Геосаяси жағдайларға қарасақ, ҚХА-ның рөлі өте маңызды - Бауыржан Баглай

24 сәуірде Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІV мерекелік сессиясы өтті. Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген сессияның өзектілігі мен маңызы туралы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, дипломатия институтының бас сарапшысы Бауыржан Баглай айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл — еліміз үшін ерекше маңызы бар тарихи белес. Ассамблеяның басты мақсаты — Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениеті мен тілін сақтап, дамытуға жағдай жасау, халықтар достығын нығайту және ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету. 30 жыл ішінде бұл ұйым этносаралық татулықты сақтауда, азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда, мемлекеттік саясатты қолдауда маңызды рөл атқарды.
Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайларға қарап отырсақ ҚХА-ның рөлі өте маңызды. Себебі, қазақ халқының топтастырушы рөлін айқындай отырып, еліміздегі патриотизмді, этностар арасындағы азаматтық бірегейлікке негізделген рухани дамуға үлес қосу, жалпы қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтуда функционалды түрде жағдай жасауда. Сондай-ақ, жастар арасында да өте белсенді жұмыс атқарылуда. Жалпы ҚХА ғылыми-сарапшылық ортада болсын, азаматтық бірегейлік, этносаралық бірегейлік болсын, әлеуметтанудағы зерттеулерді нығайтуда да өзінің үлесін қоса алатындай қалыптсақан институт. Яғни, өзінің айқын міндеті мен бағыт-бағдары бар институт, – деді Бауыржан Баглай.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV-сессиясы қандай маңызды мәселелерді қамтып отыр?
Бұл жердегі негізгі мәселенің бірі мына құбылмалы әлемдегі ішкі бірлікті нығайту. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткендей Ассамблеяның өңірлердегі қызметін жандандыру да негізгі мәселе. Елімізде этнос топтары шоғырлана орналасқан аймақтар бар. Сол өңірлерде Ассамблея қызметінің белсенділігін арттыру арқылы азаматтық бірегейлікке бағыттау маңызды жұмыс. Қазіргі бейбіт өмір, этносаралық бірлігімізді, қоғамдық келісімімізді нығайту үшін не істелуі керек? Ол үшін жалған ақпараттармен күрес жүргізген жөн. Бүгінде жасанды технологиялардың дамуы шындыққа жанаспайтын фейк ақпараттардың көптем таралуына да себепші болып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде арнайы мақсатта қоғам арасындағы алауыздықты тудырып, бірлікке сызат түсіруді көздейтіндер де бар. Міне солармен заң аясына сәйкес күрес жүргізу мәселесі де қамтылған. Ассамблея сессиясында қаралатын тағы бір мәселе – тіл. Қазақ тілі барлық Қазақстан халқына ортақ тіл. Біз оны біріктіруші құрал ретінде қарастыруымыз керек, – деді бас сарапшы.
Биылғы сессияның ерекшелігі неде?
Жиынға 1600-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Парламент Мәжілісінің депутаттары, барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары бар. Сессияны ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, өз сөзінде Ассамблеяның елдегі тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы рөлін атап өтті және оның 30 жылдық тарихын Қазақстанның тәуелсіздік жылнамасының ажырамас бөлігі ретінде сипаттады.
Биылғы сессияның ерекшелігі 30 жылдық мерейтоймен тұспа-тұс келуі. 30 жыл деген аз уақыт емес. ҚХА тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында қоғамды ұйытып, бірлікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарған институт. Сондай-ақ, сессияда қоғамдағы өзекті мәселелерге де тоқталдық. Осы тұрғыда Ассамблеяның істеп жатқан жұмыстарына баға беріліп, алдағы бағыттары да таныстырылды. Сессия барысында ел президенті Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғаммен бірге етене аралас екенін атап айтты. Сонымен қатар, сессияда шетелдегі қазақтар туралы және Қазақстаннан қоныс аударған өзге ұлт өкілдері туралы да сөз қозғалды. Яғни, біздің елден өздерінің тарихи отанына көшкен азаматтармен жақсы байланыс орнату. Бұл жерде тек гуманитарлық емес эконоимкалық, инвестициялық байланыстарды нығайту мәселесі күн тәртібінде тұрды. Сол азаматтар Қазақстан мен өз елінің арасындағы көпір болады деген сенім бар, – деді Бауыржан Баглай.
Ассамблеяның жұмысы соңғы жылдары қалай өзгерді?
Бас сарапшы ассамблеяның соңғы жылдардағы жұмысындағы ерекшеліктерді де атап өтті.
Соңғы жылдардағы көзге айқын түскені – Ассамблея жастарының белсенділігі. 2021 жылы мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Бұл жер елдің қамын ойлайтын белсенді жастарды біріктірді десек болады. Мысал ретінде, былтырғы елде болған су тасқынымен күрес кезінде және оның салдарын жоюдағы Ассамблея жастарының атқарған ерікті қызметін атап өтсек болады. Еріктілердің гуманитарлық көмек жинауда, жергілікті азаматтар мен құтқарушыларға қол ұшын созуда азаматтық белсенділігі қатты байқалды. Сонымен қатар Ассамблея жастарының өз ішінде ғана емес, шетелдік жастар мәселесін көтеретін ұйымдармен де байланысы бар. Яғни халықаралық байланыс нығайып келеді. Тағы бір атап өтетіні, Ассамблея құрамындағы «Жас ғалымдар» клубы. Бұл этносаралық қарым-қатынас, әлеуметтік бағытта, бірегейлік мәселесінде, Ассамблеяның тақырыбына ұштас тақырыптарда жас ғалымдар мен сарапшыларды біріктіретін клуб. Бұл жерде бірлік пен келісім бойынша шетелде және біздің елде қандай зерттеулер жасалып, қандай мәселелер талқыға түсіп жатыр, оны шешудің қандай тетіктері бар деген мәселелер ортаға түседі. Жас буын аталған тақырыптарға тың әрі заманауи көзқараспен қарай алады. Ал бұл келісім мен бейбітшіліктің нығаюына жаңа леп беретіні айдан анық, – дейді Бауыржан Баглай.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы маңызды рөлін тағы бір мәрте көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен тапсырмалары Ассамблеяның болашақтағы жұмысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. 1995 жылы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде елдегі 124 этносты біріктіретін маңызды институтқа айналды. Биыл Ассамблея 30 жылдық мерейтойы аясында 150-ден астам ірі іс-шара өткізуді жоспарлаған.
