Жаңалықтар

Ғани Бейсембаев аймақтардағы білім басшыларына тапсырма берді

Ғани Бейсембаев аймақтардағы білім басшыларына тапсырма берді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 29.03.2025 17:48 544

Астанада облыстық білім басқармалары мен аудандық білім бөлімдері басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста оқу-ағарту жүйесін дамытудың басым бағыттары айқындалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрі мемлекет педагогтерге қолдауды жүйелі түрде арттырып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» Заң – мұғалімге ұлттың стратегиялық ресурсы ретінде қарайтын жаңа көзқарастың қалыптасуының негізі болды. Педагогтерді аттестациялау тәсілі қайта қаралып, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау, қызметіне жатпайтын міндеттерден босату, сондай-ақ оқушыларға тәрбие мен білім беруде жетістікке жеткен үздік ұстаздарды ынталандыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде сапалы жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдар міндетті болып табылады.

Мемлекет басшысы педагогтің ел болашағын қалыптастырудағы рөлін үнемі айтып келеді. Бүгінгі мұғалім – ол қоғамды жаңғыртудағы басты тұлға. Осыған орай, барлық білім басқармалары мен бөлімдері басшыларына «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қатаң сақталуы қажет екенін тағы да ескертемін, – деді министр.❗️

Сондай-ақ министр «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында жергілікті жерлерде жаңашылдық енгізуге қабілетті жаңа буын басшыларын даярлау жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Мемлекеттік саясаттың сабақтастығы мен нәтижелілігін қамтамасыз ете отырып, кадрлық резервке енген қатысушыларды басқарушылық қызметтерге тағайындау процесін жеделдету тапсырылды.

Жиында жергілікті жерлердегі қаржылық тәртіп мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Екі жыл бұрын министрлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесіп, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмысқа бастамашылық еткен болатын. Жол картасының шеңберінде 17 миллиард теңге көлеміндегі қаржы мемлекеттік бюджетке қайтарылды.

Біз ашық және есеп беретін білім беру жүйесін қалыптастырудамыз. Әрбір басшы жоғары моральдық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл жұмыстың табысты болуы – жергілікті атқарушы органдардың тиімді қызметіне тікелей байланысты. Білім беру саласына бөлінген әрбір теңге балалардың игілігіне, олардың болашағына және елдің дамуына жұмсалуы қажет, – деді Ғани Бейсембаев.‼️

Министр «Адал Азамат» бағдарламасы аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбиелік жұмысты күшейту мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар өңірлерге білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру тапсырылды. Айта кетейік, қазіргі таңда 3 қала мен 17 өңірдің әкімдіктері қарамағында 211 аудандық білім бөлімі жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға