Жаңалықтар

Генарал-майор Сихимов Манас

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл
Генарал-майор Сихимов Манас
28.09.2017 14:46 6088

1950 жылғы 5 ақпанда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1971 жылы Ташкент жоғары танк училищесін, 1985 жылы Бронетакн әскерлерінің әскери академиясын тәмамдаған. Офицерлік қызметін Қиыр Шығыс әскери округінде бастап, взвод командирінен мотоатқыштар полкі командирінің орынбасары аралығындағы барлық қызметтерді атқарған. Қазақстан әскерінде полк командирі, құрама командирі, корпус командирі қызметтерін атқарған. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарған. Батыс әскери округі әскерлері қолбасшысының орынбасары, ҚР ҚК Бас штаб бастығының орынбасары, Құрлықтағы әскерлер әскери институтының бастығы, елшілікте әскери атташе болған. ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

Қазақта «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген сөз бар. Мән-мағынасы баршамызға белгілі болар. Ашық айтуға беттемеген (көбіне ренжітіп алмас үшін) жағдайда тұспалдап басқаға айту арқылы ойды жеткізуді білдіреді. Әскерге бұл сөздің ешбір қатысы жоқ секілді. Ақты ақ, қараны қара деп түсінікті, әрі қысқа айтуды ғана мойындайтын әскери тіл осынысымен ерекшеленеді. Бірақ...
Генерал Сихимов сондай жұмбақтап сөйлеудің шебері ме деп қалдым. Генералдың астарлап айтқан сөзіне түсінбей «кінәсіз кінәлі» болған жағдайым есіме түседі.

Өзіміздің АВОКУ-да іргелі салтанатты шара өтті. Курсанттардың келуін күтіп тұрмыз. Әдетте, журналистер қауымы мазасыз келеді. Әсіресе, тәуелсіз басылымдар мен арналардың батыс мәнеріне еліктеген өкілдері баруға тыйым салынған жерден табылып, өзіне көңіл аудартып, жалған абырой жинауға әуес келеді. Сол жолы да есімі көпшілікке таныс бір әріптесім фотоаппаратын мойнына асып, ашық аспан астында бой көтерген шағын әскери техникалар көрмесінде тұрған БМП-ның үстіне шығып кетсе керек. Бұл тәртіп бұзушылықты байқап қалған генерал бірталай ақыл айтты. Сүйектен өтер сөз айтпаса да, зіл байқалып тұрды. Бастысы, бәрін маған қарап тұрып жеткізді. «Әскери адам тәртіпті болады, айтқанды екі етпей орындайды» деген сөздерін «азаматтық әріптестеріңді мал сияқты жамыратпай, ие бол» дегені деп түсіндім. Шамасы, мені газеттің өкілі емес, баспасөз қызметінен деп қабылдады. Себебі, сол жерде жиналып тұрғандардың арасында әскери формамен тұрған мен ғана едім. Аты-жөнім ашық аталған жоқ, талға, техникаға өрмелеп шыққан мен емес, бірақ әлгі сөздерден кейін «хулиган» әріптесімді арқама отырғызып шығарғандай әсерде қалдым.

Екінші дүниежүзілік соғыста Одақтастар әскерінің қольбасшысы болған генерал Эйзенхауер тұспалдап, астарлап сөйлеудің шебері болған. Рас, қажетті жерде қаттылық танытқан тұстары да жетерлік. Әрбірден кейін әскер басқара алмаған жан генерал бола алмайды. Дегенмен, қарамағындағыларды, неге қатысты, нені айтқанын ымнан-ақ түсінеді екен. Соғыстан кейінгі жылдары үлкен саясатқа араласып, АҚШ президенті де болған генерал. Шамасы, осы бір қасиеті де саяси баспалдақтың ең биігіне көтерілуге алғышарттар жасаса керек.
Манас Қамардінұлы өз уақытында өз орнынан табылып, міндетін адал атқарған жан деп санаймын. Кейінгі жылдары сол тәуелсіз журналистер тарапынан қатты сынға алынғанына қарамастан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға