Жаңалықтар

Германия, Израильдан елімізге қажетті тәжірибені әкелуге тырыстым - Сәт Тоқпақбаев

Германия, Израильдан елімізге қажетті тәжірибені әкелуге тырыстым - Сәт Тоқпақбаев
Фото: Ақорда 18.09.2024 18:04 457

Еліміздің әскери қорғаныс саласына өлшеусіз үлес қосқан генерал-полковник, Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев 85 жасқа толды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ҚР Президентінің Күзет қызметінің бастығы, Республикалық гвардияның қолбасшысы, Қорғаныс министрі, Тұңғыш Президенттің кеңесшісі және Парламент депутаты қызметтерін абыроймен атқарған тұлғаның өмір жолы тағылымға толы екені анық. Мерейтой қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевқа айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордендерін салтанатты түрде табыстады. Ендеше Халық қаһарманының отандық телеарналарға берген сұхбаттарынан маңызды деректерді назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық қауіпсіздік саласының ардагері Сәт Бесімбайұлы 1939 жылы 17 қыркүйекте Алматы облысы Іле ауданының ҚазЦИК ауылында дүниеге келген.

Алматы облысының Іле ауданына қарасты КазЦИК колхозындағы мектепте 4 сынып оқыдым. Одан кейін мектеп болмады. Ауылымыздан 7-8 шақырым жердегі мектепке барып, 7-сыныпты бітірдім. Біз колхозда тұрдық. Әкенің орны бөлек қой.  Ең ауыр еңбекті ер адамдар істейтін. Бірақ менің анам да қызылша егістігінде жұмыс істеді. Қолының бәрі қанталап, жарылып кетеді. Ал өзім Бұрындайдағы кірпіш шығаратын зауытта істедім. Әкемнің қалауымен сол жаққа көшіп барып, орыс тілін меңгердім. Кейіннен Алматыдағы №22 мектепті аяқтап шықтым. Әкем мен анамның бізге сіңірген қасиеті – еңбекқор болу, - дейді Сәт Тоқпақбаев.

Бала күнінде барлаушы болуды армандаған Сәт Бесімбайұлы детектив жанрындағы әдебиетті көп оқығанын айтады. Жас күнінен қиялы ұшқыр болып, мамандық таңдағанда елімізге қажетті саланы меңгерсем деген тілегі болғанын атап өтті.

Біз бәріміз пендеміз. Жас уақытта кім болам деп ойлау бір мәселе де, жасың келіп, ақыл тоқтатқанда ойлану басқа бір мәселе. «Қолда не бар, билікте не бар, үкіметте не бар, қай саланы жолға қою керек? Бұл сала керек пе?», - деп ойланасың. Жас күнімде детектив жанрындағы әдебиетті оқып, мен де барлаушы болсам, бір көліктен бір көлікке секіріп, қашып, қуып, балалық шақта осылай армандадым. Бірте бірте ондай барлаушының қажеті жоқ екенін түсінесің. Негізі барлаушының білімі жоғары, көп оқыған, бірнеше тіл білетін адам болуы керек екенін түінесің, - дейді Сәт Тоқпақбаев.

Осылайша Қазақ мемлекеттік университетіндегі заң факультетіне оқуға түседі, кейіннен КСРО МҚК №302 Минск мектебін, 1971 жылы КСРО СІМ Жоғары дипломатиялық мектебін тәмамдаған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қорғаныс министрі секілді лауазымдарда қызмет еткенде түйіткілді мәселелердің шешілуіне себеп болған. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде академик Манаш қозыбаевты қабылдап, оны ҰҚК архивіне жіберген сәті туралы айтып берді.

Манаш Қозыбаев – академик. Сөйте тұра Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіне жіберу деген оңай болмады. Сол уақытта неше түрлі қоғамдық бірлестіктер құрылды. Тәуелсіз Қазақстан жайында ұйымдар құрылды. Маған көпшілік қарсы шықты, - дейді Сәт Тоқпақбаев.

Ал Қорғаныс министрі қызметін атқарғанда еліміздегі ең алғашқы әскер ұландарды дайындайтын «Жас Ұлан» республикалық мектебін құру идеясын ұсынған.

Жас Ұлан мектебін құрудағы басты себебіміз – ертеңгі болашақта жас балаларды әскери салаға дайындау еді. Мектепті тәмамдаған балалар училищеге, содан кейін әскери институтқа, университетке түседі. Осылайша Қорғаныс саласын нығайтамыз деген ой болды. Бірте-бірте қалыптасты, - дейді генерал-полковник.

Сәт Бесімбайұлы әскери салада қалыптасу барысында «білдім-толдым» деместен көп нәрсені үйренуге, тәжірибе жинауға тырысқанын айтады.

Мен бәрін білдім, өзім ұнататын салада бәрі қолымнан келді деп айта алмаймын. Мен де басқалар сияқты жас та болдым. Жетістікке де жеттім. Одан жетістікке жетпеген жағдайлар да болды. Мен қатал әке болмадым деп ойлаймын. Қажеттінің бәрін жасадым. Кішкентай балалар ержетіп, түсінетін күнге жеткенде басқаша талаптар қоясың. Әскери салада қызмет еткен балаларым бар. Бірақ, үлкен қызметтерге дейін барған жоқ, - деп естелігін бөлісті.

Ал бала тәрбиелеуде өзі ұстанатын маңызды 3 қағиданы айтып берді.

Бала тәрбиесіндегі ең маңызды 3 қағида. Баланы жас уақытынан аяғына тік тұрғызу керек. Отанымызға қандай саланы дамыту керегін түсініп, баланы да сол салаға бейімдеу керек. Қазіргі заманда – білімділер жеңеді. Оқуға көңіл бөлу керек. Жас баланы бағыттап, мынаны оқы, ананы оқы деп көмектессе, сол саланың білікті маманына айналады. Атақты адамға да айналуы мүмкін. Сөйтіп, өсіп-өнеді, - дейді Сәт Тоқпақбаев.

Жылдар бойы Қазақстанның қорғанысы мен қауіпсіздігіне жауап берген қайраткер бақытты болу туралы ой толғамын жеткізді.

Әрине, мен бақытты адаммын. Әр адам бақыттың қандай екенін әртүрлі түсінеді. Деңгей қояды. Мен ондайды қаламаймын. Атақты болсам, деңгейім осындай болса деп мақсат етпедім. Бірақ маған осы сала ұнағандықтан, әскери қауіпсіздік саласында шын жүрегіммен, бар білімімді пайдаланып қызмет еттім. Отанымызға керек қызметкерлерді дайындадым. Германия, Израиль секілді алпауыт мемлекеттердегі мамандармен кездесіп, білімімді шыңдап, елімізге қажетті тәжірибе әкелуге тырыстым, - дейді Сәт Бесімбайұлы.

Сәт санап қарыштап дамып, өзгеріп жатқан кезеңде әскери саласындағы реформаны да бір жаңалау қажет екені жиі айтылады. Халық қаһарманы әскери ардагер ретінде де, қарапайым тұрғын ретінде де өзінің ойын бөлісті.

Қазір мен сізге мемлекеттік қызметкер емес, еліміздің тұрғыны ретінде айтқым келеді. Әр салада әрбір уақытта жаңа реформа керек деп есептеймін. Әскери болсын, әдебиет болсын. Себебі, қартаймайтын адам да жоқ. Барлығы қартаяды, көлік те істен шығады. Жұмысқа жарамсыз болып қалады. Сондай болмас үшін үнемі жаңартып, жаңарып отыруы керек, - дейді Сәт Тоқпақбаев.

Генерал-полковник өзінің  «Жаным садаға» атты кітабының атауын да «Отан үшін, ел үшін жаным садаға» деген ұғымға сыйыстырып қойғанын атап өтті. Отан үшін, ел үшін, жер үшін аянбай еңбек еткен тарихи тұлғаның тағылымға толы әңгімесі әрбір жастың көкейіне жетсе деген тілегіміз бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға