Геннадий Головкин регби федерациясының басшысымен кездесті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Qazaqstan Rugby Қазақстан спорт федерациялары қауымдастығының басшысы Қанат Шарлапаевпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҰОК мәліметінше, Геннадий Головкин Қанат Шарлапаевты ұйым президенті болып сайлануымен құттықтады. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанда олимпиадалық регби-7 спорт түрін дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе, ұлттық құраманың 2026 жылы өтетін Азия ойындарына және 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындығы, сондай-ақ шетелдік ұйымдармен халықаралық байланысты кеңейту және тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мен ағымдағы жағдайды мұқият зерттедім және Қазақстан құрамасының Азия құрлығындағы көшбасшылардың қатарына оралуы үшін нақты шешім жолдарын белгілеп қойдым, - деді Qazaqstan Rugby президенті.
Геннадий Головкин сөз кезегінде халықаралық және өңірлік федерациялармен ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, бұған дейін Qazaqstan Rugby бас хатшысы Айгүл Жартыбаева Asia Rugby Атқарушы комитетінің құрамына енгенін тілге тиек етті.
Халықаралық спорт федерацияларымен жұмыс тәжірибе алмасуға, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және Қазақстанның жаһандық спорт қауымдастығындағы имиджін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сіздердің алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - деді Қазақстан ҰОК басшысы.
