Жаңалықтар

Гүлнар Тыныбаева: «Отбасылық бақыттың кілті – әйелдің қолында»

«Күміс алқа» иегері жас отбасыларға қандай кеңес береді?
Гүлнар Тыныбаева: «Отбасылық бақыттың кілті – әйелдің қолында»
Фото: © El.kz 06.03.2021 18:11 4425

 

8 наурыз – көктемнің шуақты мерекесіне аз ғана уақыт қалды. Бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Халықаралық әйелдер күні деп бекітілген. Сондай-ақ елімізде мемлекеттік мереке ретінде атап өтіледі. Биыл аталған мейрам дүниежүзінде 110-шы рет тойланғалы отыр. Бүгінде 8 наурыз – әйелдердің сұлулығы мен нәзіктігін айқындап көрсететін, оларға құрмет пен сыйластықты насихаттайтын көктем мерекесіне айналған. Осы күннің құрметіне орай біз көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Гүлнар Тыныбаевамен әңгімелескен едік.

WhatsApp Image 2021-03-05 at 23.48.01.jpeg

 

Гүлнар Молдашқызы бүгінде Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыбастау ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Өз ауылында алғашқы болып «Күміс алқа» орденімен марапатталған кейіпкеріміз, мұны жақсылыққа балайды.

 

- Мемлекетіміз көп баланы дүниеге әкелген аналарға тағайындаған «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері жыл сайын көбейіп жатқаны қуантады. Мен де солардың қатарына қосылып, медаль иегері атандым. Бір қызығы, ауылымызда бұл марапат бірінші болып маған табысталды. Сол кезде ерекше қуанышқа бөленіп, Аллаға шүкіршілігімді айттым. Бұл игіліктің арқасында үкіметтің барлық жеңілдігін пайдаланып келе жатырмын. Бала санымен зейнеткерлікке ерте шықтым. Соның өзінде қызметімді қоса атқарып отырмын. Қарап отырсақ, үкімет көпбалалы аналар үшін бар жақсы жағдайды жасап келеді. Маған да берілген осындай мүмкіндік үшін алғыс айтамын, - дейді Гүлнар Тыныбаева.

 

«Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен» аналарымыздай Гүлнар Молдашқызының отбасылық өмірі мен қызметтік жолын қатар алып жүргені көпшілікке үлгі. «Күміс алқа» иегерінің жары Ерболатпен лағыл тойларын өткізетін күніне де көп уақыт қалған жоқ. Отасқандарына 39 жыл толған жандар бүгінде бес қыз, бір ұл өсіріп, ағайын-жұртқа абыройлы, ауылдасқа сыйлы отбасыға айналып отыр.

 

- Мен 1964 жылы 14 сәуірде Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыбастау ауылында дүниеге келдім. 1970 жылы Ленин атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1980 жылы бітірдім. Сол жылы Ленин атындағы колхозға мүшелікке қабылданып, жұмыс істей бастадым. 1984 жылы Политехникалық училищенің бухгалтерлік есеп бөліміне оқуға түстім. Тек мамандығым бойынша ғана емес, барлық салада жұмыс істеп көрдім десем де болады. Ал 1982 жылы тұрмыс құрдым. Жарым Ерболат екеуіміз бес қыз, бір ұлдың ата-анасы атандық. Отағасы қазір Алматы қаласындағы құрылыс фирмасында еңбек етеді. 1983 жылы тұңғыш қызымыз Мөлдір дүниеге келді. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін қызыл дипломмен бітіріп, телеарналарда жұмыс істеді. Қазір күйеубалам Нұрболат екеуі төрт бала өсіріп, Ақтөбе қаласында тұрып жатыр. 1985 жылы Мақпал деген қызымыз дүниеге келді. Үш баланың анасы, он жылдан бері Алматы қалалық Полиция департаментінде қызмет атқарып келеді. Үшінші қызым Ұлбосынның мамандығы – бухгалтер, қазір бала күтімімен үйде отыр. Күйеубалам Ерманмен төрт жиенімізді тәрбиелеп отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Гүлназ қызымызды өмірге әкелдім. Бүгінде еліміздегі телеарналардың бірінде видеоинженер, өз ісінің үздік маманы. Ал бесінші қызым Назгүл жақында тұрмысқа шықты. Екі жоғары білімі бар. Кенже ұлдың аты – Сырым. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының театр өнері және эстрада факультетін бітіріп, үлкен өмірге актер болып қадам басты, - деп кейіпкеріміз өмірінен сыр шертті.

 

WhatsApp Image 2020-09-13 at 21.53.29.jpeg

Гүлнар Молдашқызының шаңырағы ауылдастарына өнерлі отбасы ретінде танымал. Домбыраны жанына серік еткен көпбалалы ана бойжеткен күнінде өнер жолын таңдай алмапты. Алайда көп жылдардан кейін бойындағы таланты сыртқа шығып, бүгін қызметін де осы саламен байланыстырған.

 

- Біздің жастық шағымызда өнерге деген көзқарас басқаша болды. Сол себепті өзге мамандықты таңдауыма тура келді. Жоғарыда айтып өткендей, түрлі салада еңбек еттім. Балаларды өмірге әкелгеннен кейін бірден жұмысқа шығып кететінмін. Демалып үйде отырайын деген ой да болмапты. 2010 жылдан бері ауылымыздағы мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет атқараман. Мамандығыма сай келмегендіктен қосымша оқуыма тура келді. Бәрі өнерге деген құрметтің, сүйіспеншіліктің арқасында деп ойлаймын. Бұрын кішігірім отырыстарда, дос-жаранның, туыс-бауырдың арасында домбырамен ән айтып беретінмін. Қазір Аллаға шүкір, ойдағы арманым орындалып, елдің, халықтың ортасында өнер көрсетіп жүрмін. Түрлі концерттер, мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, аудан мен облысты аралаймыз. Қазір мәдениет саласына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп жатыр. Өйткені өнер – халықтың рухани қазынасы. Мен де осы салаға аз да болса үлесімді қосып жүргеніме қуаныштымын, - дейді мәдениет қызметкері.

 

WhatsApp Image 2021-03-06 at 17.53.37.jpeg

Кейіпкеріміз «қанмен келген өнер тасада қалмайды» деген пікірде. Олай деуіне толық негіз бар. Өйткені өз балалары ғана емес, немерелері де өнерге бейім.

 

- Балаларымның бәрі өнерлі, бірақ тек ұлымыз ғана бұл жолды таңдады, - деп сөзін жалғастырды кейіпкеріміз. «Өнер жолы – ауыр жол, қыз бала отбасын құруы керек, бала тәрбиелеу керек, ондай жағдайда өнерді қатар алып жүру қиын болады» деген түсінікпен, біз қыздарымызға басқа мамандықты таңдаттық. Ал өнерді қосымша алып жүруге кеңес бердік. Осылайша қыздар әкесі екеуміздің ақылымызды тыңдады. Расымен де, одан еш жамандық көрген жоқ. Отбасының ұйытқысы болып, балаларын тәрбиелеп отыр. Кіші қызымыз Назгүл өз мамандығымен қатар түрлі түсірілімдерге қатысып, фильмдерден көрініп, ән айтып сахналарға шығады. Тіпті жиендеріміз де өнерге бет бұрып келеді. Қазына атты бүлдіршініміз республикалық, қалалық байқаулардың жеңімпазы, әнге, биге қабілетті, ақындардың өлеңін жатқа оқиды. «Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» деген сөз бар ғой. Бұл олардың түп нағашыларынан берілген деп ойлаймын. Себебі шешемнің бауырларының бәрі өнерден құр алақан емес. Енді осы өнердің қайнаған қазанында жүрген ұлым Сырымға сәттілік тілейміз. Таланты зор, қабілеті мол, дарынды баламыздың болашағынан үлкен үміт күтеміз.

 

 

 

Аяулы ана, ардақты әже, асыл жар болып, бір шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған Гүлнар Молдашқызынан отбасылық құндылық туралы ойын сұрадық. Айтуынша жақсы отбасыға айналу, алдымен, ондағы ынтымаққа тікелей байланысты. Сонымен қатар бала тәрбиесі жайында сөз қозғап өтті.

 

 

- Отбасылық құндылық дегеніміз – ең бірінші сенімділік, сыйластық. Сыйластық бар жерде бәрі жақсы болады. Одан кейін төзімділік, шыдамдылық болуы керек. Өмірде түрлі жағдайды бастан кешіреміз. Алдымыздан небір қиындықтар, сынақтар күтеді. Соған қарамастан екі жас бір-біріне сеніп, құрметтеп, бәріне сабырлық танытса, сонда ғана берік отбасыға айналады. Мен өзімнен кейінгі сіңілілеріме, келіндерге, жастарға айтарым, отбасын құрып, балаларды дүниеге әкеліп, оларды тәрбиелеу өте қиын және жауапкершілігі мол дүние. Әсіресе, әйел адамдардың жауапкершілігін көп талап етеді. Өйткені отбасылық бақыттың кілті – әйелдің қолында. Балаларды дүниеге аман-есен алып келген соң, оған дұрыс тәрбие беру парыз. Перзент – аманат, Алланың берген сыйы. «Балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай көр, он бес жасқа дейін құлша жұмса, одан кейін досыңдай сырлас» деген қазақта жақсы сөз бар. Тағы да дана бабаларымыз «Балаңды аясаң, аяма» дейді. Бұл сөздердің астарына үңілсеңіз тұнып тұрған тәрбие жатыр. Баланы бағу – оған міндетті түрде қымбат киім кигізіп, қымбат дүние әперу емес. Дұрыс бағыт берсең, талантын аша білсең, жастайынан еңбекке баулып, біліммен сусындатсаң, ары қарай өзі-ақ талпынады. Аллаға шүкір, ұл-қыздарымыз өмірден өз орнын тауып, жақсы өмір сүріп жатыр. Әкесі екеуіміз кезіндегі бейнетіміздің зейнетін көріп, балаларымыздың ортасында тек бақыттарын тілеп отырмыз. Отбасымызда қандай жағдай болмасын ашық айтып, ақылдасамыз, бірге шешім қабылдаймыз. Өйткені ынтымақ пен бірлік – шаңырақтың негізгі ұстанымы болуға тиіс, - дейді Гүлнар Молдашқызы.

 

WhatsApp Image 2020-09-14 at 11.20.25.jpeg

Сондай-ақ көпбалалы ана келе жатқан арулар мерекесіне орай өз құттықтауын жеткізіп, ақжарма тілегін айтты.

 

- Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы да атап өтілуде. Мәдениет саласында жүргендіктен жауапкершілігіміз көбейіп, маңызды шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Ал енді 8 наурыз – гүлдей жайнаған қыз-келіншектердің күні. Көктем келе салысымен осы мейрамды асыға күтіп, көңіліміз жадырап, бір жасап қаламыз. Барлық аналарды, әжелерімізді, аруларды келе жатқан мейраммен құттықтаймын. Балаларымыз бақытты болсын, «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» аналарымыз көбейе берсін! – деп тілегін білдірді Гүлнар Тыныбаева.

 

Бүгінгі кейіпкеріміз – батыр ана. Өйткені, көп баланы дүниеге әкелу ерлік. Бақытын отбасы мен өнерден қатар тапқан өнегелі жанның өмірі баршаға үлгі болар деген ойдамыз. Мереке құтты болсын!

 

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға