Жаңалықтар

Футболдан Қазақстан кубогының финалы Алматыда өтеді

Футболдан Қазақстан кубогының финалы Алматыда өтеді
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 17.08.2024 15:11 568

Алматы қаласы 15-ші мәрте Қазақстан кубогының финалын қабылдайды. Араға 8 жыл салып, Орталық стадионда чемпион анықталады. «Атырау» мен «Ақтөбе» арасындағы тартысты ойын 29 қыркүйек күні кешкі 17:00-де өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан футбол лигасының мәліметінше, 32-ші кубок бәсекесіне Премьер-лиганың 13 клубы және Бірінші лига мен Екінші лиганың 19 клубы қатысып, 11 наурызда жарысты бастаған.

«Атырау» алғашқы финалист болып, дода барысында астаналық SD Family (6:0), алматылық «Қайрат» (3:1) және былтырғы чемпион «Тобыл» (4:1, қос ойынның қорытындысы) ұжымынан басым түсті. Араға 5 жыл салып, Виталий Жуковскийдің шәкірттері шешуші ойында қайта кубокқа таласады. Бұл «мұнайшылардың» тарихындағы 5-ші финал және тек 2009 жылы ғана топ жарған. 

«Атыраудың» финалдағы қарсыласы - «Ақтөбе». 5 дүркін Қазақстан чемпионы жарыс жолында талдықорғандық «Жетісу» (1:0), шымкенттік «Ордабасы» (1:2), семейлік «Елімайды» (3:2, қос матчтың қорытындысы) жолдан шығарды. «Қызыл-ақтар» үшін бұл финалдағы төртінші матчы болмақ. Алайда ақтөбеліктер тек сонау 2008 жылы ғана жеңімпаз атанған. Ал финалда бірінші мәрте «батыстық дерби» тіркелмек. 

Айта кетейік, Алматы қаласындағы Орталық стадионның сыйымдылығы 23 804 адамды құрайды.

Қазақстан кубогының финалистеріне қаржылай сыйақы беріледі, ал жеңімпаз 2025 жылғы Қазақстан суперкубогы мен еурокубоктық бәсекенің іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік алады. Финалдық матчтың тікелей эфирі Qazsport телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көрсету жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға