Жаңалықтар

Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы жартылай финалға шықты

Ширек финалда біздің спортшыларымыз азулы Италия құрамасын 5:2 есебімен ойсырата жеңді.
10.02.2016 10:47 3508

Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан Еуропа чемпинатында Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты. Ширек финалда біздің спортшыларымыз азулы Италия құрамасын 5:2 есебімен ойсырата жеңді.


Ойын басталысымен Қазақстан құрамасы шабуылдап, италияндықтардың қорғанысын қыспаққа алды. Нәтиже көп күттірген жоқ. Алғаш болып Лео есеп ашты.
Еуропаның ең үздік құрамасы болып есептелетін италияндықтар мұндай тегеурінді мүлдем күтпеген болатын. Леоның жойқын соққысыннан кейін Серік Жаманқұлов допты қақпаға кіргізді. Алғашқы таймда италияндықтардың сапында қақпашы Стефано Маммарелло ғана ойнап жатқандай әсер қалдырды.

Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы жартылай финалға шықты  Екінші тайм басталысымен италияндықтар есепті қысқартты. Ойын басында сөзсіз фоворит саналған футболшыларды жанкүйерлері «өздеріне келіп, ойын тізгінін өз қолдарына алады», - деп ойлаған болатын. Алайда біздің құрама мұндай жағдайға да дайын болып шықты. Қарсыластарының қорғаныста жіберген қателігін ұтымды пайдаланған Шыңғыс Есенаманов әдемі дриблингімен үшінші голды кіргізді. Чемпионат басында Ресей мен Хорватиға қарсы өздерінің бар шеберліктерін көрсете алмаған біздің құрама бұл жолы толық бабында екенін дәлелдеді. Кездесу 5-2 есебімен аяқталды. 

Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы жартылай финалға шықты

Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Какау: Мені барлығы «жай ғана жолы болғыш адам» дейді. Алайда мен мұнымен келіспеймін. Біз бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Менімен бірге спортшыларды физикалық тұрғыда дайындайтын, тек қана қақпашымен жұмыс жасайтын жаттықтырушылар бар. Бүгінгі ойын сол еңбегіміздің жемісі деп есептеймін. Италияндықтар Еуропа чемпионы бола тұра, бізге қарсы тұра алмады. Өйткені, біз жеңіске деген сенімді жоғалтпадық. Ойыншылар мұндай қиын кездесуден кейін қатты шаршағаны рас. Бірақ, келесі кездесу бұдан да қиынырақ болмақ.

Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы жартылай финалға шықты
Италия құрамасының бас бапкері Роберто Меникелли: Біріншіден, Қазақстан құрамасын жеңістерімен құттықтағым келеді. Олар бүгін бізден қарағанда жақсырақ өнер көрсетті. Өкінішке қарай, біз бұған дейінгі кездесулердегідей ойнай алмадық. Оның үсіне қарсыласымыз бізге қарағанда екі күн артық демалды. Мен өз ойыншыларыма алғыс айтамын. Олар қолдарынан келгеннің бәрін істеді.

Қазақстан Ұлттық құрамасының келесі қарсыласы Испания құрамасы. Өкінішке қарай, біздің қақпашы Игита бұл ойында өнер көрсете алмайды. Себеп: Италиямен болған ойындағы екінші сары қағаз. Футбол тарихында Қазақстан Ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының жартылай финалына алғаш рет шыққанын айта кеткен жөн.  


Рүстем ӘЛПИ 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға