаң бізге көмектесті, енді біз саған көмектесуіміз керек» деп өте көп қамқорлық жасады. Ауруханада жұмыс істеп жүргенде де немістермен таныстым. Олар мені көлігімен үйден алып кетіп, тамағын беріп, қазақша өлең айтқызатын. Сол үйдегі әже менімен қазақша сөйлесіп, қазақша әзілдескенді ұнататынын айтқан еді. Байқағаным, көптеген немістер қазақша түсінеді. Кейде қазақ тіліндегі телебағдарламаларды қарайтын.

El.kz: Қазір Германияда кім болып, қай жерде жұмыс істейсіз? Жұмыс режимі қандай? Қаншалықты ауыр?

Айнұр Өтеген: Менің мамандығым – қарттарға кәсіби күтім жасайтын мейірбике. Оқудан кейін осы салада жұмыс істедім. Ал қазіргі таңда фрилансер-мейірбике болып жұмыс істеп жүрмін. Қарттарға кеңес беремін, белгілі бір ауру болған жағдайда қалай көмектесу керек, қандай күтім жасайды, қалай тамақтанғаны дұрыс немесе үкіметтен қандай пайда болады деген сынды сұрақтарға жауап беремін. Көбінесе қарт адамдардың балалары көмек сұрап жатады. Деменция кезінде адамдармен қалай байланысу керек, әсіресе, коммуникация  қандай болуы керек. Немесе үкіметтен профилактикалық тексерістер болады, сол тексерістерге дайындалуға байланысты науқастардың өзін немесе балаларын дайындаймын. Одан бөлек нутрициолог ретінде жеке кабинетімді аштым. Ол жерде арнайы аппараттарды қолданып, қосымша ем жүргіземін. Мысалы, біреулер детокс жасайды, арықтағысы келеді немесе иммунитеттерін қалпына келтіргісі келеді. Осындай мәселелерді қамтимыз. Қазіргі таңда ең бірінші болып мейірбикелермен жұмысты қолға алдым. Оларға нутрициолог ретінде тамақтану тәртібіне қатысты кеңес беремін. Неліктен мейірбикелер? Себебі, оларды нақты қандай мәселелер мазалайтынынан хабардармын. Атап айтсам, біріншісі – бітпейтін күйзеліс, екіншісі – кәсіби жанып кету, үшіншісі – арқасы ауырады. Менің кабинетімде осы үш мәселені шешетін мүмкіндік бар. Яғни, аппараттармен арқаға массаж жасауға болады. Мұндай концепцияны әлі ешкім жүзеге асырмады. Қазір түрлі компаниялармен жұмыс істеп көрген соң бойымда сенімділік пайда болды. Осылайша Германияда авторлық жобамды жасап жатырмын. Менің мақсатым – екі мәселенің шешімін табу. Қазір Германияда медициналық қызметкерлердің тапшылығы байқалады. Сондықтан олардың жұмысын жақсартуға үлес қосқым келеді. Егер денсаулығында ақауы бар медицина мамандарының қатары көбейе берсе, ахуал одан сайын нашарлай түспек. Олардың жұмысын аз да болса жеңілдету үшін Wealness бағдарламалар ойлап таптым. Екінші жағынан, Қазақстанда жұмыс таба алмай немесе жалақы аздығынан қиналып жүрген мейірбике ісі мамандарына да қол ұшын созғым келеді. Олардың тәжірибе жинап, мықты маман болып қалыптасуы үшін жол ашқым келеді.

Жұмыс режиміне тоқтала кетейін. Мейірбикелер 3 ауысыммен жұмыс істейді. Таңғы 6-дан түскі 14:30, кешкісі 14:00-ден 22:30-ға дейін, түнгісі 21:30-дан таңы 6:30-ға дейін. Жұмыс оңай емес. Сенбі-жексенбі күні жұмыс істегенде апта ортасында демалуға болады. Психикалық ауруы бар адамдармен жұмыс істегенде менталды тұрғыда ауыр болады. Соған да дайын болған жөн.

El.kz: Германиядағы медицина қандай деңгейде дамыған? Мейірбикелерді қалай бағалайды? Олардың деңгейі мен біліктілігі қандай? Жалақысы қанша теңге? 

Айнұр Өтеген: Германияда медицина өте жоғары деңгейде дамыған. Маған қазақстандықтар «Германияда оқығым келеді» деп жазып жатады. Мен оларға «Қазақстанда оқи беріңіз, себебі, Германияда оқуға түсемін дегенше 10 жыл уақыт кететін шығар» деймін. Бұл жақта кез келген адам дәрігер бола бермейді. Біздің елде дәрігердің бәрі біліксіз емес екені анық. Мықтысы да, осалы да бар. Сондықтан Қазақстанда білім төмен деп айта алмаймын. Бірақ, Германияда оқығысы келетіндер үшін тесттер ең жоғары балл жинау керек. Германияда медицинаның бірнеше саласы өте жақсы жолға қойылғанын байқадым. Мысалы, ауырып қалатын болсам, сақтандыру картасымен бара аламын. Егер дәрігерге жазылатын болсам, 5-6 айға дейін ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Дәрігерлер жетпейді. Адам болған соң ауырып тұрамыз. Ұзақ күте алмаймыз, осы тұсы қиынға соғады. Ал ауруханада жатып, үйге шығарса, отбасылық жағдайды барынша ескеруге тырысады. Үйінде қарайтын адам болмағанда жалғызбасты адамдарды амбулаторлық күтім іздеп, соларға тікелей тапсырады. Ауруханадан шыққан соң байланысты үзіп, қоштаса салмайды. Ол агенттік мейірбикелері науқасты әрі қарай қадағалап, ем-дом жасайтын келесі компанияға тапсырады. Солардың үйіне барып, жуындырып, тамақтандырып, дәрі-дәрмегін береді. Түскі уақытында басқа әріптестері барып, тағы бір қарап кетеді. Кешкі уақытта да төсекке жатқызып кетеді. Осындай жақсы жақтары бар. Мейірбикелерді төмен бағалайтын жағдайлар да кездеседі. Негізінен мейірбикелер орташа жалақыдан біршама жоғары ақы алады. Мысалы, 3,5-4 мың еуро жалақыны Германияда екінің бірі ала бермейді. Бастапқы жалақы – 3,5 еуро болса, қалғандары тариф бойынша өсе береді. Түскі-кешкі ауысымда жұмыс істейтіндерге қосымша бонустар төленеді. Жалпы халықтың көзқарасы өте жақсы. Мейірбикелер азайып кеткендіктен алтындай бағалап жатады.

El.kz: Немістердің менталитетін біздің елмен салыстырып, көзқарасыңызды айтсаңыз. Ұнаған және ұнамаған тұстары болса? Оларда науқастарға қарау мәдениеті қалай қалыптасқан?

Айнұр Өтеген: Маған ұнайтыны олар жауапкершілікті сезінеді. Ешкімнен ештеңе күтпейді. Сізге де көмектесемін деп ұмтылмайды. Басқа халықтар немістерді сараң деп ойлайды. Мысалы, олар жастайынан еңбектенеді. Болашақтарына инвестиция жасайды. Германияда той-томалақта да өзгелер үшін шығындала бермейді. Той-томалақ үшін максимум 25-50 еуро арасында сыйлық береді. Олар жиған-тергенін қарттық кезге жинап қойғанды жөн көреді. Маған ақшаны үнемдеп жүруге кеңес береді. Олар ешкімге артық шашыла бермей, өздерінің ақшасын үнемдеп жұмсайды. Қартайған шақта балаларына күні түсіп, кіріптар болғанын қаламайды. Мейірбике қызметтері бар агенттіктерге жазылады. Осылайша мен де болашағым үшін арнайы шот ашып, жинауды үйреніп жүрмін. Ұнамаған тұсы да жоқ емес. Қазақстанда әдетте жақының науқастанып қалса, ауруханаға барып, көңілін сұрап,  керек-жарағын беріп, тамақ апарып жатады. Ал Германияда тіпті туған балаларының жағдай сұрап келуі қиын. Келгеннің өзінде ең ұзақ 1 сағат отыруы мүмкін. Бірақ, бұл олардың менталитеті. Балаларына масыл болмайды, ешкімен ештеңе күтпейді. Әр ұлттың мәдениетінде өзіндік артық-кем тұстары болатынына көз жеткіздім.

El.kz: Германияға кетіп жатқан қазақстандықтар көп. Бас қосып, кездесіп тұрасыздар ма? 

Айнұр Өтеген: Германияда Штутгартта 3,5 жыл бойы ешқандай қазақтарды көрмедім. Бірақ қырғыздар көп болатын. Олармен сөйлесіп жүрдім. Берлинге көшкен соң 3-4 адаммен кездесіп, бірге уақыт өткіздік. Қазір Қазақстаннан келіп, дипломын сәйкестендіріп, дәрігер боп жүрген қызбен араласып тұрамыз. Соңғы кездері әлеуметтік желіде блог жүргізіп бастаған соң Еуропадағы қазақстандықтар көп тіркеліп жатыр. Олар бірге бас қосуға шақырады.

El.kz: Германияға кеткісі келетіндерге қандай кеңес бересіз?

Айнұр Өтеген: Маған Германияға жұмысқа барғысы келетіндер өте көп жазады. Олардың көпшілігі тіл білмейді. Бірінші, міндетті түрде тілді үйренуіңіз керек. Германияда тіл білмеген жағдайда қара жұмыстың өзіне тұру да қиынға соғады. Медициналық қызметкерлер жетпей жатса да, Германияның талаптары өте жоғары. Мысалы, дипломыңыз болмаса, тіл білмесеңіз жұмысқа тұру мүмкіндігі мүлдем болмайды. Менің жұмысқа тұруыма келісім-шартым бола тұра рұқсат берген жоқ. 2019 жылы неміс дипломы бола тұра да жұмысқа алмады. Яғни, тіл білмеген жағдайда қара жұмысқа тұруға да жол жабық. Көпшілік Германияға барғым келеді, барамын да көп ақша табамын деп оңайсынады. Тез-тез деп көп ақша тапқысы келсе де, ол мүмкін емес. Құжаттарды тапсыру процестері де ұзаққа созылады. Демек, бірнәрсені түсінгеніміз дұрыс, тіл білмеген жағдайда Германия есігін ашпайды.

El.kz: Елге қайту жоспарыңыз бар ма?

Айнұр Өтеген: Мен Қазақстанға пайдамды тигізгім келеді. Енді дамып жатқан елде мені алаңдататын негізгі мәселе – қарттар күтімі. Неліктен екенін түсіндіре кетейін. Қарттар біздің еліміздің гүлденуі үшін өте үлкен үлес қосқан, еңбектенген адамдар. Солар дұрыс күтім алса, Үкіметтен тиісті көмек көрсетілсе деймін. Германияда оқып, жинаған тәжірибемді Қазақстанда кеңінен қолданғым келеді. Одан бөлек, мейірбикелер мен дәрігерлердің жұмысы ауыр. Күні бойы тік жүргендіктен олардың да омыртқасы ауырады, жұмыста кәсіби күю синдромы болады, күйзелісте жүреді. Олардың жұмыс кестелерін көріп, шошып кеттім. Олар 24 сағат кезекшіліктен шыққан соң тағы 12 сағат жұмыс істейді. 36 сағат бойы жұмыс істейтін кадрларымызға денсаулығына төленетін бағдарламалар болса, германиялық компанияның Қазақстандағы филиалын ашу жоспарымда бар. Мақсатым осы – қарттар күтімінің үлгісін қалыптастыру.

El.kz:  Айнұр, Германияда жүргенде өзіңіздің басыңыздан өткен қызықты оқиғаңызды айтып беріңізші.

Айнұр Өтеген: Оқу оқып жүргенімде өте бір таңғаларлық жағдай болған еді. Біздің оқуда теория мен тәжірибе қатар жүреді. Сол тәжірибе жинау барысында маған мынадай бір тапсырма берді. Мамандығым қарттарға кәсіби күтім жасау болғандықтан маған деменцияға шалдыққан науқас түсті. Басты міндетім – науқастың қазіргі жағдайын ушықтырмай, профилактика жасау. Қолын қимылдату, ойлау қабілеті, концентрациямен қатар жұмыс істеу керек. Арбада отыратын науқас еді. Мен оған бөлменің төрт бұрышынан доп лақтырамын. Лақтырған кезде бірінші санайды, допты уақытылы ұстап-жіберу, қай бұрышқа қарай жіберу керек деген сияқты ережелер болды. Осы кезде айта кетейік, деменция кезіндегі негізгі мәселе, ол қысқа мерзімдегі есте сақтау деп аталады. Яғни, ұзақмерзімде эмоциямен байланысты естеліктер ешқашан ұмытылмайды. Ал қазіргі сәттегі, қолындағы кітапты қайда қойды, ас үйге не үшін барды, сағатқа қарасаң да ұмытып қалу деген сияқты мәселелерді шешу қиынға соғады. Жалпы қарттар күтімінде міндетті түрде науқастың биографиясымен жұмыс істейміз. Сүйікті тағамы қандай, хоббилары қандай, отбасы туралы, қанша баласы бар, мамандығы қандай екенінің бәрін білу керек. Ол кісі Берлинде бірнеше жыл бойы судья боп істеген. Ал Германия астанасында судья болып жұмыс істеген адам қандай болады? Ол еңсесі биік, әр қадамын сеніммен басатын, өте абыройлы болған, сөзін өткізе алатын, адамдардың мысын басады, оның соңғы сөзі көп нәрсені шешетін болған. Ауырмай тұрған кездегі өмірімен жақсы таныс болдым. Ал ауырған соң жүруді де ұмытып қалып, арбаға таңылған. Деменцияның соңы мүгедектікке дейін әкеледі. Себебі, адам қалай киініп-шешінуді, жуынуды, тіпті тамақ ішпек түгілі жұтуды да ұмытып қалып жатады. Сөйтіп, жаңағы науқасқа допты лақтырып, жаттығулар жасап отырғанда оған бір сұрақ қойдым. Ол кісінің судья ретінде ойын естіп, бір жағынан ол ұзақмерзімде есінде сақталған ақпаратты қаншалықты қолдана алатынын білгім келді. Сол кезде менде бір мәселе болған еді. «Менде осындай мәселе болып тұр. Сіз судья ретінде қандай шешім қабылдар едіңіз» дегенімде бір ғажайып болды. Деменциямен ауыратын адамдардың көзқарастары ешқашан анық, айқын болмайды емес пе. Олар өзімен – өзі, ештеңеге зауқысы жоқ, өз әлемінде өмір сүреді. Ал жаңағы сұрақты қойғаннан  кейін жаңа ғана бәрін ұмытып отырған судья кісі бір секундта иығын түзеп, маған тіке қарап, жаңағы мәселенің шешімін айтып берді. Нақты қандай қадамдар жасап, шара қабылдау керегін де түсіндірді. Мен ішімнен «Уау, керемет» деп тағы да сұрақтарды қойдым. Бірақ сұрақтарыма жауап алған соң, науқас қуаты таусылған телефон секілді «дззт» деп өзінің әлеміне еніп кетті. Сол кезде бір ғана маңызды сұрақ арқылы деменцияға шалдыққан кісілерге әсер етуге болатынын түсіндім. Осы жағдай менің жұмысыма деген көзқарасты өзгертті. Осы тақырыпқа жыл соңында презентация қорғадым. Бұл тақырып бойынша көп жұмыс істедім. Өте қызықты оқиға болған еді.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет! 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от АЙНҰР ӨТЕГЕН | ГЕРМАНИЯ🇩🇪 (@ainurotegen.kz)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға