Жаңалықтар

«Германия бізге қызыға қарап отыр». Айдос Сарыммен сұқбат

«Германия бізге қызыға қарап отыр». Айдос Сарыммен сұқбат
Фото: © El.kz 04.11.2024 11:03 3384

Әлемдегі геосаяси жағдайлардың шиеленісуі қай елге болмасын белгілі бір мөлшерде өз әсерін тигізері даусыз. Мәселен, Таяу Шығыста жылдар бойы үзілмей келе жатқан қақтығыс қайтадан ушыға түсті. Сондай-ақ Ресей мен Украина арасындағы соғыстың да әзірге аяқталар түрі жоқ. Мұндай жағдайлардың Қазақстанға тигізер әсері туралы El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Мәжіліс депутаты Айдос Сарыммен сұқбаттасқан еді.

Таяу Шығыстағы күрделі жағдай қалай әсер етеді?

 El.kz: Қазір Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп тұр. Израиль мен Ливан арасындағы соғыстың Қазақстанға әсері қандай?

Айдос Сарым: Шын мәнінде Израиль Ливанмен соғысып жатқан жоқ. Израиль Ливанда орналасқан Иранды қолдайтын топтармен, яғни оның ішінде Хезболла, ХАМАС өкілдерімен шайқасып жатыр. Әрине, жаңағы ХАМАС-тың ішінде Ливанның белгілі бір халқы бар. Негізі, Ливан деген өте бір тағдырлы ел. Бір ұлт кезінде діни тұрғыдан бірнеше жікке бөлінген. Соның кесірінен әлі күнге дейін ел бола алмай келе жатыр. Ол елде әр ұлттың, әр діннің өкілдері тұрғанымен, тұтас алғанда бір ел, бір халық. Онда үш үлкен діни конфессия бар. Соның мұсылман жағындағыларының өзі шиит, суннит деп екіге бөлінген. Мұнда саяси мәселе ушыққан. Иранның сол аймақтағы елдерге керағар ықпал етуі Ливанның ұлт болуына, жалпы әлеуметтік экономикалық дамуына, өркендеуіне кесірін тигізіп отыр. Мысалы, Ливан кезінде «Таяу Шығыстың Франциясы» деп есептелген ел ғой. Қазіргі астанасы Бейрут кезінде сол Таяу Шығыстың астанасы саналатын. Міне, сондай дәрежеде болған ел қазір азаматтық соғыс дәрежесінде жатыр. Билікті тағайындау болсын, басқасы болсын жік-жікке бөлінген. Шындап келгенде бар мәселе солардың артында тұрғандарда. Егер олардан күш кетер болса, онда болашақта сол ел азаматтық соғыс арқылы болсын, басқасы арқылы болсын белгілі бір тұғырға келіп, содан кейін барып жаңа бір сатыға көтерілуі керек. Бірақ айтып отырмын ғой, бұл өте тағдырлы мәселе. Енді бұл соғыстың Қазақстанға әсері қандай? Бұл жерде екі ықпалды қарастырамыз. Біріншісі, сол елде біздің біраз азаматтарымыз тұрады. Соғыстың соларға деген кері әсері. Екіншісі, қақтығыстың жалпы әлемдік нарыққа, оның ішінде мұнай бағасына әсері болуы мүмкін. Мысал үшін, қазір аяқ астынан мұнай бағасы түсіп кетер болса, онда ол әрбір қазақстандық сезінетін дүниеге айналады. Өйткені, ел бюджеті көбіне сол шикізаттың арқасында толып отыр. Соның арқасында біздегі әлеуметтік, экономикалық даму мәселелері қамтамасыз етілуде. Егер біздің жалақымыз, біздің зейнетақымыз, біздің мектеп, аурухана және жолдарымыз деп қарастыратын болсақ, онда соғыстың Қазақстанға тікелей әсері бар.

El.kz: Ресей мен Украина арасында қағаз жүзінде соғыс ашпау туралы келісім болса да, іс жүзіне келгенде жағдай басқаша ұласты. Ал әлем елдерімен Қазақстан орнатқан бейбіт келісімдер ел тыныштығына кепіл бола ала ма?

Айдос Сарым: Кез келген келісімнің артында нақты бір күш болмаса, нақты бір үлкен серт болмаса, онда оның бәрі қағаз күйінде қалады. Мынадай мысал келтірейінші, мына стөлдің үстінде жатқан қағаздың құны бір ғана нәрсеге, менің шекпеніме, менің ықпалыма байланысты ғой. Менің ықпалым болмаса, қандай ой айтсам да жерде қалып қоюы мүмкін. Енді қараңыз, біздің сыртқы саяси және әскери доктринамыз Будапешт меморандумы дейтін құжатқа негізделген. Осыған дейін қабылданған саяси және әскери доктринаны қарасаңыз соның бастауында тұрады. Қазақстанның тұтастығына кепіл берілген. Біз кезінде ядролық қарудан бас тартқанда бес мемлекет Будапештке барып кепілдік берді. Сіздер ядролық қаруларыңызды тапсырыңыздар, болашақтан қорықпаңыздар, біз кепіл боламыз деді. Дәл сондай кепілдемені кезінде Украина да алған. Ал енді қараңыз, сол кезде кепіл болушының бірі Ресей болатын. Сонда, ана қағаздың ешқандай құны жоқ болып тұр ғой. Сол жағынан қарастыратын болсақ, онда әрине бізге қорғаныс саласындағы бюджетті көтеріп, қорғаныс тұрғысындағы жаңа заңдарды қабылдауымыз керек. Араб елдері, Еуропа елдері болсын, Қытай, Түркия, АҚШ болсын әлем елдерімен стратегиялық дәрежеде жақсы келісімшарттар жасасуға ұмтылуымыз керек. Аяқ астынан қауіп төне қалса, ең болмағанда БҰҰ-да біз үшін сөз сөйлеші дейтіндей досымыз болуы қажет. Құдай сақтасын, бірақ бізге қауіп төне қалса Армияндар бізге көмектеседі дегенге үлкен күмәнмен қараймын. Бірен-саран еріктілер болмаса, Украина үшін де өліп жатқан шетелдіктерді көріп тұрған жоқпын. Украина соғысқа кіріскеннен кейін Еуропа елдері, мысалы АҚШ миллиардтаған доллар ақшаларын бөліп, өзінің зымыранын, өзінің ұшағын, қару-жарағын беріп жатыр. Айтып отырмын ғой, әр келісімнің артында нақты бір күш, нақты бір жұдырық болуы керек. Сол кезде ғана жасалған қағаздардың құны болады. Біз де сондай дәрежеге жетуіміз керек.   

El.kz: Ал Қазақстанның артында сондай жұдырық бар ма?

Айдос Сарым: Біз сол деңгейге енді келе жатырмыз. Түркі мемлекеттерінің одағы дейміз, басқа дейміз. Біздің жасалып жатқан стратегиялық серіктестік туралы келісімшарттарымыз, Қазақстан мен Өзбекстанның арасының жылуы, жақсаруы, Орта Азиялық интеграция дейміз осының бәрі оның шарттары. Бізге болашақта тиісем деген ел бірден бір нәрсені ойлауы керек. Егер мен осы Қазақстан деген елмен арпалысатын болсам, соғыс ашатын болсам, онда мен өзіме автоматты түрде осыншама жау табам дейтін ой қалыптастыру керек қой.

Иран өзін-өзі тығырыққа тіреп жатыр

 El.kz: Таяу Шығыстағы жағдайды қайта қарастырайықшы. Израиль танктері ХАМАС-қа шабуыл барысында халықаралық қауымдастықтың оқ атуды тоқтату туралы үндеуін елеместен Газа секторының орталық бөлігіне беттеуін тоқтатпаған болатын. Сондай-ақ, БҰҰ Израиль мен Ливанды бейбіт бітімге келуге шақырғанымен, Израиль күштері БҰҰ-ның Ливандағы уақытша бітімгершілік күштерінің штаб-пәтеріндегі нысанды және бітімгершілік күштері жасырынған бункерге оқ жаудырды. Бұл халықаралық қауымдастықтың шарасыздығын білдірмей ме?

Айдос Сарым: Естеріңізде болса, жақында БҰҰ-ның бас ассамблеясы өтті. Біраз мемлекеттің басшылары (Қазақстан да бар оның ішінде) БҰҰ-на үлкен күрделі реформа жасалуы керек деп жатыр. Неліктен? Себебі, БҰҰ жүз мәлімдеме қабылауы мүмкін. Соғыс тоқтасын, оны тоқтату керек, басқа деп. Бірақ артында пәрмен бар ма? Белгілі бір бастаманы іске асыру үшін кем дегенде ірі державалар араласпаса БҰҰ-ның ешқандай шешімінің жұмыс істемейтінін көріп отырмыз. Мына Израиль мен Араб елдерінің арасындағы, Палестинаға қатысты ұйым құрылған жылдан бері жүздеген шешім қабылданып отыр. Өздеріне ұнағандарын істейді, ал ұнамағандарын көрмегендей болады. Өкінішке орай, әлемнің шындығы сондай. Сондықтан жаңағы БҰҰ-ның пәрменді болуы үшін оның шешімін кішкентай мемлекет те, үлкен мемлекет те атқаруға қауқарлы болуы керек. Бұл жерде тағы бір үлкен мәселе бар. Израиль «менің елімнің мүддесі» деген халықаралық дәрежедегі үлкен қайшылықты көрсетіп жатыр. Сирияны бомбалап жатқанының себебі, ол жерде террористер жүр. Ертең олар келеді де менің халқымды өлтіреді. Маған сонда халықаралық келісім маңызды ма, әлде менің азаматтарымның жаны мен өмірі маңызды ма?!  Менің түсінігімде, Израиль осы қайшылықты қазір үлкен дәрежеге дейін жеткізді. Бір жылдың ішінде сол елде ондаған мың адам қайтыс болды. Миллиондаған адам босқын болайын деп отыр. Үйінен, күйінен, суынан, отынан айырылған адамдар қаншама?! Сондағы мақсат біреу ғана. Олар біздің елдің негізін мойындаңдар, Израиль мемлекетінің, еврей халқының адам ретінде өмір сүруін мойындаңдар, анау ХАМАС-ты қуып жіберіңдер. Сонда біз сендерге бірде-бір оқ атпаймыз дейді. Былай елестетіп көрейікші, Қазақстанның шекарасында белгілі бір аймақ болсын. Мысал үшін ол жерде бес жүз адам тұрып, тыңшы жіберіп Астанада, Алматыда үй жарып жатса біз БҰҰ-на барамыз ба, әлде оларды тоқтатуға тырысып, олармен атысамыз ба?! Міне осындай қайшылыққа келіп тіреледі. Ал ондай қайшылық болғаннан кейін оның артында кім тұр, қандай мүдде тұр дейтін сұрақ туады. Әрине, оның артында тұрған ақша. Анау бункерлердің ішінде террористер отырған жоқ. Оның ішінде ақша жатыр, қару жатыр. Мұндай қайшылықтар да соның салдарынан туындап отыр. Бұны әлемдік деңгейде айтып отырмыз ғой. Хизболланың террористік ұйым болып есептелетінін жұрттың бәрі біледі. БҰҰ-ның тізімінде де, басқасында да бар. Енді қараңыз, Иран да БҰҰ-ның мүшесі. Бірақ, соларға дем беріп, миллиардтап қаржы бөліп жатқан кім? Бұл аспаннан түскен ақша емес қой. Бұл жерде де өте үлкен қайшылықтар бар. Шынын айтсақ, Иран өзін-өзі тығырыққа тіреп жатыр. Өз халқының аузындағы нанды жырып алып отыр. Ол ақшаға мектеп те, үлкен зауыт та салуға болатын еді. Әр мемлекет өз саясатын жүргізеді. Менің түсінігімде Иранның саясаты басқаша. Қарапайым Иран халқы үшін Израильдің не болып жатқаны, қалай болып жатқаны бәрі бір. Бірақ, белгілі бір идеологиялық себеп, белгілі бір топтардың саяси ойындары кем дегенде бірнеше елдің халқын осы саясаттың құрбаны және соның құлы ғылып отыр. Бұл – трагедия.    

Қазақстан өз мүддесін дәлелдей білуі керек

El.kz: Ал Қазақстан геосаяси жағдайда қандай позиция ұстанған жөн?

Айдос Сарым: Біздегі ең үлкен мәселе біздің халықтың, мемлекеттің мүддесі. Біз Түркиямен одақтаспыз. Ал Түркия Израильге қарсы күнде бір мәлімдеме қабылдайды. Шынын айту керек, біздің Израильмен саудамыз тоқтап қалған жоқ. Израильге мұнай беретін мемлекеттің біреуі біз. Әзірбайжан мен Қазақстан сол елге мұнай өткізіп отыр. Яғни, біз өзіміздің мүддемізді дәлелдей біліуіміз керек. Өзгелердің бәрін қояйық, оларды санкцияның астына алайық дегеніне қосыла бермеуіміз керек. Оларға керісінше, мұнай біздің азаматтардың жалақысы, өмір салты, біздің жолымыз, біздің мектеп, біздің білім осы салаға тіреледі. Егер бәрін тоқтатайық десеңдер біздің мұнайды өздерің сатып алыңдар. Содан кейін барып бұл мәселені ақылдасайық деп айтуымыз керек. Біз терроризмді қолдап отырған жоқпыз. ХАМАС, Хизболлаға ақша жібермедік. Әлем мойындаған мемлекетпен ресми сауда жасап отырмыз. Сол дәрежеде Иранмен де сауда жүргізудеміз. Ирандағы сауда жолдарының да жақсарғанын қалаймыз. Мысалы, Иран арқылы Таяу Шығыстың елдеріне газымыз бен мұнайды тікелей сатқымыз келеді. Темір жолын ашып, өзіміздің азық-түлігімізді де өткізсек жаман емес. Біздің мүддеміз осы. Кім соғысса да біз өз еліміздің жағдайын ойлауымыз керек. Өйткені, Қазақстанның 20 миллион халқын БҰҰ тамақтандырмайды, киіндірмейді, жол да салып бермейді. Біздің халықтың жағдайын Украина, Иран немесе Израиль келіп қарық қылмайды ғой. Біздің міндет мемлекет болып сақталу, тәуелсіздігімізді, тұтастығымызды сақтау және осында тұрып жатқан азаматтарымыздың жағдайын жасау. Шынымды айтсам, бұдан артық үлкен мүдде көріп тұрған жоқпын.

El.kz: Санкция мәселесіне ойыссақ. Украинаға көз тіккен Ресейдің әрекетін әлем құптамады. Санкцияның астына алды. Бұл кезіндегі Ресейдің құрамында болған елдерге қалай әсер етті? Бұл жағдай Қазақстан үшін тиімді болды ма, әлде керісінше ме?

Айдос Сарым: Бәріміз бір көпқабатты үйде тұрайық деп елестетейікші. Астыңыздағы немесе үстіңіздегі көршіңіз күнде билеп немес су жіберіп, үйіңізді, мүлкіңізді бүлдіріп жатса сіз мәз болмайсыз ғой. Немесе, көршіңіз содырлау болып, сіздің балаңызды пышақпен қуалап жүрсе қуанбайсыз. Сол сияқты көршінің бүлінгені бізге әрине тиімсіз. Украина да ірі сауда серіктесіміз. Ресей енді үлкен. Жеті жарым мың шақырым шекарамыз бар. Миллиондаған азаматымыз Ресеймен сауданың арқасында күн көріп отыр. Ресеймен шекаралас аймақтарда қанша біріккен кәсіпорын бар? Екі ел арасына күнделікті адам тасып жанын бағып жүргендер де бар. Қарап отырсаңыз, осының бәрі миллиондаған мүдделер. Ресейдегі санкция, екі ел арасындағы қақтығыс біздің экономикамызды көркейтіп жатқан жоқ. Оны үлкен бір зерттеу жүргізіп қарасақ біздің экономикалық өсімді төмендетіп, тежеп жатқанын анық көреміз. Әрине, сенің көршіңнің үйі өртеніп, былығып жатса, сенің шалқып отыруың екіталай ғой. Оның белгілі дәрежедегі кесірі саған да тиеді.

El.kz: Украина мен Ресей арасындағы соғыс салдары қалай болады? Жеңген тарап пен жеңілген тараптың еншісіне не тиюі мүмкін?

Айдос Сарым: Бұл жерде жеңуші тарап болмайды. Бұл салқын жолмен болсын, ыстық жолмен болсын ұзаққа созылатын қақтығыс. Біреуі қазір әскери тұрғыдан жеңіп жатса да, екіншісі түбі бір айналып келіп сол жерді қайтар деп соған күшін жинайды. Бүгінде болып жатқан қақтығысты мен өте ұзақ мерзімді, әлемдік дәрежедегі қақтығыс деп айтар едім. Сондықтан, әрине енді біздің бұл жерде бір ғана жолымыз бар. Ол екі жақты да ашық тұрғыдан қолдамау. Сосын санкцияның ыстығына күйіп қалмау жағын да ойластыруымыз керек.

El.kz: Елімізде әскерге шақырылғандардың саны неге күрт артты? Оның себебі неде? Бұған Таяу Шығыстағы және Ресей мен Украина арасындағы соғыс әсер етті ме?

Айдос Сарым: Әскерге шақырылған азаматтардың саны керемет өсті деп айта алмас едім. Иә бұрынғыдан шамалы артты, бірақ сол баяғыдай жылда қайталанатын үрдіс. Біз бір ғана мәселені қарастырып отырмыз. Өз әскерімізді қаржыландырып, оның біліктілігі мен әскери дайындығын арттыру. Сондай-ақ осы қақтығыстарды қарап отырып, бізге технологиялық, әскери тұрғыдан қандай бағытта даму керек дейтін мәселелерді қойып отырмыз. Енді көршіңнің үйінде жаңағыдай жағдайлар болып жатса сен амалсыз дайындалуың керек қой. Сен кем дегенде қораңды көріп, менің шөбім өртеніп кетпей ме, мынаның шоғы маған түсіп кетпей ме деп ойланауың керек қой. Есі дұрыс адам да, есі дұрыс мемлекет те солай істейді.

Президентің Орта державалар туралы мақаласы өте маңызды

El.kz: Таяуда президенттің Орта державалар туралы мақаласы шыққан болатын. Бұл жөнінде не айтасыз?

Айдос Сарым: Өте маңызды мақала. Мысалы, Польша деген ел бар. Былай қарасаң әлемдік держава емес. Бірақ өзінің дәрежесінде, өзінің аймағына үлкен әсер етіп отырған мемлекет. Катар да сол сияқты. Енді былай қарасаң Иран емес, Израиль емес, басқа емес, бірақ өзінің орны бар, салмағы бар және беделі бар мемлекет. Кем дегенде сол айналадағы мемлекеттерге сөзі өтеді. Газын сатып жатыр және Әл-Жазира телеарнасын ұстап отырған ел. Яғни, Араб әлеміне ықпалы керемет. Сол сияқты өз аймағына сөзін өткізе алатын, өз айтқанына бірнеше елді ерте білетін мемлекеттер бар. Менің ойымша, олардың мүдделестігі, олардың бір-бірімен тіл табысуы болашақтағы үлкен дағдарыстардың алдын алуға қауқарлы. Сондай-ақ, орта державалар біріксе, АҚШ, Ресей немесе басқа да ірі державаларға ықпал ете алады. Кешіріңіздер, сіз ірі державасыз, біз сізді құрметтейміз. Бірақ біз де адамбыз, біз де мемлекетпіз. Біздің де мүддеміз бар деп айту үшін ол жақсы платформа. Біз көріп отырғандай әлемде өзгермейтін ештеңе жоқ. Кешегі империялардың біразы ыдырап кетті. Қазір атын да білмейміз. Біз де кезінде империя болған халықпыз. Қазір Қазақстаннан кім қорқып отыр? Шынымды айтсам, Шыңғысхан осында өмір сүрген, осында Алтын Орда дәулет құрған дегеннен қорқып жатқан ешкімді көріп тұрған жоқпын. Бүгінгі орта держава ертең экономикалық, технологиялық тұрғыдан үлкен державаға айнауы мүмкін. Мәселен, кішкентай мемлекеттің өзі Тайваньды алып қарастырайық. Біз оның тәуелсіздігін мойындамаймыз. Бірақ оның еркіндік алып отыруы АҚШ-тың көмегі емес, технологияның дамуына да тікелей байланысты. Себебі, мемлекет технологиялық тұрғыдан өз орнын тапқандықтан ешбір ел оған қол сұға алмай отыр. Неге? Өйткені, оған тиісер болса, онда әлемдік экономикаға нұқсан келеді. Сол сияқты Қазақстан да әлемдік еңбек бөлінісінің ішінен бір кішкентай ғана кілтипанын тауып алуы керек. Сол арқылы Қазақстанға тисуге болмайды, оған тиіссек тоқтан айырыламыз деген сияқты принципке жеткізуіміз керек. 

El.kz: Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен достығымыз жақсы деп айтсақ болады. Түркия президенті қандай жағдай болмасын біздің елге қолдау білдіретін ниетін де жеткізді. Жалпы сол Бауырлас мемлекеттердің достығы саяси тұрғыдан қаншалықты маңызды?

Айдос Сарым: Өте маңызды. Біздің президенттеріміз, саяси элиталарымыз бір-бірін түсініп, қолдап жүр. Бір-біріне етене жақын. Бір-біріне қонаққа барып жүрген адамның достығы, бауырластығы, экономикалық қарым-қатынасы жоғары бола ма, әлде бір-бірін мүлдем ұға бермейтін, бірақ президенті жақсы ел ме? Мысалы, Венесуэланы қарастырайық. Ол қазір БРИКС-ке кірем, басқасына кірем дейді. Бірақ біздің онымен бауырлық қатынасымыз жоқ. Шынын айту керек, мысал үшін Венесуэланы су алып жатсын, өртеніп жатсын біздің  ішімізде ешқандай жанашырлық сезім тумайды ғой. Әлемде де күн сайын қайғылы жағдай болып жатады. Бір жерде жанартау атылады, бір жерді су басып жатыр дегендей. Біздің президент ол елге көңіл айту хатын жібереді. Үлкен трагедия болған екен деп. Бірақ, қарапайым қазақстандықтың бойында, жүрегінде бірдеңе қозғала ма? Сіз мысалы анау Конгода үлкен трагедия болыпты деп басыңызды қатырып, қара жамылып отырмайсыз. Шындық солай ғой. Ал Қырғызстан, Өзбекстан немесе Түркияда осындай жағдай орын алса, онда кәдімгідей қабырғамыз қайысады ғой. Мысалы, өткендегі алапат жер сілкінісінен зардап шеккендерге мемлекет те көмектесті, халық та көмектесті. Қоғам өзі жылу жинады. Былай алып қарасаң Конгодағы адамның жаны да біздікімен бірдей ғой. Бәріміз адамзаттың өкіліміз. Бірақ, қанша дегенмен жақын халықтардың сезімі бөлек. Мүдделес халықтар болады. Біз тарихи тұрғыдан, діни тұрғыдан, мәдени тұрғыдан бір-бірімізге жақынбыз. Сондықтан біздің халықтардың тарихи мүмкіндіктерімен қазіргі жағдайды ескере отырып осы қарым-қатынастарды нығайтып, адам арасындағы, қоғам арасындағы қатынасқа жеткізгеніміз біз үшін өте маңызды.

El.kz: Қазақстан саясатта ұстанатын қағидаттарды қандай?

Айдос Сарым: Біз ешкімге осғыс ашпаймыз, ашқымыз да келмейді. Үлкен болсын, кіші болсын біз әрбір елдің мүддесін мойындаймыз. Бұл біздің тәуелсіздігіміз үшін маңызды. Біз ядролық қарусыздандыру болсын, басқа болсын үлкен дәрежеде мемлекеттер арасындағы бірдей ойын ережесін қамтамасыз етеміз. Сондықтан әлем елдері алдында өте зиялы, өте парасатты сыртқы саясатты ұстанып отырмыз деп айта аламын.

Германия бізге қызғанышпен қарап отыр

El.kz: Елдегі халық пен билік арасындағы жақындық қандай? Сіздің ойыңызша халықтың билікке деген сенімі қаншалықты деңгейде?

Айдос Сарым: Мен халық пен билік деген дихотомияны мойындамаймын. Билік те халық. Аймақтарда жүрген кезде оппозициялық топ өкілдерімен айтысып қаламыз. Сонда олар біз халықпыз дейді. Мен оларға кешіріңіз мен де халықпын деп айтамын. Сондықтан халық пен билікті бөліп қарауға болмайды. Билік космостан түскен немесе басқыншылар алып келген билік емес, ол халық сайлаған, халықтың таңдауынан шыққан билік.

El.kz: Тәуелсіз ел болған 33 жыл ішінде әлемдік саясатта қандай деңгейге көтерілдік?

Айдос Сарым: Мысалмен қарастырайық. Қорғаныс саласындағы Қазақстанның армиясы 22 орында тұр. Кеше, 90-жылдары бізде армия болған жоқ. Қандай дәрежеге көтерілгенімізді елестептіп қараңыз. Инновациялар, цифрландыру бойынша 21-орындамыз. Бұл әлем бойынша 200 мемлекеттің ішіндегі көрсеткіш. Кеше ғана интернет, компьютер дегеннің біреуі жоқ еді, бүгін бәрі бар. Жапнодардың өмір салты мен байлығынан аспасақ та, кейбір сатыларында алға шықтық. Біздің электронды үкіметке қызғанышпен қарайтын елдер де бар. Жақында бір сұхбат көрдім. Германияда біздікіндей онлайн банк жүйесі, электронды үкімет жоқ, қызғанышпен қараймыз дейді. Оны өзім ойдан айтып отырған жоқпын. Германияның елшісі айтып, мойындап отыр.

El.kz: Уақыт бөліп, тұшымды ой-пікіріңізбен бөліскеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға