«Гауһартас» музыкалық драмасы рекорд орнатты
Елордадағы Музыкалық жас көрермен театрында «Гауһартас» музыкалық драмасы 250-рет қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Дулат Исабековтің шығармасы негізінде сахналанған музыкалық драма Қазақстанның театр рекордын жаңартты.
Бір жыл он ай ішінде спектакль 250 рет қойылып, жалпы көрермен саны 100 мыңнан асты.
Қойылым тек елордада ғана емес, Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей және Жаңаөзен сияқты қалаларда да көрсетілді, - делінген мәліметте.
Сонымен қатар «Гауһартас» Астана қаласының Мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнері мектебі» театрында қойылды.
Музыкалық драманың авторы – Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабеков.
Қойылым ұлттық «UMAI-2023» сыйлығының «Театр өнері» номинациясында «Үздік спектакль» атағын жеңіп алды. Салтанат рөлін сомдаған Инабат Ризабекова «Сыншылар сыйлығы – 2023» байқауында «Жылдың үздік актрисасы» болып танылды. Сондай-ақ, спектакль «Qazaqstan Ticketon Awards – 2024» байқауында мемлекеттік театрлар арасынан халық дауыс беруі арқылы «2024 жылдың үздік қойылымы» иеленді. Спектакльдегі «Құдаша» биі мен халық әні әлеуметтік желілерде нағыз трендке айналып, миллиондаған қаралым жинады. Би бейнероликтері Қазақстанмен қатар Қытай, Түркия және Ресей елдерінде де таралды.
Дулат Исабековтың 1967 жылы жазылған «Гауһартас» повесі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпаған тақырыптарды қозғайды. Шығармада отбасы құндылықтарының маңызы мен әйелге деген құрмет мәселесі терең ашылады.