Жаңалықтар

Геннадий Головкин Астанада студенттермен кездесті

Геннадий Головкин Астанада студенттермен кездесті
Фото: Olympic.kz 22.02.2025 00:30 321

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Назарбаев Университеті мен Maksut Narikbayev University студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҰОК дерегінше, 2004 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері жастармен өмірлік қағидаларымен бөлісіп, спорттағы жетістіктерге жету жолын баяндап, құнды кеңестер берді.  

Кездесу барысында Головкин жастық шағын, спорттағы алғашқы қадамдарын және оны мотивациялаған факторларды еске алды. Ол табысқа жетуде мақсаткерлік, тәртіп пен дұрыс орта таңдаудың маңызды рөл атқарғанын атап өтті.  

Студенттер тек спорттық мансабына ғана емес, Головкиннің өмірлік көзқарастарына да қызығушылық танытты. Ол қорқыныштарды жеңу, өмірде басымдықтарды дұрыс белгілеу және маңызды нәрселерге назар аудару туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, рингтен тыс нәрселерден не нәрсе шабыт беретінін де айтты.  

Елімізде белсенді, амбициясы жоғары жастардың көп болғаны қуантады. Олардың алдында тәжірибеммен бөлісіп, қолдау көрсету мен үшін маңызды. Қорықпау, батыл мақсаттар қою және соларға қарай нық қадам басу өте маңызды. Армандарыңыз үшін еңбектеніңіздер, өздеріңізге сеніңіздер және қиындықтардан жасқанбаңыздар. Шынайы жетістік – өзіңіздің ең үздік нұсқаңыз болу үшін бар күшіңізді салған кезіңізде келеді, – деді Головкин.  

Сонымен қатар, ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті ретіндегі қызметі туралы да айтып өтті.  

Менің жұмысым, ең алдымен, халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы беделін арттыруға бағытталған, - деді ол.  

Кездесу ашық лекция форматында өтті және студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды. Қатысушылардың айтуынша, мазмұнды әңгіме олардың болашақ жолын анықтауға көмектеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға