Жаңалықтар

Гүлбаушан ТIЛЕУБЕКОВА: "Тамашаның" аққуы мен гәккуі атанып жүрміз"

Гүлбаушан ТIЛЕУБЕКОВА, «Тамаша» әзiл-оспақ отауының актрисасы.
12.08.2014 08:31 8866

Гүлбаушан ТIЛЕУБЕКОВА, «Тамаша» әзiл-оспақ отауының актрисасы.

Гүлбаушан ТIЛЕУБЕКОВА: "Тамашаның" аққуы мен гәккуі атанып жүрміз"

– «Тамаша» əзiл-оспақ отауында өнер көрсетiп келе жатқаныңызға он жетi жылдай уақыт өтiптi. Осы жыл-дар аралығында көпшiлiктiң көңiлiнен шыққан көптеген рөлдердi сомдадыңыз. Өнердегi өз орныңызды табуға кiм ықпал еттi?

– Ұмытпасам, 1988 – 1989 жылдары Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алаңында үлкен концерт болып өттi. Ол мəдени шараның қандай мерекеге орай өткiзiлгенi есiмде жоқ. Əйтеуiр бiз – Iлияс Кəрiбаев деген курстасым екеумiз домбы-рамен ұлттық əндi нəшiне келтiре орындадық. Көрермендер дуылдата қол соғып, ризашылықтарын бiлдiрiп жатты. Осы концерттен кейiн маған Лұқпан аға келiп: «Айналайын-ау, сен өзiң қайда оқыдың, не бiтiрдiң?» деп сұрақты үстi-үстiне төпелеп қойып жатыр. Мен үлгергенiмше жауап берiп жатырмын. Осы екi ортада Т.Жүргенов атындағы өнер институты музыкалық комедия факультетiн бiтiргенiмдi, ондағы ұстазым Кəукен Кенжетаев болғанын, əн салып, би билейтiнiмдi, жалпы дайын əртiс екенiмдi айтып үлгердiм. Өзiме деген жарнаманы жақсы жасаған болуым керек. Лұқпан аға менi мұқият тыңдап болды да: «Тамашаға» келуге қалай қарайсың?» дедi.

– Ойбай-ау, аға, Сiздiң өзiңiз шақырып тұрсаңыз, бiз қалайша бармайық. Бұл бiз үшiн қол жетпес арман ғой, – дедiм қуанып. Мiне, сол жылдан бастап осы киелi шаңырақта өнерiмiздi ұштап келемiз.

Əрбiр актер белгiлi шығармадағы басты рөлдi сомдауға тырысады. Өмiр бақи соған қол жеткiзуге ұмтылады. Оған шамасы жетпесе, ең болмаса, өзiнiң оң жамбасына келетiн рөлдердi алуға тыраштанады. Осы тұрғыдан келгенде, сiз-дерде рөлдердi бөлiсу қалай жүргiзiледi?

– Негiзi, бiзге рөлдi бас режиссерiмiз Лұқпан Есенов ағай бөлiп бередi. Ол кiмнiң қай рөлдi шығара алатынын бiледi. Сондықтан да бiз: «Маған ана рөлдi берiңiзшi, мен мына рөлдi ойнай алмаймын» деп айта алмаймыз. Кiмге қандай рөл бұйырды, соны алып шығуға тиiспiз. Ол образ режиссердiң де, халықтың да көңiлiнен шығуы қажет. Актерлердiң арасын-да «Рөлдiң үлкенi мен кiшiсi болмайды» деген сөз бар. Сол айтқандай, бiз қай рөлдi алсақ та сол рөл арқылы халықтың жүрегiне жетуге тырысамыз.

Осы уақытқа дейiн Сiз қазақтың небiр дарынды да алымды актерлерiмен бiрге ойнадыңыз. Қойылымның сəттi шығуы партнерге де байланысты болады. Сондай жақсы партнердiң қатарына кiмдердi қосар едiңiз?

– Əр актердiң өзiндiк орны, ерекшелiгi болады. Маған өзiммен бiрге ойнаған актерлердiң бəрi ыстық. Негiзi, мен бақытты адаммын. Өйткенi мен қазақтың маңдайына бiткен талантты ұл-қыздарымен өмiрде де, өнерде де бiрге жүрдiм. Мəселен, мен Лидиямен де, Құдайбергенмен де, Мейiрманмен де, Тоқсын, Уайыс – бəрi бəрiмен бiрге ойнадым. Ал қазiр Данагүл екеумiз егiз қозыдай болып, сахнада бiрге жүрмiз. Бiздi қазiр ешкiмнiң де бөлгiсi келмейдi. «Тамашаның» Аққуы мен Гəккуi атанып жүрген жайымыз бар. Ал ана Қадiрбек менiң сахнадағы шалым. Асылбекпен де бiраз рөлдердi берге ойнадық. Сондықтан оларды бiр-бiрiнен бөле-жара атай алмаймын.

Дегенмен, Мейiрман, Тоқсын, Уайыс ағалардан үйренген, олардың актерлiк шеберлiктерiнен сабақ алған тұстарыңыз болған шығар?

– Əрине, олардан үйренген тұстарымыз өте көп. Олар сахна шеберлерi ғой. Ал ондай шеберлермен сахнаға бiрге шығу – үлкен бақыт. Олармен бiрге ойнаған да, ойнамаған да арманда болады. «Тамашаның» ол тарландарын халық əлi де сағынады, iздейдi. Олардың ойнаған рөлдерiн тамсана айтып отырады. Осы орайда олардың адамдық қасиетiне тоқталмай кетуге болмайды. Олар үлкендi ұлықтап, кiшiнi құрметтей алатын. Менмендiк, көкiректiк оларға жат қасиет едi. Кез келген адаммен тез тiл табысып кететiн. Солардың арқасында бiз отбасымен араластық. Əлi күнге дейiн қарым-қатынасымыз үзiлген емес.

– «Тамаша» тек үлкен мереке қарсаңдарында ғана қойылады. Сонда басқа уақыттарда немен шұғылданасыздар?

– Дұрыс айтасыз. «Тамаша» ойын-сауық отауы өз бағдарламасын жылына екi-ақ рет қояды. Бiрiншi бағдарлама Наурыз мерекесiне орай дайындалса, ал екiншi бағдарламамыз Жаңа жылға арналады. Ал қалған уақытта кең байтақ Қазақстанды шарлап, гастрольге шығамыз. Ол өңiрлерде де бiздiң сүйiктi көрермендерiмiз бар. Олар бiздi iздейдi, шақырады. «Тамашаның» тамаша болуына көп еңбек сiңiрiп жүрген бiр адам бар. Ол ылғи да жұртшылықтың назарынан тыс қалып қойып жүредi. Оның аты-жөнiн айтып, таныстыра кетсем – Лұқпан Есенов. Ол, мiне ширек ғасырдан астам уақыт бойы бiр бағдарламаның құнын түсiрмей алып келедi. Бұл – кез келген режиссердiң маңдайына жазылмаған бақ.

Сiз өзiңiз сахналық қойылым жазып көрдiңiз бе?

– Атай көрмеңiз. Бiрақ кей кездерi авторларға тақырып тауып, ой тастап тұратынымыз бар ендi.

Басқа қала, басқа өңiрдi айтпай-ақ қоялық, осы бiр Алматының өзiнде жарыс көрiгiн қыздырып, сiздерге бəсеке болып келе жатқан сын-сықақ театрлары көп. Солармен байланысыңыз қалай?

– Өте жақсы. Бiз оларды бəсекелес деп танымаймыз. Қайта оларды ниеттес, тiлектес, рухтас əрiптес ретiнде қолдаймыз. Олардың жетiстiктерiне қызығамыз, қызғанбаймыз.

Ал олардың актерлiк шеберлiктерiне көңiлiңiз тола ма?

– Əрине, толады. Мейлi қай театрды алмаңыз, ондағы актерлердің бəрi «сен тұр, мен атайындар». Егер олардың аттарын атасаң, Мұхамеджан, Ұлан, Асқар, Жанатбек, Гүлжан, Əбунасыр, Алмат деп тiзiмдi соза беруге болады. Бұл – аты аталмағандар – нашар актерлер деген сөз емес. Əйтеуiр бəрi де өнер деп жүр ғой. Сол өнерлерiн тастамаса екен.

Дəл қазiр «Тамашаға» қандай ауыртпалық түсiп тұр. Оның одан əрi дамуына не қолбайлау болып тұр деп ойлайсыз?

– Ең бiрiншiден, бiзге авторлар жетiспейдi. Екiншiден, осы уақытқа дейiн жеке ғимаратымыз жоқ. Үшiншiден, осы бiздiң актерлердi Үкiмет тарапынан қолдап-қуаттаса екен. Кейбiреулер: «Атақ-даңқ керек емес» деп жатады ғой. Мен оларға сенбеймiн. Əртiс болған соң соған сай атақтың да, даңқтың да болғаны жақсы. Еңбектiң жанғаны, бағаланғаны дұрыс қой. Осы «Тамашаға» жиырма жылға жуық уақыт бойы еңбек сiңiрiп келемiн. Сол еңбек бағалануы қажет емес пе?! Актерлердiң iшiнде мен ғана штатта бармын. Сосын «Тамашадан» басқа жерде iстемеймiн. Соған қарамастан əлi күнге дейiн ешқандай марапат көрмеппiн. Ең болмаса, маған үй берсе болады ғой. Мысалы, бiздiң актерлердiң бəрi осы «Тамашадан» немесе театрдан үй алған. Маған неге алмасқа? Неге атақ-даңққа бөленбеске?!

– «Бауыржан-шоудағы» Қарагөз Сiздiң туған сiңлiңiз болады. Сосын тағы бiр сiңлiңiздi əртiс деп естимiз. Бiрақ оны сахнадан көре алмай жүрмiз.

– Бiз көп балалы отбасында туып өстiк. Екi сiңлiмнiң өнерпаз екенi де рас. Қарагөз бен Ботагөз екеуi егiз. Қарагөз өнердегi жолын тауып кетсе, ал Ботагөз өмiрдегi жолын тапты. Ол тұрмыс құрған. Қазiр ол үйде баламен отыр. Əйтпесе ол да Т.Жүргенов атындағы өнер институтының музыкалық комедия факультетiн бiтiрген.

Өнер дарыған отбасынан шыққан екенсiз. Ағамыздың да елге көрсетер бiр өнерi бар шығар.

– Жоқ. Ол өнер саласының адамы емес. Мамандығы, тiптi бөлек. Бiрақ өнердi жақсы түсiнедi. Соның арқасында сахнада еркелеп жүрiп жатырмыз.

Əңгімеңізге рақмет. 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2005 жыл

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға