Жаңалықтар

Ғасыр жасаған шежіреші Сәндібек Рахметұлы өмірден өтті

Ғасыр жасаған шежіреші Сәндібек Рахметұлы өмірден өтті
Фото: © El.kz 29.02.2024 11:51 1013

Ақын, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Qazcontent компаниясына қарасты El.kz ақпараттық агенттігінің аға шығарушы редакторы Олжас Сәндібек пен белгілі жыршы, айтыскер ақын Айдос Рахметовтің әкесі Сәндібек Рахметов өмірден өтті. 

Тыл ардагері, көнекөз шежіреші Сәндібек Рахметұлы жақында 100 жасқа толған ғасырлық мерейтойын атап өткен.

Сәндібек Рахметұлы 1924 жылы Қызылжұлдыз колхозында, яғни қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында дүниеге келген. 8 жасында аштықтың ауыр азабын тартты. Шынашақтай шағынан еңбекке ерте араласып, трактор тізгіндеген. Жалынды жас майдан даласына ерікті түрде аттануды қалағанымен, шешек ауруынан соң әскерге жарамсыз деп танылды. Соған қарамастан соғыс жылдары тылдағы ауыр жұмысқа жегілген.

Сәндібек ақсақал бейбіт күннің бейнетінен де алыс болған жоқ. 1964 жылдан бастап Аққолқа елді мекенінде қой бағып, Қарақұм мен Қызылқұм арасын жол қылды. Жары Жамал Сүйіншіәліқызымен бірге 10 ұл-қызды жетілдірген. Бүгінде олардың әрбірі бір-бір шаңыраққа айналып, әке өнегесін өмір мектебінде кәдеге жаратып жүр.

Осы орайда ұжым атынан Сәндібек Рахметұлының балалары мен немерелеріне, туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға