Футуролог Даниел Белл туралы не білеміз?
Даниел БЕЛЛ (1919–2011) – атақты американдық саясаттанушы, әлеуметтанушы, Гарвард университетінің профессоры, постиндустриалды қоғам және деидеологизация концепциялары авторларының бірі, футуролог.
Ол өзін «экономикадағы социалист, саясаттағы либерал және мәдениеттегі консерватор» ретінде сипаттаған.
Даниел Белл поляк-еврей иммигранттары Бенджамин Болоцкий мен оның жары Энн Капланның ұлы. Оның алғашқы тілі идиш болатын. Әкесі Даниел 8 айлық кезінде қайтыс болған. Ол анасымен және үлкен ағасымен бірге кедейлікте өсті. Даниел 13 жасқа толғанда отбасының тегі Белл болып өзгертілді.
Болашақ әлеуметтанушы 1938 жылы Нью-Йорктегі Қалалық колледждің бакалавры атанып, одан кейін бір жыл Колумбия университетінде білім алды.
1940–1950 жылдары журналист және редактор болып қызмет атқарды.
1959–1969 жылдары Колумбия университетінде әлеуметтану пәнінен сабақ берді.
1960 жылы Колумбия Университетінде философия докторы атағын алып, 1969–1990 жылдары Гарвард университетінде әлеуметтану пәнінен сабақ берді. 1999 жылы Алексис де Токвильдің гуманизм үшін берілетін премиясын алды.
Даниелдің әлеуметтік өзгеріске арналған «Идеологияның ақыры» атты еңбегі (1960), де-идеологизация концепциясын негіздеген алғашқы ғылыми жұмыс болды. 1959 жылы Зальцбургтегі семинарында социумды сипаттау үшін «постиндустриалды қоғам» терминін алғаш рет қолданды. Онда индустриалды қоғам өз рөлін жоғалтып, негізгі өндіруші күш ғылым болып саналады (мұндай қоғамның потенциалы ондағы ақпарат пен білім арқылы өлшенеді). Неолиберализмнің мойындалған теоретигі атана отырып, ол 1964 жылы Америка өнер және ғылым академиясы негізіндегі «2000 жыл Комиссиясын» басқарды, «2000 жылды қарсы ала отырып» деп аталатын кітабын (1968) шығарды.
ХХ ғасырдың 60-жылдарының ортасынан бастап, Беллдің ғылыми жұмыстарының негізгі тақырыбы постиндустриалды қоғамды құру болды. 1973 жылы шыққан «Келешек постиндустриалды қоғам» еңбегінде ол, концепция қайнар көздерінен бастап жаңа қоғамның пайда болуына ықпал ететін саяси және мәдени процестерге дейінгі постиндустриалды қоғам мәселесін жан-жақты қарастырды. Бұл еңбек үлкен жетістік алып келді, Белл құрастырған постиндустриалды қоғам концепциясы ХХ ғаасырдың әлеуметтану теориясындағы ең танымал және ең көп қолданылатын тұжырымға айналды. 70-жылдары Белл неоконсерватизм жағына өтті, қоғамның әлеуметтік құрылымында, саясат пен мәдениет саласында болып жатқан процестерді қарастыруға көшті. Осыған байланысты: «Капитализмнің мәдени қайшылықтары» (1976), «Ирелең жол: әлеуметтанулық эссе және іздеулер. 1960-1980 ж.» (1980) еңбектері, сондай-ақ «Киелінің оралуы? Дін болашағын жақтайтын аргумент» (1980) атты діни кітабы жарық көрді.
Дархан Өмірбек