Жаңалықтар

Генерал-майор Алмаз Жұмакеев

ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы
Генерал-майор Алмаз Жұмакеев
05.05.2017 12:50 5489

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері 25 жылдығын атап өтеді. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері 25 жылда талай белестерді бағындырды. El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады. Қарулы Күштеріміз бен айбынды әскерлеріміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюна үлес қосқан генералдар туралы естелік мақалалар ұсынамыз. Мақалалардың авторы белгілі әскери журналист Сәндібай Күмісбеков.

Генерал-майор Жұмакеев Алмаз Жеңісұлы

1970-ші жылы 6-шы наурызда Қырғыстанда дүниеге келген. 1992-ші жылы Ленин комсомолы атындағы Рязань жоғары әуе-десант командалық училищесін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери академиясын бітірген. Әскери қызметін барлау взводы командирінен бастаған. Штабтық рота, батальон, бригада командирі болған. ҚР ҚМ ШБК Жауынгерлік дайындық және әскерлер қызметі департаментінің бастығы, «Астана» өңірлік қолбасшылықта штаб бастығы, Құрлық әскерлері Бас қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымдарын атқарған. Десантты-шабуылдаушы бригаданың командирі. 2015 жылдың 15 қазаннан бастап Елбасының тағайындауымен ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Қазақстан Қарулы Күштері құрылымдық жүйесінде «Әуе десант әскерлері» деген ұғым жоқ. Бұл бірінші кезекте әскери тақырыпқа қалам тартып жүрген әріптестерімнің назарына. Білместіктен бе, зейін қоймаушылықтан ба, жиі қателікке бой алдырып жатады. Бірақ, десантшылар бар. Аэроұтқыр әскерлері толығымен десантшылар десек те болады. Әйтсе де, бұдан бірдеңенің өзгеріп тұрғаны шамалы. Сол қанатты гвардия, сол жарасымды жалғасын тапқан игі жауынгерлік дәстүрлер, сол сайдың тасындай іріктелген намысты жігіттердің ұжымы. Фонтанға түспеді демесеңіз, 2 тамыз күні әскер түрінің мерекесін атап өтіп жатады. Бір сөзбен айтқанда, көгілдір берет пен көлденең қос жолақты тельняшка иелері әлі де әскердің мақтанышы.

Қайсыбір сәттерде біздің жігіттер басқалардан бір бас жоғары тұрғандай сезінемін. Бұл жерде комнадирлер тарапынан берілген тәрбие мен көрсетілген үлгі басты рөл атқарады деп білемін. Сол командирлердің бірі генерал Жұмакеев деп сенімді түрде айта аламын.

Генералды капитан кезінен білемін. Іргелі халықаралық жаттығу ойындарының барлығында еліміздің намысын десантшылар жыртатын. Жеке құрам жанынан үнемі осы бір денелі, бойшаң офицерді көруге болатын. Кез келген жаттығулардың барысында мәдени шаралар мен спорттық сайыстарға орын беріледі. Арқан тартысады, кір тасын көтереді, қол күрестіреді. Бір сөзбен айтқанда нағыз еркектерше сайысқа түседі. Футбол, воллейболға қатысты күштілігімізді мойындағысы келмейтіндер «допты өздері үрлеген, қақпаны өздері құрған» дегендей сылтау айтса, шыдамдылық пен білектің күші анықтайтын бәсекеге не айтуға болады. Генералдың жігіттерді қайраған тұстарын көрдім. Нақты не айтқанын жаза алмаймын. Этикалық жайттарға байланысты. Қысқаша қайырсам, жұмылдыра білудің озық үлгісі. «Бізден басқа ешкім» деген ұраны бар десантшылар Алмаз Жеңісұлына тек алғыс айтады деп ойлаймын.

1994 жылы Тәжік-Ауған шекарасын күшейту үшін Қазақстан жасақ аттандырады. Дәлілерк, айтқанда рота, 2 взвод шекарашылар, 1 взвод ішкі әскерлер, 2 взвод Қорғаныс министрілігінен болады. Бірнеше жыл бойында шекараның құлпы берік болсын деп бауырлас республикаға көмектескеніміз бар. Десанштшылардың қызмет етуін біреудің аузынан емес, өз көзіммен көрдім. Іссапарда болған едім. Есімде қалды. Памирдің төбесіне жақын Таулы Бадахшанның Харон, Калай-Хумб елді-мекендерінің тұрғындары да ұмытпаған болар. Олардың да естерінде қалуы керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға