Футболдан жастар құрамасының бас бапкері тағайындалды

Қазақстандық маман Константин Горовенко 21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, Константин Горовенко футболшы кезінде «Қайрат», «Қайнар», «Жеңіс», «Алма-Ата», «Сұңқар», «Мегаспорт» сынды клубтарда ойнаған. 2000-2001 жылдары Қазақстан құрамасының намысын қорғап, 6 кездесу өткізіп, 3 гол соққан.
Бапкерлік мансабын «Сұңқар» футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі болып бастады. Ол сондай-ақ «Қайрат» ФК жастар командаларында жұмыс істеді. 2017 жылы дебюттік маусымда алматылық клубтың фарм-командасын Қазақстан Бірінші лигасының қола жүлдесіне алып келді.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары биыл 864 медаль жеңіп алды
- 2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
2018-2020 жылдары «Жетісу» ФК екінші командасын жаттықтырған. Ал 2020 жылы Қарағандының «Шахтерын» баптады. Сол маусымда Константин Горовенконың жетекшілігімен кеншілер Премьер-лигада төртінші орын алып, еурокубок жолдамасын жеңіп алды.
2021 жылы «Мақтаарал» ФК бас бапкері болып тағайындалды. Команда Бірінші лиганың күміс жүлдегері атанып, Премьер-лигаға жолдама алды. Ол сонымен қатар «Атырау» және «Каспий» клубтарын жаттықтырған.
Айта кетейік, Константин Горовенкоға Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Елдос Ахметов көмектеседі. Толық жаттықтырушылар штабы кейінірек жасақталады.
