Генерал-лейтенант Ахмадиев Көпен Қабылқасымұлы
1955 жылы 6 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1989 жылы Әуе шабуылынан қорғаныс Әскери академиясын бітірген. Әскери қызметін КСРО тұсында бірталай гарнизондарда атқарған. Бірқатар жауапты басшылық қызметтерде болған. Зенитті ракета полкінің командирі қызметін атқарған. Әуе шабуылынан қорғаныс әскерлерінің штаб бастығы, Әуе қорғанысы күштері бас штабы бастығы, Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы лауазымдарын абыройлы атқарған. Бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. 2 баланың әкесі.
Азаматтық ұшақтарда әуе кемесінің тізгіні толықтай экипаж командирінің қолында. Қандай шешім қабылдаса да, жауапкершілік жүгін толықтай сол арқалайды. Әскери ұшақтардағы жағдай шамалы басқаша. Әскери бортқа кіргендердің арасында лауазымы жоғары үлкен бастықтар болса, солардың сөзі салмақтылау. Білмеймін, бәлкім қателесермін, бірақ, үнемі министр, оның орынбасарлары немесе қолбасшы және олардың орынбасарларымен бірге ұшқандықтан болар, ұшып-қонуымыз солардың рұқсат етуімен іске асатын. Авиацияның «тілін түсінетін» басшылар пилоттар кабинасына кіріп, еркін жүріп-тұрады. Әскери-транспорттық борттарда бұл әрекеттер баршаның көз алдында өрбиді. Себебі, ұшақтың Құрылысы ұшқыштар және жолаушылар отыратын екі-ақ бөліктен (отсектен) құралған. Қайсыбір сәттерде жолаушылармен бірге жүк тиеледі. Сондай әскери транспортпен қайтқан бір іссапарым бүгінге дейін көз алдымда.
Астанадан Алматыға ұштық. Генерал Ахмадиевпен бірге. Жүк жоқ. Жолаушылар саны – 5 адам. Генерал, екі көмекші офицері және екі тілші. Қасымда фототілші бар. Ұшу бойында тым-тырыс отырдық. «Жол қысқарады», - деп офицерлердің салып берген сарқыты жайымен қалды. Экипаж мүшелерінің бірі қайта-қайта келіп, бірдеңелерді баяндап жүрді. Соңынан білгенімдей ауа-райының мәліметтерін жеткізіп тұрыпты. Сағат түнгі 11-лер шамасында әуежай бетонына шассилер тиді. Алғашында «Алматы ма?» деген күдікті сұрақ туындады. Әдетте, мегаполистің жарық шамдары хабардар етуші еді. Бұл жолы, иллюминаторға қанша үңілсек те ару қаламызды танымадық. Студенттік өмірден бастап бұл шаһарда үзіліссіз 20 жылдай өмір сүрдім. Бірақ, сол түнгі ауа-райын алғашқы және соңғы көруім. Жапырақтың басы сирек қозғалатын қалада қатты жел тұрды. Көптонналы ұшақтың теңселгенін айтып жеткізе алмаймын. Күн күркіреп, жауған жауын шелектеп құйғандай көріністі байқадық. Тіпті генерал күтіп алған машинаға он қадам жасау үшін он минут ұшақта отырып, жаңбырдың саябырсуын күтті. Қолбасшы шығып бара жатып, «қандай жағдайда қонғанымыз туралы тіс жарушы болмаңдар. Министр естісе оңдырмайды», - деп ескерту жасады. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңданың» кебі болды. Біз солай түсіндік. Осы сөздерді кейін саралай келе, экипаж командирінен бастықтың сөзі басым ба деп қалдым. Егер де солай болса, Көпен Қабылқасымұлының нар тәуекелшіл азамат екеніне тек бас ию керек.
Үйімізге генерал берген машинамен жетіп алдық. Бірен- саран жылтыраған шам болмаса, тас қараңғыда деуге болады.