Жаңалықтар

Геннадий Шиповских: Қазақстан халқы Ассамблеясының жобаларына қатысуым өмірімді өзгертті

Геннадий Шиповских: Қазақстан халқы Ассамблеясының жобаларына қатысуым өмірімді өзгертті
29.10.2019 09:56 3275

2016 жылы темір жолда темір тұлпарды тізгіндеген қарапайым жұмысшы Геннадий Шиповскихтің үлкен саясатқа келуі елді таң-тамаша қалдырғаны жасырын емес. Халық қалаулыларын халық ішінен шығады десек те, олардың еңбек жолдарын таразылар болсақ, әрқайсысының қандай да бір қызметтің қақпағын, мансаптың тұтқасын ұстағанын көреміз. Ал Сексеуілдің сары ұлы Алтынбек 26 жасында Мәжіліске депутат болып сайланып, алтыншы шақырылымның «сенсациясына» айналған еді.

Геннадийді отбасы неге Алтынбек, достары Алтоха дейді, жаны қазақ орыс жігітінің тілінің қазақша шыққаны рас па? Жайдарманшылардың сықақ қазанында қайнап өскен Геннадийдің бүгін саясаткерлермен әзілі жарасып жүр ме? Осы және өзге де мәселелер жөнінде депутат Геннадий Шиповских сыр ақтарады.

- Геннадий сіз жуырда ғана отыз жасқа толдыңыз. Барлық сайлаушыларыңыз бен достарыңыздың құттықтауларына біз де қосыламыз. Орда бұзар отызға қандай жаңалықтармен келдіңіз?

- Отыз жасқа қазақтың орда бұзар жас деп теңеу беруі бекер емес. Осы жасқа келгенде, шын мәнінде оң-солына көз салып, тындырған істерің үшін өзіңе есеп береді екенсің. Шүкір, әке-шешеміздің, ағайын-бауырларымыздың, көптеген әріптестеріміздің құттықтауларын қабылдадық. Менің отызға толғанша қол жеткізіп үлгерген жетістігім - ата-анамның үмітін ақтап, мақтанышына айналғаным деп білемін. Әрбір ата-ана баласының азамат болуын, елін сүйетін, елі сүйетін адамға айналуын қалайды. Аллаға шүкір, мен де сондай бір тұлғаға айналған шығармын деп ойлаймын. Көптеген нәрсені жетістігім деп көрсетуге болар еді. Бірақ мен үшін ата-анамның үмітін ақтағаным маңызды болды. Жасыратыны жоқ, өзге ұлттың өкілі бола тұра, қазақ тілінде таза сөйлеуім мені адамдардың сүйіспеншілігіне бөледі. Мұны қоғамдық орындарда, тіпті көшеде жәй серуендеп жүргенде де байқаймын. Қарапайым адамдар мені танып, амандасып жатады. Олармен қарапайым ғана әңгіме-дүкен құру маған үлкен қуаныш сыйлайды.

 - Сіз Мәжіліске келген уақытта ең жас саясаткер болдыңыз. Саясатқа араласуыңыз сәті түскен кездейсоқтық па?

- Барлық істің, бастаманың сәтінің түсуі Алладан деп білемін. Қайталап айтқым келмейді, алайда бұл менің әке-шешемнің жетістігі. Себебі, кезінде жетімдер үйінен асырап алған сәттен бастап әке-шешем маған дұрыс жол көрсетіп, адам болуым үшін ақыл-кеңестерін аяған емес. Тіпті қазірдің өзінде ақылдарын айтып отырады. Менің бойымдағы қазақылық солардан берілген тәрбиенің жемісі.  

Мен теміржол саласында жұмыс жасасам да, өңірдегі жастар саясатына белсене араласып отырдым. Жастардың қатысуымен өтетін барлық іс-шараларда, соның ішінде «Жайдарман» құрамында өнер көрсеттім. Өздеріңіз де білесіздер «Нұр Отан» партиясының жастар қанатында да көптеген саяси акцияларға араластым. Алайда, менің Қазақстан халқы Ассамблеясының жобаларына қатысуым өмірімді өзгертті. Ассамблеяның 22-сессиясында маған «Менің  Қазақстаным» үгіт поезын Нұр-Сұлтан қаласына дейін жүргізіп келу міндеті жүктелді. Бұл шын мәнінде үлкен мүмкіндік еді. Ел астанасына келгеннен кейін Елбасының алдында есеп бердім. Осы кезден бастап маған халықтың назары ауды. Кейін сайлауға қатыстым. Бүгінгі күні Аллаға шүкір, елдің азаматы болып, жас болсақ та, басқа айналдық. Түрлі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерге халықтың атынан атсалысып келеміз.

- Геннадий, сіз бұрын Жайдарманда ойнадыңыз. Украинаның қазіргі президенті де КТК-ның түлегі. Баяғыда Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз депутат болып тұрғанда айтты дейтін сөз бар еді. Айналасындағы халық қалаулыларын көрсетіп: – Мыналардың барлығы актёр. Ішіндегі дипломы бары мен ғана, – деп. Депутаттар туралы ел ішінде түрлі жағымсыз пікірлер айтылып жатады. Соны өзгерте аласыз ба? Жалпы, халық бүгін депутатқа сене ме?

- Сұрағыңызға рахмет. Бүгінгі әңгіме ашық болғаннан кейін, сізбен қарапайым тілде сұқбаттасуға тырысамын. Дегенмен, кейбір сұрағыңызға байланысты ресми тұрғыда жауап беруге тура келеді. Парламенттің қос палатасының да отырыстары сонымен қатар, түрлі жиындар, үкіметтік сағаттар, жалпы отырыстар, бірлескен отырыстардың барлығы онлайн режимде өтеді. Мәжіліс жұмысына ұсынылған әрбір заң жобасы Парламенттің сайтында халықтың талқылауына ұсынылады. Сонымен қатар, Мәжілістің ашық отырыстарына қазақстандық азаматтардың қатысуына құқық берілген. Сайлауда Парламент құрамына өте алмаған түрлі саяси партиялардың, тәуелсіз сарапшылардың ойларына құлақ асылады. Меніңше, бүгінгі таңда осылайша Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету арқылы жақсы көрсеткішке қол жеткізіп келеміз. Ал сіз айтып отырғандай, халық арасында қалыптасқан стереотип бойынша сөз қозғайтын болсақ, меніңше кез-келген адам бір нәрсені көзімен көріп, қолымен ұстамайынша, ненің ақ, ненің қара екенін анық айта алмайды. Біз дәлелдеп те жүрміз, көрсетіп те жүрміз. Тоқсан сайын ел аралаймыз. Қабылданып жатқан заң жобалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мен кездескен бірде-бір аудитория «мен саған сенбеймін» деп айтқан емес. Ал енді әріптестерім бойынша «комментарий» бере алмаймын. Көп адам сөзімізді тыңдап, ұсыныстарын беріп, тіпті құшақтап жатады. Осындай халықтың махаббатына бөленгеннен кейін, халықтың депутатқа байланысты көзқарасы түзу деп ойлайсың.

Тағы бір мәселені айналып өткім келмейді. Бүгінгі күні өкінішке орай, халық ішінде дұрыс емес тенденция бар. Әлеуметтік желі арқылы көптеген адамдар араға от салуды көздейді. Үкіметті, депутаттарды кінәлайды. Осындай адамдардың өзіне сұрақ қойғым келеді: «Ал сен ел үшін не істедің?» деп. Жәй ғана диванда жатып алып, телефонға шұқшиғаннан немесе өзгелерді жамандағаннан басқа? Бірақ, олардың бұл сұраққа жауап беруі екіталай. Өкінішке орай, мұндай адамдар кездескен уақытта сенің бетіңе ештеңе айта алмайды. Мен мұны нақты сеніммен айтамын.

- Әрбір депутат сайлауалды бағдарламасында елге түрлі уәде береді. Сіз өзіңіз берген уәденің үдесінен шыға алдыңыз ба?

- Нұр Отан партиясының атынан сайлауға түскеннен кейін, біз бір ғана бағдарламамен жұмыс жасаймыз. Оның барлығын қазір айтар болсам, бұл ұзаққа созылуы мүмкін. Сондықтан мен өзімнің өңіріме байланысты, басты деген шешімін тапқан мәселелерге тоқталып өткім келеді. Біз үшін өзекті  мәселе бұл экология екенін өздеріңіз де білесіздер. Бұл - Арал теңізінің, Байқоңыр айлағының мәселелері. Соның ішінде Аралдың тұздануы, тұздың қатуы, құм көшкіні болған кезде жолдың жабылып қалуы, заңсыз балық аулау мәселелерін көтердім. Бүгінгі таңда осы мәселелердің кейбіреулері бойынша қаржыландыру жүргізіліп жатыр. 2019 жылдың басында Қызылорда облысына іссапармен барған кезде экологиялық мәселелер бойынша дөңгелек үстел өткізіп, сонда көптеген ұсыныстар алдық. Соның негізінде бүгінде Көкаралды қайта жандандыруға байланысты түрлі жұмыстар жүргізілуде. Және де біз дәл осы жобаға қаржы бөлдіріп жатырмыз.

- Әріптестеріңізбен келіспей қарсы болған, дауласқан сәттеріңіз көп болды ма?

- Жоқ, мұндай жағдай мүлдем болған емес. Себебі, бізде депутаттық этика сақталады. Сонымен қатар, Мәжілісте 7 комитет бар, өзіміздің отырыстарымызда бірге жұмыс жасаймыз. Бірақ біз ешқашан жаңағы сіз айтқандай, сөзге келіп, бір-біріміздің пікірімізді тыңдамаған кездеріміз болмады. Барлық әріптестеріміз халық үшін жұмыс жасайды, сондықтан бір-бірімізге демеу беруге тырысамыз.

- Соңғы уақытта тіл жанашыры ретінде танылдыңыз. Тіл мәселесін жиі көтеруіңіз азаматтық ұстанымнан ба, әлде саяси қажеттілік пе?

- Тіл мәселесі еліміздің тағдыршешті мәселесі. Қазір жақсы тенденция көріп келеміз, мемлекеттік тілдің дамып келе жатқанын қуана айтуға болады. Күллі халық қазақ тілінде еркін сөйлемесе де, осы мақсатта түрлі тіл үйрету орталықтары ашылуда. Қазақ тілінің шын мәнінде ұлтаралық тілге айналатын уақыты келді деп ойлаймын. Алайда, артық қыламыз деп тыртық қылмауымыз керек. Сондықтан біз меже еткен мақсатқа кезең-кезеңімен қол жеткіземіз деп ойлаймын. Кеңес үкіметінің тұсында ұлттық тіл мәселесінің ақсаңдап қалғаны рас. Қазір шүкір, бұл мәселенің де шешімі табылып келеді.

- Шыны керек, 26 жастағы Сексеуілдің Алтынбегі 6-шы шақырылымның «сенсациясы» болды. Үнемі елдің, бұқаралық ақпарат құралдарының назарындасыз. Танымалдылыққа қалай бой үйреттіңіз? 

- Мәжіліске келген алғашқы күнім әлі де есімде. Бұл 2016 жылдың 24 наурызы болатын. Біз Орталық сайлау комиссиясынан шығып, тіркеуден өтіп, Мәжіліске бардық. 25 наурыз күні ант қабылдадық. Жалпы отырыстан залдан шыққан кезде мені бірден 20-25 журналист жан-жақтан қоршап алды. Шыны керек, біртүрлі болып қалдық. Алайда, «Жайдарманда» ойнағаным бар, түрлі іс-шараларда халық алдына жиі шыққаным бар, әйтеуір бойымды тез жинап алып, сұрақтарына жауап беруге тырыстым.  Әйтпесе, сол жерде көп кісілер сасып қалуы да мүмкін еді.

- Отбасыңыз Алтынбек дейді екен. Неге?

 - Бұл енді бір қызық оқиғамен байланысты. Қазіргі әке-шешем мені аялы алақанына алғаннан кейін, әкемнен мұсылмандықты қабылдауға рұқсат сұрадым. Қазір «Алла», «шүкір» деген сөздерді көп айтатынымды өзіңіз де байқап отырған боларсыз. Әкем келісімін берді. Әрбір мұсылманның есімі де өз тіліне сәйкес болуы керек. Менің түрім сары, алтынтүстес болған соң,  әкем мен ағам ойлана келе, «Сені Алтынбек деп атасақ қалай болады?» деп сұрады. Содан бастап молданың азан шақырып қойған аты осы, Алтынбек, Алтош, Алтоха болып кеттім. Мұсылмандықты он алты жасымда саналы түрде қабылдадым.  

- Отбасыңыз туралы айтып беріңізші?

- Қарапайым отбасымыз. Шүкір, әке-шешемнің жеке қожалығы бар. Ауылшаруашылығымен айналысады. Үйде алтаумыз, үш ұл, үш қызбыз. Мен иерархия бойынша үшінші баламын. Алдымда Рабиға деген үлкен тәтем бар. Одан кейін Ғайни деген ағам бар. Одан кейін екі қарындасым және қарашаңырақтың иесі Нұрбек есімді кенже ұл бар. 

- Сіз қазақ тілін неше жасыңыздан бастап үйрендіңіз? Қазақ тілінде тіл сындыру қиын болмады ма?

- Сіз менен орыс тілін неше жасыңызда үйрендіңіз деп сұраңыз. Бірінші үйренген тілім қазақ тілі болды. Негізі, менің кіндік қаным тамған жерім Қызылорда облысының Арал ауданы Сексеуіл ауылы. Теміржолдың бойындағы кішігірім бекетте дүниеге келгенмін.  Қазақ балабақшасына бардым. Сондықтан тілім де бірінші қазақ тілінде шықты. Орыс тілін одан кейін меңгере бастадым. Орыс тіліне қарағанда, қазақ тілінде еркін сөйлейтіндігім де сондықтан. Мен қазақша ойлаймын.

- Өмірдерегіңізді қарап отырып, мемлекеттік тілді білуіңіз сіз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан деген пікірге келесің. Осымен өзіңіз келісесіз бе?

- Дұрыс айтасыз, онымен келісемін. Мемлекеттік тілді білуім маған үлкен серпін берді. Менің мемлекеттік тілде сөйлеуім көп адамдарды таң-тамаша қалдырып жатады.  Әсіресе, өңірлерді аралағанда,  барлық жерлерде құшақ жайып қарсы алып, таңданыстарын жасыра алмай жатады. Осы жазда Шығыс Қазақстан облысында болғанмын. Өскемен қаласында болған жиналыста қазақ тілінде сөйлегенімде, көптеген адамдар мәдени шокқа түсті десем де болады.   

- Сізге мәселе айтып келген жерлестеріңізді үйіңізге болмаса жұмыс кабинетіңізге шақырып қонақжайлық таныта аласыз ба?

- Әрбір депутаттың қабылдау күндері болады. Оның үстіне Қызылорда облысына демалысымда әке-шешеме барғанымда, халықты қабылдауға арнайы уақыт бөлемін. Қабылдаулар кезінде жергілікті органның өкілетті қызмет иелерін шақырып, мәселені сол жерде шешуге тырысамыз. Үлкен мәселелерді парламенттік портфельге салып, сессия жұмысында көтеріп жатамыз.

Қазақы тәрбие алғаннан кейін қонақжайлығым да бар. Қызылордалық адам түгілі, «11» деген өңірлік автокөлік нөмірін көрсем де, белгі беріп, өзімше амандасып жатамын.  Алайда, ешкімді бөліп-жармауға тырысамын.  Ағайын мен ауылдастың қадірін сыртқа барғанда түсінесің деген рас екен. Біз парламенттік жұмыс бойынша АҚШ-қа оқуға барғанбыз. Сол уақытта қазақстандық қарындастармен кездесіп қалып, мәре-сәре болдық. Бауырдың қадірін елден алыстағанда білесің. Оны жүрекпен сезіну керек.  

- Көптеген саясаткерлер өзгелермен ымыраға келу үшін кейде әзілдей білу керек дейді. Қазақы қағытпаға қалай қарайсыз, саясаткерлермен әзіліңіз жарасып жүр ме?

- Әзілім жарасады, жараспайды деп айта алмаймын. Бірақ, бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Неге десеңіз, «әзілің жарасса атаңмен ойна» дейді. Бұл қарым-қатынас орнатудың өте жақсы құралы. Кез-келген саясаткер айналасына сұсты көрінгенімен, өзінің қандай екенін қарапайымдылығымен көрсетуі керек. Сонда оған деген өзгелердің сүйіспеншілігі, жақсы пікірі пайда болады. Халық та оны  қарапайым қабылдайды.

- Шақырылым мерзімі аяқталғаннан кейінгі жоспарларыңыз қандай болмақ? Алтынбек саясатта қала бере ме?

- Бұл сұрақты көп адамдар қояды. Саяси мансабыңызды жалғастырасыз ба дейді. Рас, сайлау жақындап келеді. 2021 жылы алтыншы шақырылымның мерзімі аяқталады. Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген жақсы сөз бар. Сондықтан, халық қолдап, оның сенімінен шықсақ, келесі сайлауға түсуге дайынмын. Сондай-ақ, «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген де ғибратты сөз бар.  Мен үшін ең бастысы, осы тірліктерімнің барлығы халық көңілінен шығып, халықтың есіңде жақсы адам болып қалсам деймін. Мен үшін одан басқа марапат та болмас еді.

- Сіздің тұлға ретінде қалыптасуыңызға ықпал еткен естеліктеріңізбен бөлісіңізші?

- Достарым өте көп. Бірақ менің тұлға болып қалыптасуыма әке-шешем көп еңбек сіңірді. Әріптестерімнің ішінде де маған дұрыс жол көрсетіп, ақыл-кеңестерімен бөліскен адамдар көп болды.  Соның ішінде жерлесім Абзал Ералиев, Бақытбек Смағұлов, Нұртай Сабилянов, Мұхтар Тінікеев ағаларымызды айтуға болады.  Әрине, ол кісілердің барлығын да мен  ұстаз, дос деп санаймын.

- Анаңыз бір сұқбатында сізді бала кезінен белсенді болды дейді. Бала Алтынбектің, бозбала Алтынбектің жетістіктері қандай болып еді?

- Бала кезімде жетістіктерім көп болды деп айта алмаймын. 2014 жылы Қазақстан темір жолы компаниясы мемлекеттік тілге қатысты республикалық байқау өткізді. Осы байқауда мен бас жүлдені жеңіп алдым. Қызылордаға келсем, теміржол вокзалы мені күтіп алушы ұжымдастарыма, ағайын-жекжатыма лық толы. Барлығы маған қошемет көрсетіп тұрды. Осы сәттегі менің қуанышым маған ұмытылмастай естелік сыйлады. Барлығы кішкентай жеңістерден басталады.

- Армандар орындала ма?

- Бала кезімнен ұшқыш болғым келді. Ұшақтардың барлық дерлік маркаларын жаттап өстім. Алайда, мен ұшқыш болмасам да, арманым кей жағдайда орындалды деп айтуыма болатын сияқты. Аспанда ұшпасам да, жерде темір тұлпарды жүргізіп, қаншама адамдарды діттеген жеріне жеткіздім. Жалпы арман құпия болуы керек. Бірақ, мен ең бастысы, әке-шешемнің амандығын тілеймін. Әрбір ел азаматының арманы да сол деп ойлаймын. Сондай-ақ еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен деймін.

- Абай өлеңдерін сүйіп оқитыныңызды естігем...

- Абай хәкімнің өміріне қызығушылығымды тудырған Мұхтар Әуезов. Ұлы Абайдың өмірі өнегеге толы. Абайдан бөлек біздің жерлес жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығының оқырманымын. Және шетел жазушыларын оқығанды да ұнатамын. Әлем классикасы «Мастер мен Маргарита» романын бірнеше қайта оқып шықтым. Д.Браунның барлық шығармаларын оқыдым десем де болады. Сондай-ақ, кішкентайымнан ребус шешуге құмар болғанымның әсері болар, әлі күнге дейін криптология, символизм ілімдеріне қызығушылық білдіремін. Мені кітап оқуға туған шешем Лидия Николаевна Куликова баулыды. 9 жасымда ең бірінші рет В.Бианкидің «На охотничьей трапе» деген кітабын оқығаным есімде. Олардың (әке-шешем) бейнелері әлі де есімде. Әкем Геннадий Шиповских теміржол бойында жұмыс жасады. Оның әкесі де соғыс жылдарында тепловоз жүргізушісі болған екен. Ал анам орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болатын. Сірә, менің техникаға қызығушылығым әкемнен берілген болар. Ал кітапқа деген қызығушылығымның басым болуы анамнан дарыған деп білемін.

...Кейін олар дүниеден өткен соң, ары қарай жағдай қиын болды. Осылайша, жетімдер үйіне түстім. Алайда, Алла маған оң көзбен қарады. Жақсы қазақ отбасы бауырына басып, бүгінгідей күнге жеткізді.

- Жетімдер үйіне жиі бас сұғып тұрасыз ба?

- Өткен өмірді ұмытпаған жөн, мен Аязбидің принципімен өмір сүремін. Әлі күнге дейін жетімдер үйінде бірге өскен достарымнан хабар үзген емеспін, олар жан-жақта болса да, бір-бірімізбен үнемі байланысып отырамыз. Қазір жетімдер үйі азайып келеді. Көп өңірлерде жетімдер үйі қысқартылып, оның орнына балалар ауылы құрылып жатқанын білесіздер. Олар мемлекет қамқорлығында, жағдайлары да жаман емес. 2004 жылы жетімдер үйіне түскенім есімде. Жағдай аса қиын болатын. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болды деп айта алмаймын. Ал қазір енді балалар ауылына барған кезде жүрегің тырналмайды, Аллаға шүкір бұл  балалар біздің көрген қиындығымызды көрмеді ғой дейсің.

- Жаңа отбасыңа бауыр басу қиын болмады ма?

- Қиын болмады. Ол қабылдайтын әке-шешеге байланысты. Бала жақсы көрсе де, олар егер бетін бұрмаса, әрине қиын болар еді. Уақыт бәріне емші. Шүкір, мені әке-шешем бірден бауырына тартты. Көптеген жастар көпбалалы болудан қашқақтайды. Ал мені әке-шешемнің алтыншы бала етіп асырап алуы ерлік және үлкен сауап.

- Өзіңізді жолым болған адаммын деп есептейсіз бе?

- Менің жолым қазақ отбасы асырап алған уақыттан бастап бола бастады.

- Спортпен шұғылданасыз ба?

- Спортқа қызығамын. Бірақ қандай да бір түрімен кәсіби айналысамын деп айта алмаймын. «Формула» бәйгесіне қызығамын, оны тамашалауға үнемі барып тұрамын.

- Көпшілсіз бе?

- Адамдарды жатырқамайтыным анық.

- Жастармен жиі кездесесіз. Олармен дос болудың сырын білесіз бе?  

- Менің өзім де әлі жаспын ғой. Отызға күні кеше ғана толдым. Жастармен кездесуде қолдағы байлықтың қадірін түсіну керек деп жиі айтамын. Менің байлығым – ол менің әке-шешем. Жастармен қарапайым сөйлесуге тырысамын. Өйткені, олар ерекше аудитория. Оларды, бастысы, жалықтырып алмау керек. Сондықтан қазіргі заманда трендте не болып жатыр деген сияқты заманауи жаңалықтарды үнемі назарда ұстап отырамын.  

- Ұстанымыңыз бар ма?

- Алға, алға, және ешқашан артқа жалтақтамау!

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға