Геннадий Головкин Парижде бірқатар қорытынды кездесулер өткізді
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Париждегі Олимпиада ойындарында шешуші кездесулер өткізіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесулер барысында Қазақстан мен Азия құрлығында спортты дамыту мәселелері талқыланды.
Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының (ҰОКҚ) президенті Роберт Митчелл мен ұйымның бас хатшысы Гунилла Линдбергпен өткен кездесуде ҰОКҚ Бас Ассамблеясына дайындық барысына тоқталды. Ассамблея отырысы биыл қарашасда Португалияда өтеді. Одан бөлек кездесуде 2025-2028 жылдарға арналған олимпиадалық ниеттестік бағдарламасы егжей-тегжейлі талқыланды. Кездесу барысында көтерілген тағы бір маңызды тақырып – Ұлттық Олимпиадалық комитеттерді қолдау және Қазақстанның халықаралық спорттық қоғамдастықтағы рөлін нығайтып, отандық спортты дамытуға қосымша күш беретін олимпиадалық қозғалысты ғаламдық деңгейде дамыту стратегиясы болды.
Геннадий Головкин Бахрейн ҰОК президент, жоғары мәртебелі Халед бин Хамад Әл Халифа және Катар ҰОК басшысы, шейх Джоан бин Хамад әл-Танимен өткен кездесуде Азиядағы спорт мәселесін талқылады. Тараптар Азиядағы спортты одан әрі дамыту мүмкіндіктері мен ҰОК-тер арасындағы әріптестікті нығайту және қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуын сөз қылды. Сондай-ақ Қазақстан ҰОК басшысы Катар және Бахрейн құрамаларын Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетуімен құттықтады.
Олимпиаданың соңғы күнінде Геннадий Головкин мен Халықаралық Олимпиада комитетінің Париждегі 142-сессиясында жаңадан мүшелікке сайланған АҚШ ҰОК президенті Джин Сайкс кездесті.
Геннадий Головкин мен Джин Сайкс Қазақстан мен АҚШ арасындағы спорттық қарым-қатынасты нығайту мәселелерін көтеріп, Олимпиадалық қозғалыс аясындағы бірлескен жобалар мүмкіндігін талқылады. Головкин Сайксты ХОК мүшелігіне сайлануымен құттықтап, халықаралық спорттық қоғамдастық аясында жаңа бастамаларды сәтті жүзеге асыратынына сенім білдірді. Сондай-ақҚазақстан ҰОК басшысы Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) президенті әрі ХОК мүшесі Моринари Ватанабэмен кездесті. Ватанабэ мырза Геннадий Головкинге ҚР ҰОК Президенті қызметінде сәттілік тілеп, барша Қазақстан халқын Нариман Курбановтың тарихи жүлдесімен құттықтады. Әңгіме барысында FIG президенті қазақстандық атлеттердің спорттық гимнастикадан тұрақты нәтиже көрсетіп жүргенін алға тартып, Қазақстанда гимнастиканың дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Өз сөзінде Қазақстан ҰОК басшысы аталған спорт түрінен Олимпиада жүлдесін алу еліміздегі гимнастиканың жаңа қарқынмен дамуына ықпал ететінін айтты. Сөз соңында тараптар екі ұйым арасындағы ара қатынасты әрі қарай да нығайта түсуге уәде берді.
Геннадий Головкиннің Париж Олимпиадасындағы жұмыс кестесі өте тығыз болды. Жарысқа барып, біздің спортшыларды үздіксіз қолдаудан бөлек, ҰОК басшысы халықаралық қатынастарды жақсартып, қазақстандық спортты дамытудың кейбір мүмкіндіктеріне бағытталған біршама маңызды кездесулер өткізді. Біз халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстан ҰОК жаңа президентіне деген үлкен қызығушылық байқап отырмыз және оның әлемдік спорттағы ірі тұлға екені, сонымен қатар, олимпиадашы ретінде танылғаны да біздің қызметімізге оң әсер етуде. Біз ҰОК-ке келген бірнеше ай ішінде халықаралық бағытты реттеуге арналған ауқымды жұмыс атқарылды. Командамыздың әу бастан таңдаған стратегиясы да осы болатын. Парижде өткен кездесулер тек бастамасы ғана, алдағы күз айлары ҰОК үшін қарбаласқа толы болмақ, - деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева.