Ғашықтарға арналған әлемдегі ерекше ескерткіштер

Бүгін – 15 сәуір, Ғашықтар күні! Бұл – бір-біріне шынайы сезімін арнаған жандардың ғана емес, махаббаттың мәңгілік құдіретін ұлықтайтын ерекше күн. Адам жүрегін тербеп, жан дүниесін нұрға бөлейтін махаббат сезімі – ғасырлар бойы жыр мен аңызға арқау болып келеді. Әлемнің әр түкпірінде осы кіршіксіз сезімге арналған ескерткіштер бой көтеріп, махаббат жолында құрбан болған ғашықтардың хикаясы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп жатыр. Ендеше, шынайы сезімнің символына айналған махаббат оқиғаларына бірге үңіліп көрейік.
«Жастар» саябағы
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу жыры махаббаттың мәңгілік символына айналған. Олардың шынайы сезімі халық жадында ғасырлар бойы сақталып келеді. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласындағы «Жастар» саябағында бұл ғашықтарға арналған ескерткіш орнатылған. Ескерткіштің айналасы абаттандырылып, жастардың жиі бас қосатын орнына айналған.
Сурет: Әлеуметтік желі
Қос ғашық мүсіні
Қазақстанның жүрегі – Астана қаласында орналасқан қоладан құйылған ғашықтар мүсіні елорданың романтикалық символына айналды. Орталық саябақта орналасқан бұл мүсін жастардың сүйікті кездесетін мекені саналады. Ол арқылы мәңгілік махаббат ұғымы мәдени кеңістігімізде көрініс тапты.
Сурет: ©El.kz
Веронадағы Джульеттаның үйі
Италияның Верона қаласында орналасқан Джульеттаның үйі – әлемге әйгілі махаббаттың символына айналған тарихи орын. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясындағы оқиға желісімен байланысты бұл үйге жыл сайын мыңдаған адам келіп, өз сезімдеріне рухани тірек іздейді. Үйдің ауласында Джульеттаның балконы мен мүсіні орналасқан. Аңыз бойынша, егер адам Джульеттаның оң жақ омырауын сипап, шын жүректен тілек тілесе, махаббатта жолы болады екен.
Бұл орын – тек суретке түсуге арналған туристік нысан ғана емес, нағыз махаббат пен үміттің мекені. Жастар бұл жерге келіп, жүрек сырын ақтарады, махаббат тілейді, тіпті кейбірі осы жерде сүйіктісіне ұсыныс жасайды. Джульеттаның үйі – сезім мен сенімнің мәңгілікке айналған бейнесі.
Сурет: ©youtube/irynastravel
Махаббат қабырғасы
2000 жылдың 15 қазанында Франция астанасы Парижде ерекше ескерткіш – «Махаббат қабырғасы» бой көтерді. Монмартрдегі Abbesses саябағында орналасқан бұл қабырғада әлемнің 311 тілінде «Мен сені сүйемін» деп жазылған. Қабырға шамамен 40 шаршы метрді алып жатыр. Бүгінде бұл орын ғашықтардың сүйікті мекеніне айналған, ал «махаббат тілі – ортақ тіл» деген ойды айшықтап тұр.
Сурет: ©Unplush
Енё мен Илона
Венгрияның Секешфехервар қаласында орналасқан Енё Бори қамалы – нағыз махаббат архитектурасы. Бұл қамалды суретші әрі сәулетші Енё Бори сүйікті жары Илонаға арнаған. Ол ғұмыр бойы осы қамалды соғып, ішін махаббатқа толы мүсіндер мен фрескалармен безендірген. Екеуі 50 жыл бақытты өмір сүріп, артынан естелік ретінде мәңгілік махаббаттың символын қалдырды.
Сурет: ©Unplush
Шах-Жаһан мен Мумтаз Махал
Әлемдегі ең әсем кесене Тәж-Махал шексіз махаббаттың белгісі ретінде танымал. Үндістанның Ұлы Моғолдар империясының билеушісі Шах-Жаһан бұл керемет архитектуралық туындыны сүйікті жары Мумтаз Махалдың құрметіне салдырған. Олар 14 баланың ата-анасы атанған. Мумтаздың дүниеден озуы патша үшін ауыр соққы болды. Содан кейін ол сүйіктісіне деген мәңгілік махаббатын білдіру мақсатында осы ескерткішті тұрғызады. Бүгінде Тәж-Махал – махаббаттың әлемдік символдарының бірі.
Сурет: ©Unplush
Уинстон мен Джанет
Ұлыбританияда ғажайып, әрі жан тебірентерлік махаббат оқиғасы бар. Джанет 1995 жылы қайтыс болғаннан кейін, сүйіктісі Уинстон Хауз оның құрметіне 6000 емен ағашын отырғызып, жүрек тәріздес орман жасайды. Бұл орман сыртынан қарағанда махаббаттың нышаны іспетті. Уинстон күн сайын сол орманға барып, Джанетпен сырласатын болған. Табиғаттың ішінде көмкерілген бұл ескерткіш – махаббаттың үнсіз, бірақ терең көрінісі.
© Adam Gray/SWNS.com
Али мен Нино
Грузияның Батуми қаласындағы 7 метрлік «Али мен Нино» мүсіні махаббат пен айырылысудың символы саналады. Әзірбайжан жігіті мен грузин қызының махаббаты туралы аңызға негізделген бұл мүсіндер әр 10 минут сайын қозғалып, бір-біріне жақындап, кейін қайта алыстайды. Бұл мүсін тек ескерткіш емес, махаббаттың нәзік әрі драмалық табиғатын бейнелейтін көркем өнер туындысы.
Сурет: ©Unplush
Теңізші мен медбике
АҚШ-тың Сан-Диего қаласында орналасқан «Unconditional Surrender» атты мүсін екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған сәтті еске түсіреді. 1945 жылы Нью-Йорктың Таймс-Сквер алаңында кездейсоқ кездескен теңізші мен медбикенің құшақтасқан сәті тарихта қалды. Бұл бейне сүйіспеншіліктің, үміт пен сағыныштың символына айналды.
Сурет: ©Unplush
