Жаңалықтар

Ғалым Жайлыбай – Абай сыйлығының лауреаты

«Поэзия – рух сөзі, бұл – ғайып дүние» дегенді ұстанатын ақын Ғалым Жайлыбайдың өлеңдері ағылшын, қытай, орыс, украин, беларусь, түрік, қырғыз, татар және тағы да басқа тілге аударылды
Ғалым Жайлыбай – Абай сыйлығының лауреаты
Фото: elana.kz 22.10.2022 12:02 3356

2022 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты алғандардың қатарында ақын Ғалым Жайлыбай ағамызда бар.

 «Ақындық рухтың күштілігі – автордың бойындағы биік қасиет. Ол талантпен, заман сабағымен, біліммен толысады. Осыны түсіну арқылы біз ақын құпиясына кіреміз, оның жазғандарын жанымызбен қабылдап, табиғатын тануға бір табан жақындаймыз. Ғалым ақын бойында осындай ұлы ақындарда болатын қасиет бар» деп баға береді академик Серік Қирабаев.

Ғалым Жайлыбай кешегі классик ақындардың ізін жалғаған, өзінің поэзиялық қуатымен мойындалған, өлеңдерінің идеялық әр алуандылықпен танылған ақын. Оның ақындық болмысы, азаматтық бітімі туралы айтылған сөз көп. 

Белгілі ақын Серiк Ақсұңқарұлы: «Ғалымның қай өлеңiн оқысаң да халық әнiн естiп, соның әуенiне елтiп отырғандай күй кешесiң. Әр өлеңi халық әнiндей қарапайым, табиғи, жатық» деп мерейін асырады.

Журналист Аманғали Қалжанов қазақ пен жылқы қалай рухтас болса, ақын тұлпар тұяғының дүбірін танып, тынысын сезетіні туралы жазады.

«Қазақ атқа мінгенде әруақтанып кетеді. Жылқышының баласы болып, өзі де бала кезінде жабағыға, тайға мініп, жасында жылқы баққан ақынның бойындағы күшті рухтың дәні сол уақытта себілді деп пайымдаймыз. Жалпы Ғалым Жайлыбайдың стихиясының бірі жылқы тәрізді. Оған ілгеріде жарық көрген «Ардакүрең» және осы «Ай таңбалы арғымақ» атты кітаптары дәлел. Әдеби бәйгеге түсіп жатқан бұл жинақтағы кейбір өлеңдердің атаулары да содан хабар беретіндей. Кітапқа атау берген өлеңнен басқа «Тоғызыншы ақпан. Қысырақтың үйірі», «Құлагердің көз жасы», «Арғымақтар», «Қаз мойынды ер салып», «Жетім құлын», «Жылқышының баласы», «Жалынан сылап», «Ей, енесі өлген құлын күн…», «Кербес­тінің кекілі» деген өлеңдерде ақынның табиғаты жатыр.

…Жылап аққан жылтырап

 жылға басы,

Айыл жиып, айкезбе түнде

 адасып…

Ай таңбалы арғымақ,

айналайын,

Далаға ынтық, екеуміз

 қырға ғашық…

Немесе:

…Жаздар қалды соңымда,

 күздер қалды,

Тай тұяғы жаншыған іздер

қалды.

Жылқышының баласы –

 жылқы мінез –

Тұнықтың да тұнығын іздер мәңгі… – деген шумақтардан ақынның нені армандайтыны мен нені аңсайтының аңғарамыз», – дейді журналист.

«Поэзия – рух сөзі, бұл – ғайып дүние» дегенді ұстанатын ақын Ғалым Жайлыбайдың өлеңдері ағылшын, қытай, орыс, украин, беларусь, түрік, қырғыз, татар және т.б. тілге аударылып, әлемге өзінің ақындық рухымен, ақындық қуатымен танылды.   

Оның «Жанымның жапырақтары» (1988), «Жүрегімнің жұлдызы» (1996), «Құс қанаты» (2001), «Қарашығымдағы қара өлең» (2006), «Ардакүрең», (2008), «Ақ сиса», «Белый ситец» (2012), «Бір тал үкі (2014), «Тамакөшкен» (2016), «Есіл ағады» (2016)  атты жыр кітаптарының ұлт әдебиетіндегі алатын орны жоғары.

Ақындық Құдай адам бойына беретін деген тылсым қасиет. Сол қасиетті кім де кім абыроймен, жауапкершілікпен көтере білсе ғана, ол адамның басында бақ болып тұратыны анық. Ғалым Жайлыбай ағамыз өзінің адамдық, адалдық қасиетімен алаш жұртына сыйлы.

Марапат құтты болсын, ағайын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға