Жаңалықтар

Ғасыр ғалымы – Халел Досмұхамедұлы

Ғасыр ғалымы – Халел Досмұхамедұлы
Фото: Халел Досмұхамедұлы 31.05.2023 13:21 2177

Біз Халел Досмұхамедұлымен Алаш қайраткері, Күнбатыс Алашорданың көсемі ретінде етене таныспыз. Оның өте білікті дәрігер екенін, осы салада көптеген кітаптар жазғанын жақсы білеміз. Ал қайраткерлігінен бөлек қарымды қаламгер, көреген фольклортанушы екені өз алдына бір төбе. Алаш Арыстары ұлтымызды саяси бостандыққа бастап қана қойған жоқ. Бостандыққа жетудің алғашқы жолы – рухани дербестік. Рухың, санаң, ой-сезімің азат болса сені ешбір жау отарлай алмайды. Осыны жете таныған оқыған азаматтар халықтың рухани мұрасын жинауға, жариялауға және зерттеуге белсене ат салысты.

Алаш қозғалысы қай қырынан алып қарасақ та бәсі биік тұрмақ. Қазақ баласының өз алдына тәуелсіз ел болып, азат күнге ұмтылу жолындағы өте қуатты қозғалыс болып есептеледі. Оның күші білекте емес білімде болды. Алаштықтардың көтерген тақырыбы, қаузаған мәселесі бүгінгі таңда да өзекті, көкейкесті. Олар адамзат қоғамының басып өткен жолын ақылмен сараптай келіп Алаш баласына лайық жол іздеді. «Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды десек, онда сол орасан мақсатты орындау үшін қазақтың тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрі, айналып келгенде, қазақты ел ететін, мемлекет ететін рухани олжасы Қазақстанда айырықша орынға ие болу керек» дейді алаштанушы Ербол Тілешов. Кімде кім Алаш кезеңі туралы сөз еткенде әуелі буырқанған ұлттық рухты ұмытпауы керек. Алаш Арыстары тамырынан, тегінен алыстамай берік, нық, айқын бағдардың, өскелең идеяның түбінде ұйыса алды.

Халел Досмұхамедұлы – ең әуелі Алаш қайраткері. Алаш десе Халел, Халел десе Алаш еске түседі. Есім-сойы Алашпен байланысатын арыстар туралы сөз болғана тұтас бір дәуір толық қамтылады. Себебі белгілі. Бір дәуірдің жүгін тең арқалады, ұлттың көшін бірге бастады. Өлсе бір шұңқырда, тірі болса бір төбеде болды. Алаш үшін адал қызмет істеп, әз басын имеді. Ажал алдында да қасқайып тұра білді. Сондай нарқы биік боздақтардың қатарында айтылатын тұлғаның бірі һам бірегейі – Халел Досмұхамедұлы. Халелді ұлт көсемі Әлиханнан кейінгі екінші көшбасшы ретінде санайтын алаштанушылар да бар. Қалай болғанда да еткен еңбегі өлшеусіз. Халелдің 1913 жылы «Қазақ» газетінің 13-ыншы санына шыққан «Алаш деген не сөз?» атты мақаласынан-ақ азаматтық үнін тани аламыз.

Х. Досмұхамедұлының үлкен өмірге араласуы – 1903 жылы үлкен білім ошағына айналған Санкт-Петербург қаласындағы императорлық әскери-медициналық академиясына шәкірт болып қабылдануы. Өрімдей жас жігіт екінің біріне бұйыра бермейтін оқуға ғажап талантының арқасында түсті. Ол кезде аталмыш академияда білім алатын қыр баласы жоқтың қасы еді. Академия қабырғасында аты аңызға айналған ғұламалар дәріс оқыды. Бозжігіт Халел соның барлығының алдын көрді, ақылын алды. Кемел мәдениет пен озық әдебиетті оқып, жетіле келе ұлтына деген сезім бойында өзендей тулады. Тағдыр-тәлейі аусар заманға, саяси жағдайлар ушыққан аумалы-төкпелі кезеңге тұс келеді. 1905 жылдың 9 қаңтары «қанды жексенбі» деген атымен тарихта қалғаны белгілі. Патша үкіметінің жауыздығына, іріп-шіруіне қарсы халықтың наразылығы өрттей қаулады. Жағдайды тамыршыдай тап басқан зерек студент саяси хал-ахуалды халқына ұғындыру үшін елге оралады. Осы тарихи кезең туралы: «Мен Петербургке бірінші орыс революциясының қарсаңында келдім... Қым-қиғаш студенттік өмірге арласумен қатар саяси білімді жетілдіруге кірістім... 1905-1906 жылдары мен кейбір қазақ студенттерімен бірге Орал қаласында үгіт жұмыстарын жүргізіп, халыққа елде болып жатқан оқиғаларды түсіндірдім» дейді.

1905 жылы 26 маусым күні атақты Қоянды жәрмеңкесінде патша үкіметіне сөз бостандығы мен ана тілінде оқу, діни еркіндік сияқты көптеген ұлттық мүдде тақырыбы көтерілген құзырхат жолданады. Оған 12767 қазақ азаматы қол қояды. Міне, бұл күн Алаш қозғалысы шежіресінің басы еді. Осы жылдары Ә. Бөкейхан, Ж. Сейдалин, Б. Қаратаев, М. Дулатұлы Орал қаласында ұлттық саяси ұйым құруға кіріседі. Айтылған қайраткерлердің ішінде студент Халел де бар-тұғын. Оның қоғамдық жұмысқа ерте арласуы қарымын, көшбасшылық қасиетін көрсете білгендігінен-ды. Көп ұзамай халық наразылығы күшпен басылып, жаппай қуғын-сүргін басталады. Полицияның қырына іліккен Халел оқудан шығып қалуға аз қалады. Бірақ, астыртын жолмен саяси жұмыс жүргізуді жалғастыра береді. Осылайша мың құбылған заманды басынан өткере жүріп 1909 жылы академияны алтын меделмен бітіреді.  6 жыл бойы талмай ізденгеннің арқасында «үздік дәрежелі дәрігер» атағын алады. Адам жанына араша болған емшінің халқы үшін жасайтын қызметі басталады.

Қазақ баласын асатыдан келген сүзек, оба сынды індеттер жалмап кетіп отырған. Соның салдарынан қаншама халық қарсы қылар шарасы болмай жан тапсырып жатты. Туған елінің осы қасіретін жеңілдету, жанына шипа болу – Халелдің арманы-тұғын. Әкесі мен ағасынан бірдей айырылған көзі жас, көңілі шер Халел Тайсойған құмындағы ауылына оралып, емі жоқ індетпен күрес жолын бастайды. Ол заманда дәрігер жоқтың қасы болатын. Батыс Қазақстанда 40 мың адамға бір дәрігер, Сырдарияда 72,5 мың адамға бір дәрігер, Қарақалпақта 122 мың адамға бір дәрігерден келетіні Халел жазбаларынан белгілі. 1912-1915 жылдары обаға қарсы күрес ісіне қатысып, тың ғылыми жетістіктерге жеткен еңбегі императорлық қола медельмен бағаланады. Осы жылдары денсаулық сақтау мәселесі мен жұқпалы аурулардан қалай сақтануға болады, оның ем-домы қалай деген сүраққа жауап бере отырып көптеген мақалалар жазған. 1913-1914 жылдары шыққан «Қазақ» газетін қарайтын болсақ Халелдің «Тамыр дәрі хақында», «Жұқпалы ауру хақында», «Сары кезік – сүзек» атты мақалаларын көреміз. Іш сүзегінің белгілерін, асқынып кетсе болар зардабын, қазақ үшін оңтайлы ем-дом жасау жолдарын айтып, кеңес береді.

Ағайынды Досмұхамедтердің Күнбатыс Алашорда таратылғанша бостандық үшін жан аямай күрескені белгілі. Екі жүзді большевиктердің қитұрқы саясатына ілігіп, қудалауға ұшырағанымен Досмұхамедтер Кеңес үкіметін мойындамайды. Ал Х. Досмұхамедұлы 1920 жылы Тәшкент қаласына келіп кең өріс тапты. Тәшкент ол кезде Түркістан Автономиялы Республикасының астанасы болатын. Жоғарғы басшылықта отырған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтардың көмегіне иек артады. Алды аңғар, арты заңғар қиын заман болсада көреген қазақ баласы бірін бірі өзегіне теппейді. Халелдің санаулы ғұмырындағы ең бір жарқын, шуақты сәттер осы қалада өтеді. Жемісті де табысты еңбек ете алды. Көптен бері қасаң тартып қалған шығармашылығымен еркін айналысады. Қоғамда біртіндеп халықты рухсыздандыру, тамырынан айыру, тегінен жеріндіру саясаты жүріп жатқан болатын. Сондай цензураға қарамастан 1923 жылы «қазақтың бас ақыны» Абай Құнанбайұлының таңдамалы өлеңдер жинағын екінші рет басып шығарады. Көптеген тілдерді еркін меңгерген Х. Досмұхамедұлы европа ғалымдарының тәжірибесіне сүйене отырып медцинаның төл терминдік қорынының қазақша баламасын тауып, жаңа сапалы оқулықтар құрастырады. «Жануарлар», «Табиғаттану», «Адамның тән тірлігі», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», «Сүйектілер туралы» атты кітаптары қажырлы еңбектің, үлкен ізденістің жемісі еді. Осы арқылы қадамын тәй-тәй басып келе жатқан қазақ ғылымына, медицинасына елеулі үлес қосты.

Халел Досмұхамедұлының ел аузынан фольклорлық мұраларды жинап, қазақ әдебиеті үшін қосқан олжасы айырықша. Оның әдебиеттегі рөлін танып-білу үшін оның заманын, өзінен бұрынғы жағдайды жете түсінген абзал. Сонда ғана Халелдің күрделі болмысы толық ашылады. Ұлты үшін еңбек етуден аянып қалған Алаш ардақтысы жоқ. Жұмыр жүрегі халықтың мүддесін ойлап соқты. Маңдайына жазылған жарық күнді Алаш деп арпалысып өткізді. Х. Досмұхамедұлы – халқын шексіз сүйген, оның жолына ғұмырын арнаған адам. Ол бір сөзінде: «Өз еліміздің өткен-кеткені туралы, басынан кешкен дәуірлері туралы, ата-бабаларымыздың істерімен танысып, кеткен жаңылыстарына күйініп, жақсылықтарына сүйініп ғибрат алмақ – адамға сана береді» дейді. Бойынан соңғы демі шыққанша бар күш-жігерін, зейін-зердесін халықының келешегі үшін сарқа жұмсады. Ата-бабасының ерлікке толы тарихын, кемел даналығын мақтан тұтты. Әспеттеді. Ертеңге мұра болып жетсін, өшіп кетпесін деп жинады. Зерттеді. Тасқа бастырды. Махамбет Өтемісұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз шешен, Ығылман жырау, Бернияз ақын сынды қазақ руханиятының көш басында тұратын дүлдүлдердің мұрасын алғаш жинаушы, зерттеуші болды. «Қарасай-Қази», «Қыз-Жібек», «Кенесары-Наурызбай» жырларын жазып алып қалды. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын кезеңде осылардың бәрін хатқа түсіріп, баспа бетіне шығару нағыз ерлік болып есептелері қақ.

Қай тұрғыдан алып қарсақ та Алаш қайраткерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Ұлтымыздың рухани байлығын жинау жолында көл-көсір еңбек етті. Халық саяси бостандыққа жетуі үшін әуелі рухы азат болуы керек деді. Рухтың азаттығы рухани мұраға тікелей байланысты. Бағзы заманнан бері қарай жалғасып келе жатқан аңыз-ертегілер, жыр-дастандардың барлығы бір елдің рухани азығы. Сол үшін де Алаш қайраткерлері қазақтың ауыз әдебиеті мұрасын көбірек зерттеуге ден қойды. Мәдени-рухани қазынасы кемел ұлт қана өркениет жолындағы көші байсал болмақ. Алаштың қайсы қайраткерінің әдеби мұрасын сараптап қарасаң да арғы тамырынан, рухани бастауынан нәр алғанын көреміз. Сондықтан жүз жылдан кейін де өзекті болып, маңызын жоймай тұр. Қазақ жер басып тұрғанда Алаштың жолы қашан болмасын әспеттелері ақиқат.

Халел Досмұхамедұлы – биік интелектуалды тұлға. Бір өзі тұтас энциклопедияға барабар. Ол туралы абыз Әбіш Кекілбаев былай дейді: «Халел Досмұхамедов табиғи дарынын біліммен толықтырып, ана тілімен қоса латын, араб, парсы, түрік, орыс, неміс және француз тілдерін қажетті дәрежеде меңгеріп, еркін сөйлеп, еркін жаза білген. Соның нәтижесінде алдына жан салмас ғажайып лингвист, фольклорист, тарихшы-этногроф, көркем аудармашы да болған. Көл-көсір білімнің арқасында ол биология, зоология, медицина салаларымен қоса саясатта да қажырлы еңбек еткен ғалым». Алаш қайраткерлері шеттерінен білімді, білікті бола алды. Қай салада болсын тыңғылықты, жүйелі еңбек етіп, қазақ мәдениетін өрге сүйреді.

Төл мамандығы дәрігер болғанымен Х. Досмұхамедұлының фольклорлық мұраларды жинау, зерттеу жолында сіңірген еңбегін арнайы талдап, таразылау керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ташкент қаласында өткен алты жылдан астам уақыт ғұмырының алтын кезеңі деп бағаланады. Еңбектерінің көбін осы шаһарда жазған. Ташкенттегі Қазақ жоғарғы педагогика институтында дәріс оқиды. Сол кездегі баяндамалары саф әдеби зерттеуге, тың жаңалықтарға бай болып, көптеген соны тақырыптар аша білді. «Қазақ халық әдебиеті», «Қысқаша очерк» сияқты еңбектерінде көптеген әдеби мұрасы топтастырылған. «Қазақ халық әдебиеті» атты автордың өзі очерк атаған бұл еңбегі қазақ тіліндегі алғашқы жүйелі, ғылыми сараптама болмақ. «Біз халық әдебиетінің қазіргі европаланған қазақ көркем әдебиетінің пайда болуы мен дамуындағы рөліне (орнына) және оны жаңа әдебиеттің жекелеген өкілдеріне оның ықпалын талдаймыз» дейді Х. Досмұхамедұлы. Бұдан сол кездегі қазақ әдебиетінің европалық үлгідегі биік даму деңгейін аңғарамыз. Халел жасаған қазақ халық әдебиетінің классификациясы бүгінгі күнде де өзекті. Ол қазақ әдебиетінің негізін халық әдебиеті құрайтынын айтады. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырды, халықтың тұтас өмірін қамтитын ауыз әдебиеті аса бай, өте алуан түрлі дейді. Қаламы төселген ғалымның мақала-зерттеулері сол кездегі беделді қазақша басылымдар «Шолпан», «Ақ жол», «Сана», «Еңбекші қазақ» газет-журналына үзбей жарияланып тұрды.

Халел әуелі өзі тұрған Ташкент қаласы, ондағы білім ордаларының тарихына назар аударды. Самарқанға әмірін жүргізген әйгілі Тіллә-қари мен Шир-дор медреселерін салдырған Жалаңтөс баһадүрдің ерліктері, ата тегі туралы «Самарқан қаласындағы Тіллә-қари мен Шир-дор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Бұқардағы Көгілташ медресесінің қалай салынғаны туралы аңыз» атты этнографиялық очерктер жазады. «Самарқан шаһарының көптеген көрнекті орындарының ішінде ерекше көз тартатыны – Регистан қалалық алаңы, оның үш бетінде сәулеті мен әрлеуі ғажайып көркем үш медресе – «Тіллә-қари», «Ширдор», және «Ұлықбек мырза» сән түзеген» деп бастайды аталмыш мақаласын. Бұл тарихтан хабар беріп қана қоймайды, ғажайып сәулет өнері туралы жазылған құнды еңбек. Осы медреселерді салдырған әмір қолбасшы, турашыл Жалаңтөс батырдың тарихына көбірек тоқталады. Бүкіл әлемді таң-тамаша қылған құрлыс хижра бойынша 1028, ал қазіргі жыл санаумен 1619 жылы салынған екен. Еңбекте Жалаңтөс батырдың ата-бабасының тарихы және ерлікке толы ғұмыр жолы тың деректермен көрсетілген. Сонымен қатар Бұқар мен Ташкент тұрғындарының арасында Көгілташ медресесін салдырған қазақ деген аңызды жазып қалтырған.

Жалаңтөс батыр туралы Шырдар медресесінің ішкі дауалындағы қақпаның үстінде тарихи мәлімет бар. Оны Х. Досмұхамедұлы тәржімалаған. «Сап түзеп әділ әмір Жалаңтөс келді. Кемеліні мақтауға сөйлеушінің тілі дүрге толған. Ол адам осы жерге медіресе салды. Жерден мақтану туын көкке жеткізді. Неше жылдар тырысса да ақыл құсы менде. Күмбездің түбіне ойлап жете алмас. Жүз жылдар тырысса да пән мен пікірге ие болған адам салушы шебердің жасаған күмбезін тани алмас. Жаңа да бұны көріп көктегі жаңа ай таңданып бармағын тістеді. Бұны салдырған Жалаңтөс батыр келді» делінген. Әлемнің ғажайыптарына кіретін сәулет өнерінің аса көркем үлгісі туралы болашақ ұрпақ көбірек мағұлмат алғысы келеді. Осындай жауһар, әсем өнер туындысын қалтырған қазақтың алып батырларының бірі – Жалаңтөс. Оның ата-баба шежіресін тарқатып, даусыз ақиқатын көрсетеді. 1835 жылы Еңсегей бойлы Ер Есімнің ұлы Жәңгір қалмақпен соғысқанда жирма мың аламанын алып жәрдемге келген осы Жалаңтөс баһадүр болатын. Тарихи һам мәдени тұрғыдан алып қарасақ бұл еңбектің күн өткен сайын нарқы арта түспек.

Х. Досмұхаметұлының ғылыми еңбектері, азаматтық парызым деп атқарған жұмыстары тұтас ұлттық құндылыққа айналып отыр. Бұрын-соңды баспа бетінде жарық көрмеген жыр-дастандар, өлеңдер мен шешендік сөздерді жинап, халқына ұсынуы баға жетпес мұра. Ол Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлындай Алаш қайраткерлері секілді әуелі Абай шығармашылығына ден қойды. 298 беттік «Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдері» деген көлемді кітап 1922 жылы Ташкент қаласында жарық көреді. Абай өлеңдерінің екінші рет жариялануы болатын. Кітаптің алғысөзінде Халел «Абай өлеңдерінде ұшырайтын жат сөздердің, кем түсінікті сөздердің жоруы» деп 100 анықтама-түсінік берген. Бұл – қазақ тілінің тазалығына деген үлкен жанашырлықтан, махаббаттан туған өрелі зерттеу. Абай тілін зерттеу ғылымын Х. Досмұхамедұлынан бастасақ қателеспеген болар едік. «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы» атты еңбегі «Шолпан» журналының 1922 жылғы № 1-2-3 сандарында жарияланады. Бұл да бұрын зерттелмеген тың бағыт, жаңа ғылымның қайнары болып есептеледі.

Халел жинаған дейтін әдеби мұра өте көп. Сан қырлы. «Сұлтан Кенесары Қасымовтың тарихына қосымша материял» кітапшасына, «Кенесары-Наурызбай» атты тарихи дастанға редакторлық етіп, ғылыми түсініктемесін жазады. От тілді, орақ ауызды Махамбет ақынның өткір өлеңдерін там-тұмдап жинап, соны серпінін, қанық бояуын жоғалтпай бүгінгі ұрпаққа жетуіне дәнекер болады. 1922 жылы Ташкенттен «Мұрат ақынның сөздері» деген 152 беттік кітап шығарады. Мұнда ақын Мұрат Мөңкеұлының отаршылдыққа қарсы рухты, азаттық көксеген асау жырлары топтастырылған.

Х. Досмұхамедұлы – қазақ тарихының ақтаңдағын көп толықтырған ғалым. Кенесары – қазақтың соңғы көкжал ханы. Отаршылдыққа бас имеген, азаттық үшін арпалысып жан пида еткен баһадүр. Оның ерлігін, күрескерлік рухын Алаштықтар ту етіп ұстанғаны анық. Кенесары деген сөз шыққанда рух, намыс деген баламалы мағыналар бірге жүрді. Кеңес үкіметі ол туралы бар мәліметті жабық ұстап, Кенесарыны зерттеген ғалымдарды қудалауындағы бір себебі – қазақ рухының оянуынан қорқу. «Кезенген жаумен кескілесіп тұрып өлісуге шыдайтын ұл болмаса, сондай ұлды туғызып тұрған ел болмаса, қазақтың қай ісі өрге басар дейсің?!» дейді Хан Кене. Алаш кезеңі саяси тәуелсіздік жолындағы күреске толы болғаны белгілі. Оған жету үшін қазақтың рухын оятып, Кенесарының ерлігін ұлықтау өте маңызды еді.

Атақты жырау Нысанбай жырлаған «Кенесары-Наурызбай» сынды аса көркем, ғажап жыр осы тұрғыдан өзекті. Нысанбай жырау Жаманқұлұлының бұл дастаны ең әуелі 1912 жылы Қазан баспасынан Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының құрастыруымен жарық көреді. Араға оншақты жыл салып Х. Досмұхамедұлы 1923 жылы Ташкент қаласында жеке кітап қылып бастырып, 95 анықтама-түсінік берді. Алғаш жырды 1896 жылы Жүсіпбек Басығараұлы Әбубәкір Дибаевқа берген деген дерек бар. Жүсіпбек сумұрын жаппас Ораз деген ақынға жаздыртып алыпты. Осылайша қазақ тарихына қатысты көркем жырлардың бірі бізге қалпын бұзбай, жоғалып кетпей жетіп отыр.

Х. Досмұхамедұлы «махамбеттанудың ірге тасын қалады» деп айтылып жүрген пікірде толық негіз бар. От тілді, орақ ауызды Ер Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін алғашқылардың бірі болып жинап, хатқа түсіріп, басылып шығуына мұрындық болды. Ал Махамбет пен Исатай батыр туралы жазған еңбегі көптеген тарихи уақиғаларды баян етеді. Қазақ тарихындағы ең қаралы заманның бірі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама». Осыдан кейін қазақ хандығының қуаты қатты әлсіреп кетті. Бір бүйірден аш қасқырдай жалаңдаған қалмақ тыныштық бермеді. Осындай тарихи кезеңдерден кейін кең-байтақ кеңістікті алып жатқан қазақ қоғамы ақырын-ақырын қожырай бастады. Әбілқайыр ханның өз дәркейіндегі жұртымен орыс империясына бағынуы да осы тұс еді. Бірақ, ханы басқаға қарағанымен әлмисақтан басы ноқтаға түсіп көрмеген азат ел кіріптарлыққа көне қоймайды. Осыдан тартып қазақ тарихы қанға бөксе де толастамаған ұлт азаттық көтерілісіне толы болды. Х. Досмұхамедұлы «Исатай-Махамбет» атты еңбегінде осы тарихи кезеңді: «Он сегізінші һам он тоғызыншы ғасырдағы патша хүкіметінің саясаты қазақты әбден көндіріп алу болды, қазақтың еткен амалы орыстан құтылу болды. Өткен жүз жарым жылдардағы Кіші жүздің тарихы қанмен жазылғандай деп айтса болады» деп бағалайды.

Әлбетте, даланың көкжал елі қамытқа көнбейді. Құлдықта өткенше арпалысып өлгенді асқақ, ақ шейіт санайды. Патша үкіметіне қарсы көтерлістің толассыз жүруі соның дәлелі. Х. Досмұхамедұлы бірқатар Кіші жүздің бұғаудан босау жолындағы істерінен мысал келтіреді. Ұлт азаттық көтерілістерінің басында Сырым батыр Датұлы тұрады. Оның бас көтерген уақыты 1785-1800 жылдар шамасы. Сырым батыр Нұралы ханды тақтан тайдырып, Есім ханды өлтіріп, орыс патшалығына ашық қарсы шығады. Ақыры жеңіліп, сәтсіздікке ұшырайды. Өзі жеңілгенмен рухы биік елдің келесі бас көтеруі 1830-1845 жылдарға тура келеді. Оны Байұлы беріш руынан шыққан атақты батырлар Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарады. Одан кейінгі дабыралы көтерілісті 1860 жылдар шамасында болған Әлімұлы шекті руынан шыққан Есет батыр Көтібарұлы ұйымдастырды. Есет сұлтан-правитель болған, орыстың қуыршағы Арыстан «ханды» өлтірді. Есеттің інісі Бекет қолға түседі. Ол туралы да қазақ фольклорында ғажап жыр сақталған. Осының ізін ала, 1869-1870 жылдардағы қазақты әбден табанға жаншыған «Уақытша дала низамына» қарсы Орал, Торғай қазақтары көтеріледі. Бұның соңы елді туған жерден, ерді өскен елден айырған, шетке босып, қиырға жан сауғалаған қаралы күнге ұрындырды. Әрине, бұл Х. Домұхамедұлы мысалға келтірген ең ірі деген көтерілістер. Сырым Датұлының көтерілісінен бастап есептегенде қазақ халқы 300 ден аса ереуіл атқа ер салыпты. Соның дені қанға бөктірілді. Кешегі 1986 жылғы «Желтоқсан уақиғасы» да сол бостандық үшін күрестің заңды жалғасы болатын.

Абайтану ілімі әдебиетіміздің белді, сүбелі саласы болып есептеліп кетті. Одан кейінгі ұрпақ енді аймаңдай Әуезовты зерттей бастады. Әуезовтану да сондай іргелі ілімге айналып келе жатыр. Сондай өмірі өнегеге, өлеңі рухқа толы Махамбет ақынның әуселесі биік екенін шүбәсіз. Оны Алаш баласына алғаш нәсихаттап таратқан, тірнектеп жинаған тұлғаның бірі – Х. Досмұхамедұлы. Одан бері де бір ғасыр өтіпті. Енді Алаштану ілімімен қатар қайраткерлерге де жеке-жеке тоқталып, олар туралы сөз қозғар заман келді. Қазақтың рухани үндестігі осылайша арқауын үзбей, мыңжылдықтарға қарай жалғаса береді деп сеніммен айта аламыз.

Халық – теңіз. Сол теңіздің бетіне ұлт болып ұйысып, жұрт болып жиналғанымыздан бері қарай желкенін жел керген кемелер шықты. Ол кеме – көпті бастар көсем. Ең бір адуынды, тегеурінді топтің бірі Алаш Арыстары еді. Ол заманның желі мен дауылы қатты болды. Ақыры кемені суға батырып кетті. Бірақ Алаш қайраткерлері бойынан соңы демі кеткенше күресіп өтті. Соның арқасында ұлтымыздың бойындағы рух пен намыс өлмей, өшпей қалды. Олар салған сара жол бізге бағдар болды. Қазақ үшін қызмет істейтін әр боздақтың төккен тері, қажырлы еңбегі, ақыл-ойы – бүгінгі баянды ғұмырдың бодауы.

Осылайша қазақ әдебиеті жоқтан бар болып, бардан кемеңгер, көшелі биігіне ұмтылды. Сол жолды салған, кедір-бұдырын маңдай тері, қызыл қанымен толтырған Алаш қайраткерлері еді. Бүгінгі таңда Халел Досмұхамедұлының әдеби мұрасы іздеусіз, сұраусыз қалмайды. От орнында қалған жас ұрпақ, өскелең буын өз керегін әлі-ақ Халел шығармаларынан табары анық. Абай қайтыс болғанына он жыл толғанда «Қазақ» газетіне М. Дулатов мақала жазыпты. Сонда мынандай жолдар кездеседі. «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар, «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...» дейді. Алаш Арыстарының жазған әр сөзі пірдің деміндей. Оған дау жоқ. Бұл сөзді 1914 жылы жазыпты. Қазір не болды? Айтқаны айнымай келді. Сол қайраткерлер ұлықтаған Абай да, өздері де бүгінгі ұрпақтың рухани көсемдеріне айналды. Халел Досмұхамедұлы да биік болмысымен, телегей-теңіз ақыл ойымен мәңгілік халқының рухани азығына айнала алары шүбәсіз. Оның әр мұрасын зерттеген, зерделеген сайын бұрын мүлде ашылмаған жаңа әлемге тап болып, рухани-мәдени көкжиегіміз кеңейе түседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға