Жаңалықтар

«ГАМЛЕТ»: АҚЫЛДЫ АДАМНЫҢ АЗАБЫ

Шекспирдiң (1567-1616) атақты «Гамлет» трагедиясы 1600-1601 жылдар аралығында, драматург ақынның шығармашылық дарын-қабiлетi әбден пiсiп-толысқан кезiнде жазылды.
30.06.2014 12:39 9650

Трагедия тарихына шағын барлау

Шекспирдiң (1567-1616) атақты «Гамлет» трагедиясы 1600-1601 жылдар аралығында, драматург ақынның шығармашылық дарын-қабiлетi әбден пiсiп-толысқан кезiнде жазылды. Бұл кезде Шекспир 37-де, тағы бiр кемеңгер ақын Пушкин фәниден бақиға келмес сапарға аттанатын жаста болатын. Бұдан кейiн де Шекспир 16 жылдай өмiр сүрдi, бiрақ жер ортасы жасқа келгенде, жiгiт ағасы болғанда жазған осы шығармасы оның мол мұрасының iшiндегi ең үздiгi, арғы-бергi адамзат баласы дүниеге әкелген драмалық туындылардың iшiндегi ең әйгiлiсi болып қала бермек.

«Гамлет» трагедиясының төңiрегiндегi пiкiрталас, мiне, төрт ғасыр уақыт болды, әлi күнге толастамай келедi. Тiптi «Гамлеттiң» авторлығын Шекспирге қиғысы келмейтiндердiң де ұшырасып қалатыны бар. Олар мұндай мазмұны өте терең, көтеретiн салмағы мол трагедияны ХҮII ғасырдың қарапайым көше театры драматургiнiң жазуы мүмкiн емес деген уәждi алға тартады. «Шамасы, бұл трагедияны патшалық сарайдың өмiрiнен хабары бар, жан-жақты бiлiм алған ақсүйектердiң бiрi жазып, оны өз атынан жариялауға сол кездегi қалыптасқан бекзаттық этикасы жiбермегендiктен, қаңғыбас драматургтiң атынан ұсынған болар» дейдi «қарағайға қарсы бiткен мұндай бұтақтар».

Дегенмен соңғы кездерi жүргiзiлген лингвистикалық және басқа да зерттеулер мәшһүр трагедияның Уильям Шекспир қаламына тиесiлi екенiне ешқандай да шүбә келтiрмейдi.

Иә, рас, басқа да шығармаларынiкi секiлдi, драматург бұл дүниесiнiң де негiзгi желiсiн өзiне дейiнгi әдебиет нұсқаларынан алды. Мысалы, 1200 жылдары жазылған Саксон Грамматикус дегеннiң «Даттар тарихы» атты еңбегiнде Амлет атты патшазада туралы баяндалатын. Бұл тарихи-әдеби жәдiгерде туысқан ағайы Амлеттiң әкесiн өлтiрiп, мұра жолымен бұған тиесiлi тақты тартып алады, бiрақ патшазада өтiрiк есi ауысқан болып жүредi де, қандықол ағайының қырағылығы әлсiрей берген тұста, ұрымтал сәтiн дәл тауып, әдiлеттi қайта қалпына келтiредi. Әдiлет әке үшiн кек алу жолымен орындалады. Сондай-ақ Шекспирдiң аға замандасы Кид дегеннiң де «Гамлет» атты пьесасы болғаны мәлiм. Әдебиет тарихында бұлардан басқа да «Гамлеттер» жеткiлiктi. Ең ақыры, орыс жазба поэзиясының негiзiн қалаушылардың бiрi Сумороковтың да осы аттас драмалық шығармасы болғанын ескерсек, есуас патшазада туралы көне оқиғаның талайларға маза бермегенiн анық аңғарамыз. Әйтсе де, осылардың бәрi көркемдiгi жағынан да, көтеретiн жүгi жағынан да Шекспир трагедиясының қасында жiп есе алмайтыны және рас.

 

Негiзгi тақырып – кек алу

Бiз бүгiн Шекспир трагедиясынан адамзат баласына, оның саналы ғұмырына қатысты көптеген сауалдарды ұшырата аламыз. Ал осы сауалдарды трагедияны жазу барысында Шекспирдiң де өзiне-өзi қоюы мүмкiн бе? Iшкi даусымыз «Әй, қайдам» деп жауап бередi. Әйтсе де, Шекспирдiң көркем дүние жазғандығын, адамзат психологиясына байланысты теориялық мәселелермен шұғылданбағанын да естен шығармаған жөн. Сосын, кiм бiледi, бәлкiм, трагедияны жазып отырып Шекспир өз туындысы келер ұрпақ алдына тастайтын сауалдарды ақындық түйсiк деңгейiнде болсын сезiнген болар. Қазiр бәрiмiз жазықсыз жадымыздан сызып тастауға тырысып жатқан ойшыл Карл Маркстiң «Ақыл-ой қашан да өмiр сүрген, бiрақ әрдайым ақыл-ойға лайықты қалыпта емес» деген аталы сөзiн ескерсек, бұлай болуы да әбден мүмкiн ғой.

Шекспир трагедиясы, негiзiнен, кек алу төңiрегiнде өрбидi. Кек алуға тиiс бiр адам, норвег патшазадасы Фортинбрас бұл ниеттен ә дегеннен бас тартып (оның әкесiн шайқас үстiнде Гамлеттiң әкесi өлтiрген-дi), өмiрiн мемлекеттiк һәм әскери iстерге арнаса, кек алуға тиiс жандардың тағы бiрi Лаэрт (оның әкесi Полонийдi Гамлет өлтiредi) бұл әрекетке бар ынта-шынтасымен еш тоқтаусыз кiрiседi. Туысқан ағайы әкесiн өлтiрiп, таққа қанды жолмен келгенiн бiле тұра, мұндай жауап қимылға батыл бел байлауға тайсақтайтын – патшазада Гамлет қана. Ол не бас тартпайды, не бiрден iске кiрiспейдi. Өйткенi, Гамлет – алдымен қимылдың адамы емес, ойдың адамы. Ол өз әрекетiнiң ақыры неге соқтыратынына есеп беруге тырысатын жан.

Иә, Гамлет заманына тән болған кек алу мәселесiнен бүгiнгi ХХI ғасыр да кенде емес. Оған жауапты алыстан iздемей-ақ, азаттық үшiн күресiп жүрген шешен бауырлардың «қанға – қан» атты қатал заңды әлi берiк ұстанатынын есiмiзге алсақ та жеткiлiктi. Ал осы «қанға – қан» ұстанымының қаншама игi бастамалардың аяғына тұсау болып, нешеме жазықсыз құрбандардың обалына қалып жатқаны бiр Аллаға ғана аян жайт. Бұл жағынан алғанда, шешен бауырлар, амал қанша, Гамлеттен гөрi, байыбына бармай-ақ өтiрiк сөзге елпiлдей жөнелетiн тағы бiр трагедия кейiпкерi Лаэртке көбiрек ұқсап кетедi. Әрине, бiз бұл жерде шешен бауырларды кiнәлап отырған жоқпыз. Оларды әңгiме орайы осылай болып қалғасын ғана тiлге тиек етiп отырмыз. Дегенмен өлiмi үшiн кек алуға болатын жан барда, қайта өлгенi үшiн қуануға болатын пенделер де бар екенiн естен шығармау керек секiлдi. Әйтпесе, көше төбелесiнде мұрны қанап қалған баласы түгiлi, ит пен мысығы үшiн де қырқысып қалатын «қызуқандыларды» күнделiктi өмiрде аз көрiп жүрген жоқпыз ғой. Бұл да бiзге бұдан төрт ғасыр бұрын Шекспир тастап кеткен сауалдардың бiрi. «Кiм үшiн, кiмдер үшiн кек алуға болады?» деген сауал.

Шекспир трагедиясы ә дегеннен-ақ үрейлi басталады. Әлдебiр түнгi сақшылардың көзiне бiрнеше рет жақында қайтыс болған Дания королiнiң аруағы елес болып көрiнедi. Демек, «дат мемлекетiнде әлдененiң iрiп-шiрiгенi». Өйткенi, трагедиядағы бұдан кейiнгi әңгiмелерден байқағанымыздай, мұндай оқиғалар сонау бағзы кезде, Цезарь ең жақын досы Брут пен қаскөй жауларының қолынан пышақталып, қаза табатын уақыттарда жиi болып тұрған. Ол кездерде де «Қабiр бiткен қаңырап иесiз қалып, күллi өлiк өрiп жүрген көшеде...» Ақыры Римнiң шаңырағы шайқалып, ортасына құлауға ұрындыра жаздаған оқиғаларға жалғасқаны белгiлi. Бұл оқиғаларды Рим тарихынан хабары бар оқырман жақсы бiлуге тиiс. Демек, драматург бағзы Рим мен Гамлет Даниясының арасында жайдан-жай параллель жүргiзiп отырған жоқ. Бiзге, оқырманға, әлдебiр трагедияның кiрiспесi мемлекеттiк деңгейде басталып жатқанын тұспалдағысы келедi.

Мiне, әкесiнiң елесi туралы осы әңгiме патшазада Гамлеттiң құлағына жетедi. Жаңағы жерде жолдастарымен түнделетiп келген Гамлетке әкесiнiң елесiмен әңгiмелесудiң де сәтi түскен. Әкесi бұған өз ажалы туралы ақиқаттың бар жай-жапсарын жайып салған. Кек алуын өтiнген. Өйткенi, патша өз ажалынан өлген жоқ. Оны бауыры Клавдий улап өлтiрген, ендi мұның әйелi, Гамлеттiң анасы Гертруданы құшағына басып, алтын тақта сайран құрып отыр. Ал корольдiң рухы, баласы мұның кегiн алмай, тозақ отына күюлi.

Рас, Гамлеттiң көңiлiнде өгей әкесiне деген сенiмсiздiк елеспен әңгiмеге дейiн-ақ пайда болған. Ол әкесiнiң жылы өтпей жатып-ақ шешесiнiң түрi қораш бiреуге асығыс тигенiне өкпелi. Бұған көңiл айтуға келген досы Горациоға:

– Досым, менi мазақтама. «Шешеңнiң бай тапқанын көрдiм» дегiң келе ме? – дейдi.

Патша сарайында болып жатқан шашпа-төк той-думанның даңғырасын естiп отырып:

Сорымызға салт солай. Осы салтты сақтағанша құртқанымыз жөн едi. Бұл даңғаза мағлұм батыс, шығысқа, жат жұрттарға күлкi болдық осы үшiн,– деп кейитiн жерi және бар. Өйткенi, «iшiп жатыр таң атқанша көпiртiп».

Осы наразылық әке елесiмен әңгiме үстiнде беки түседi. Мiне, ол әкесiнiң елесiн көрiп тұр. «Демек о дүние дегеннiң болғаны ғой» деген қиял өтедi кейiпкер санасында. Кейiпкер санасында мұндай қиялдың болғанын оның аузымен айтылатын «... тәнiм өлiп, жаным тiрi қалар болса, ақыры, оның несi қауiптi» деген сөздерден аңғарамыз.

Кейiпкер санасында жарқ ете қалған осы бiр о дүние туралы сауал жауабы оның түйсiгiнде басқа да қазiрге жауабы жоқ сауалдар тiзбегiн тудырады.

«Япыр-ау, бұл елес шынымен әкемнiң мазасызданып жүрген аруағы ма, әлде iбiлiстiң менiмен жасамақ айла-шарғысы ма?».

«Әкемнiң аруағы деп айтқанын iстер болсам, iбiлiстiң тiлiне ерiп жаза басып, ақыретте тозақ отына күймеймiн бе?»

«Кiнәсiз адамның обалына қалмаймын ба?»

Сауалдар легi осылай жалғаса бередi.

Әдебиет тарихында алғаш рет Шекспир көтерген осы сауалдардың қайсыбiрiне жауап беруге тырысқан қаламгерлер кейiн де көп болды.

Детектив патшазада және ғалым қателiгi

Осы әдеби жауаптардың iшiнде өзiмiз бiлетiннен ең қызықтысы – итальян жазушысы Дино Буццатидiң (1906-1972) қаламына тиесiлi новелла. Осы бiр «Эйнштейнмен жүздесу» деп аталатын шағын новелланың ұзын-ырғасы мынадай:

Бiрде күн ұзаққа созылған ғылыми iзденiс жұмыстарынан кейiн таза ауаға тынығуға шыққан әйгiлi ғалымға әлдебiреу ұшырасады.

– Мен Әзiрейiлмiн. Сенiң жаныңды алуға келдiм,– дейдi әлгi көшеде кездескен бейтаныс.

Эйнштейннiң жаны алқымына келедi.

– Үйбай-ау, бүкiл өмiрiмнiң мәнi iспеттi ғылыми жаңалығымды ендi-ендi ашудың аз-ақ алдында тұр едiм. Жанымды алар сәттi сәл кейiнге қалдыра тұрмайсыздар ма? – деп жiк-жапар болады.

– Жарайды,– дейдi бейтаныс бейнесiндегi Әзiрейiл, – тағы бiрқанша күннен кейiн келермiн. Оған дейiн жаңалығыңды ашып қоюға тырыс.

Осы сөздi айтады да әп-сәтте көзден ғайып болады.

Ендi Эйнштейн жаңалығын ашуға бар күш-қажырын салған. Бiрақ Әзiрейiл келiсiлген уақытта келген кезде де жаңалық әлi ашылып болмаған-ды.

Эйнштейн Әзiрейiлден айналып-толғанып, жаңалығын ашуға тағы бiр ай уақыт беруiн өтiнедi.

Паң Әзiрейiл бұл жолы да келiсiмiн берген.

Мiне, кездесу орнына ендi Эйнштейннiң өзi келiп тұр.

Жүзi бал-бұл жанады.

– Жаңалығымды аштым, ендi алатын жаныңды ала бер,– дейдi ол Әзiрейiлге еркiнси күлiп.

– Шыныменен аштың ба?

– Иә.

– Жарайды, ендi сенiң жаныңның бiзге керегi жоқ. Осы тойған қалпыңда емiн-еркiн жүре бер,– дейдi Әзiрейiл.

Эйнштейн таң-тамаша.

– Менi жаныңды аламыз, жаңалығыңды тезiрек аш деп асықтырғандарың қайда? – дейдi Әзiрейiлге айтатын дауы бардай төне қарап.

Сонда Әзiрейiл:

– Мен Iбiлiспiн, төменде басқа iбiлiстер сенiң жаңалығыңды тезiрек ашқаныңа риза болысып жатыр. Ендi тозаққа баратын адамдар көбiрек болатын болды деп мәз болуда. Бiзге осы да жетедi,– деп қарқ-қарқ күлген көрiнедi. – Ал өз жаның өзiңе олжа.

– Япыр-ау, менiкi бар болғаны формулалар ғана ғой. Ол формулалардың тозаққа баратындарға не қатысы бар? – дейдi аң-таң Эйнштейн.

– Қатысы болғанда тiкелей қатысы бар,– дейдi тағы да қарқ-қарқ күлген Әзiрейiл бейнесiндегi Iбiлiс. Сөйтедi де лезде көзден ғайып болады.

Әрине, бұл ғалымдар трагедиясы туралы аллегориялық әңгiме. Дегенмен Эйнштейн, Нильс Бор, Сахаров секiлдi әйгiлi ғалымдардың өздерi ғылыми жаңалықтарына өмiрден өкiнiп өткендерiне тарихтан куә болғанымыз кеше ғана.

Жасап жатқан iс-әрекетiң, оған түрткi болған ой-толғамың жақсылыққа бастай ма, әлде жамандықтың ауылының төбесiнен дәл түсiре ме, осы жағын да бiр сәт пайымдап ал дейдi шағын әңгiменiң айтатын пәлсапасы.

ХХ ғасырдың ұлысы Эйнштейн сауалға жауап iздеуде қателессе (оның ғылыми iзденiстер кезiнде өзiне мұндай сауалды қоймағаны да анық. Өйткенi, Шекспир Гамлетiн, сондай-ақ автордың өзiн де мазалаған дiни-пәлсапалық сауалдар атеизм жан-жақты белең алған ХХ ғасырда тым күңгiрт тартқан-ды), ортағасырлық патшазада Гамлет қаншалықты жас екендiгiне, өмiрлiк тәжiрибесi аздығына қарамай бұл сауалдарға жауап iздеуде барынша қателеспеуге тырысады.

Осы арада Гамлеттiң өзiн мазалаған сауалға жауап iздеуiн кәнiгi детективтiң өз күмәнiн айғақтауға табанды түрде дерек iздеуiмен салыстыруға ғана болады. Иә, Шекспир дүниеге келтiрген патшазада Гамлеттiң бойында кейiн, көп кейiн Артур Конан Дойл тудырған әйгiлi iзкесушi Шерлок Холмстың ерен қабiлет-қарымы да бар.

Ендi ол уақытша болса да есуастың бетсiрiсiн жандүниесiне шақтап көруге бел байлайды. Өзiне жаңа рөлдi таңдап алады. Гамлеттiң жоспары бойынша қалаға келiп қалған қаңғыбас актерлер труппасы өгей әке мен ақжүрек әке махаббатына адал бола алмаған шеше алдында қандықол патшаның қылмысын еске түсiретiн шағын қойылымды ойнамақ. Сонда бұл корольдiң әрбiр қимылын, сахнада болып жатқан көрiнiстерге байланысты бетiне жылт етiп шыққан көңiл-күй бояуын зер салып байқап отырмақ:

   Тфу! Лағнет! Оян миым! Естiгем:

   Қылмыстылар, спектакль iшiнен,

   Өзiне ұқсас ұсқын көрсе қанқұйлы,

   Үн қатпай-ақ тыпыршиды,

   Қырғын ойын қызуына түскенде.

   Сезiктi сұм секiредi деушi едi.

   Өз әкемнiң өлiмiнен аумаған

   Бiр сұмдықты ойна деймiн актерге

   Көз алдында ағайдың.

   Сосын оның қымс еткенiн бағамын,

   Сезсем болды – өзiм бiлем ар жағын,

   Мүмкiн анау аруақ емес, жын шығар,

   Жын да көзге қымбатың боп

   Көрiнедi деушi едi. Мүмкiн, залым

   Әбден бiлiп әлсiреген шағымды,

   Өлтiргелi жүрген шығар мен сорды.

   Дерек керек одан гөрi дәлiрек,

   Сол деректi ұстатар деп осы ойын,

   Ақ-қарасын анықтар деп корольдiң,–

   Қаптырам деп, салдым суға қармақты

                                                                         (Гамлет. 2.2.)

Гамлет-Холмстың қылмысты iстi ашуға септесер өз доктор Ватсоны да бар. Ол – адал досы Горацио. Екеуiнiң актерлермен бiрiге әрекет жасауының арқасында король ағайдың қанқұйлы iсi ашылады. Гамлетке аян берген шынымен-ақ азалы әкенiң аруағы екенi дәлелденедi. Бiрақ әке өлiмiне себепкер қаныпезерден кек алуға Гамлет әлi де асықпайды. Ыңғайлы сәттi күтедi. Рас, өгей әкей Құдайға жалбарынып тұрғанда өлтiрудiң сәтi түскендей болған, бiрақ ол жолы Гамлет Құдайға сенетiн иманды жанның салтымен асығыстықтан бас тартады:

               Бұл жексұрын боқтығынан арылып,

               Алсаң құдай ала бер деп тұрғанда –

               Өлтiргенiм өш алғаным болар ма?

               Жоқ.

                                                                          (Гамлет. 3.4.)

Осы оқиға қазақ оқырманына жақсы таныс намазын бұзбай дүниеден өткен Жанғожа батыр туралы әңгiменi еске түсiредi. Рас, бұл жерде Клавдий емес, керiсiнше, Гамлет қазақ батырына рухы, түсiнiгi жағынан жақындау.

Гамлеттiң ендiгi бар арманы қылмыскер Клавдийдi тозақ отына күйдiру. Ол осы жолда өзiне шын берiле сүйген жаны пәк ару Офелияның да махаббатынан бас тартады. Тiптi өгей әкесiмен ымдас Офелияның әкесi Полонийдiң жанын жаһаннамға аттандыру арқылы оның жынданып өлуiне себепшi болған. Иә, рас, Гамлеттiң жауларыммен ымыралас екен деп Офелиядан да күдiктенiп қалатын кезi бар. Мiне, бұл кек алуға белiн бекем байлаған патшазаданың әдiлеттiлiктi орнату жолындағы бiрiншi қателiгi болатын. Және бұл жерде қателеспеу мүмкiн де емес-тi. Өйткенi, бұл кездерi Гамлетке қарсы бүкiл сарай, iшкi-сыртқы саясат, Гамлеттiң бiр кездерi бiрге тәлiм алған жора-жолдастары, бәрi-бәрi әрекет жасап жатқан-ды.

Макиавелли мен Монтень пәлсафалары және Абай

Шекспирдi табиғат мол дарынды сараңданбай сыйлай салған, ешқандай iзденбей-ақ драмалық шығармаларды тоғыта берген шынымен-ақ шашпа-төк талант иесi деуге әсте болмайды. Егер туындыларын зерделеп оқысаңыз, Шекспир заманындағы және оған дейiнгi әдебиет үлгiлерiнен хабардар болсаңыз, «Гамлет» авторының өз шығармаларының желiсiн ғана өзгелерден алып қоймай (әрине, дамытылған нұсқада), кейiпкерлерiнiң ауызына да сол кезгi әйгiлi ақын-жазушылардың сөздерiн, пәлсафалық ой-түйiндерiн салып жiберетiнiн аңғарар едiңiз.

Ақыл-ой адам үшiн сәттiлiктi iздеуде, билiкке қол жеткiзуде таптырмас қару болуы мүмкiн. Сондай-ақ өмiрдiң трагедиялық жақтарына зер салдыру арқылы ақыл-ойдың адамды қоғамдық өмiрдiң сүреңдiгiнен азап шектiруi де әбден рас. Бұл бағытты Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп нақтылаған болатын. Бұлардың алғашқысы Макиавелли еңбектерiнде көбiрек дәрiптелсе, екiншiсi Монтень «Тәжiрибелерiнде» кеңiрек сөз болды. Шiркеудiң диктатурасы құлап, Батыс Қайта өрлеу дәуiрiне еркiн енген Шекспир заманында, дiн догматтарының бұғауынан азаттыққа шыққандай болған ақыл-ойдың осы екi жолдың бiрiн өзiне өмiр сүру тәсiлi етiп қабылдағаны анық. Өз заманының түлегi ретiнде Шекспирдiң де рухани өмiрде болып жатқан адам, сана, тiршiлiк, жаратылыс туралы осы екi бағыттың айтыс-тартысына куә болмауы мүмкiн емес. Ал ол пiкiрталастардың драматург шығармаларында көрiнiс таппай қалуы және мүмкiн болмайтын жайт.

Мысалы, «Гамлет» трагедиясындағы Клавдий, Полоний, Лаэрт, Гильденстерн мен Розенкранц секiлдi өз алдарына қойған мақсатқа жету үшiн (билiкке талас) ақыл-ойды қару етiп пайдаланатындарды макиавеллистер десек, бүкiл қоғамның дертiн өз жан-дүниесiнен өткiзуге мәжбүр болған Гамлет секiлдi сақа жалғызды Монтень жолын ұстанушы деуге болады. Оның батыл iс-әрекеттерге бара алмайтынында да осындай себеп жатыр. «Ғасырдың буыны тайқып кеттi. Сайтан алғыр, неге ғасырдың тайқыған буынын дәл мен салуға тиiстiмiн!» деп зар қағады ойлы Гамлет.

Өйткенi, Абай айтқандай:

               Iшiм өлген, сыртым сау,

               Көрiнгенге деймiн-ау:

               Бүгiн дос – ертең жау,

               Мен не қылдым, япырмау-дың керi.

Өйткенi, Гамлет те Абай айтқан сөздiң шындығына құ­­лайды:

               Жүрегiмнiң түбiне терең бойла,

               Мен бiр жұмбақ адаммын, оны да ойла.

               Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстiм,

               Мыңмен жалғыз алыстым, кiнә қойма!

Иә, Гамлет ана дүниенiң бар екенiне сенедi. Мына өмiрде әке тағын қайта тартып алу, сол үшiн де қантөгiстерге бару – ол үшiн мүлдем жат нәрселер. Ол тiптi Құдайға жалбарынып тұрған сәтi болғандықтан, өлтiруге мүмкiндiк болып тұрса да, өгей әкесiн де өлтiрген жоқ емес пе! Бiрақ мұның бәрi ол айқасқа түсуге тиiс пенделерге жат түсiнiктер. Олар Гамлеттiң түйсiнгенiн түйсiне алған жоқ, ақылмен барлап бiлгенiнiң ширегiне де жете алмады. Гамлет сол үшiн де олармен ашық айқасқа шығудан бас тартты. Өйткенi, бұл шайқас көптеген күнәсiз адамдардың қаны нақақтан төгiлуiне апарып соқтыруы мүмкiн. Мұны Шекспир де, Шекспирдiң кейiпкерi Гамлет те жақсы бiлiп отыр. Әйтпесе, бабалар жолымен өзiме тиесiлi байлықты қайтарып аламын, мен үшiн айқас даласына шығыңдар десе, Гамлеттiң артына билiк пен таққа таласы жоқ, бiрақ әдiлетке бүйрегi бұратын қарапайым қалың бұқара ермеуi мүмкiн бе? Гамлет қолда бар мүмкiндiктiң ешқайсысын пайдаланбайды. Тек өз ақыл-ойы мен күш-қажырының жететiн жерiне шейiн кек алады. Ең бастысы, ол қандықол корольдi өлтiрдi. Ойлы адамға бұл да аз жеңiс емес. Бiрақ Гамлет мыңды жеңген жоқ, бiрдi ғана жеңдi. Клавдий мен полонийлер дүниеден өткенiмен Розенкранц пен Гильденстерндер қалды. Олардың қалғанын бiз бiлiп отырмыз. Шекспирдiң «Гамлетi» арқылы бiлiп отырмыз. Демек Гамлеттiң, «мыңмен жалғыз алысқан» Гамлеттiң де әлi күнге тiрi болғаны ғой, әлi күнге мыңды бiртiндеп жеңiп келе жатқаны ғой. Осыған сенгiң келедi.

Ғажап, «Гамлеттi» оқып отырып, ұлы Абай да осы дүниемен таныс болған-ау деген ойға қаласың. Әйтпесе Абайдың «Ескендiр» поэмасының ой қозғаушысы iспеттес сөздердiң «Гамлетте», қалың қорым iшiнде болатын әңгiмелер арасында жүруi нелiктен?

Бiрақ, кiм бiледi, олай болмауы да мүмкiн ғой. Ұлылардың ойлары өзара ұқсас бола бередi деген сөз бар емес пе?

Қорыта айтар болсақ, «Гамлет», мейлi, басты кейiпкерi христиан дiнiндегi адам болсын, Құдай жолында жүрген жанның жандүние азабы туралы қайталанбас трагедия. Оны адамзат баласының рухани асыл қорына кiретiн туынды деп бағалауымыздың себебi де сондықтан.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға